Жақында қазақ шекарашылары Қытайдан Қазақстанға Дубай арқылы ұшып келген Риза Ақанды Дубайға кері қайтарған еді.
Риза ҚР СІМ Үрімжі қаласындағы консулдан С10 визасын алып, атажұртына жету үшін Гонконг, Малаизия, Дубай елдерін басып келген болатын.
Ризаның бірге туған апайы ҚР азаматы, Алматыда тұрады екен. Бұған Алматыдағы құзырлы органдар араласып, Риза Ақанның Қазақстан шекарасынан өтуіне ықпал етіп еді.
13 желтоқсан күні өзінің Facebook әлеуметтік желі парақшасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ардагері Ботагөз Уатқан ҚР азаматтарының шет елдерде тұратын туыстарын елге шақыруына болатынын айтып пост жазған еді. «АСЫҒЫҢЫЗДАР, АҒАЙЫН!» деп аталған постта автор «Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елдерде тұратын этникалық қазақтар арасынан туыстарын елге шақыруына мүмкіндігі бар. Бұл шара биылғы желтоқсан айының соңына дейін өтеді. Сондықтан отбасы мүшелері мен туысқандарыңыздың атажұртта қоныстануы үшін шақыру жасатуға асығыңыздар, ағайын!» деп жазады.
Сондай-ақ, ол «ҚХР-дан келушілер тек Бейжің арқылы ұшаққа билет алып елге жете алатынын алдын ала ескертемін!», дегенді шегелейді. Автор мәтін соңында құжат өткізетін мекеменің мекен-жайы мен байланыс номерлерін қоса береді.
Мінбер.кз тілшілері Ботагөз Уатқан ханымға хабарласып, бұл мүмкіндік туралы толық айтып беруін сұрады.
– Ботагөз ханым, пандемия кезінде шетелде тұратын туыстарын елге шақыруға болатынын айтқан мәліметіңіз біраз адамды қуантқан болар… Анықтап айтасыз ба, мұндай мүмкіндік қай кезде қолға алыныпты?
– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы (бұдан былай – Қауымдастық) мемлекеттік ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Сондай бір іскерлік шарада «Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Көші-қон бөлімінің бастығы Галиева Күлпарам Темешовнамен сөйлесіп отырғанымда осы мәселе қозғалды. Дубайдан келе алмай жатқан азаматтардың жағдайын айтып, мына кедергілерді қалай жоямыз дегенде: Біз арқылы шақыру жасатып, сонымен виза алады», – деді.
Сіздер нені негізге аласыздар дегенімде: «Халықтың көші-қон туралы» 2011 ж 22 шілде күнгі Заңның 15 бабы, 13-1 тармақшасына сәйкес ҚР азаматтарының шетелде тұратын этникалық қазақтар арасынан туыстарын ҚР-на отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыруларын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қарайды және куәландырады делінгенін айтты. Пандемия кезінде ұшақ тек Бейжіңнен ғана келіп жатқан себепті сол қаланы ерекше атадым. Бұл уақытша ғана. Карантин аяқталған соң барлығы бұрынғыша жалғасын таппақ.
Бұл тек Алматы қаласы ғана емес Қазақстанның барлық өңірлеріндегі құзыретті мекемелерге міндеттелген. Соны біздің азаматтарымыз жақсы білмейді.
– Бұл заң бірталай жыл бұрын шыққан екен. Демек пандемияға қарамай жүзеге аса бере ме?
– Осы Заңның тармақтарын орындау үшін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 ж 13 қаңтарда №13 бұйрығы шыққан. Бүгінгі жағдайда пандемияның әсерінен карантин кедергі келтіріп отыр. Ал, ҚХР тұратын қандастарымыз визасын алған соң Қазақстанға жету үшін Гонгонгқа, одан Малайзияға, одан Дубай арқылы елге оралып жатыр. Мұнда да кедергілерге тап болуда.
– Ол қандай кедергі?
– Негізі туыстар санатына этникалық қазақтар мен азаматтығы жоқ адамдар да жатады әрі шақыртқан азамат тек әке-шешесі болуы керек деген сөз жоқ. Ал біздің шекарашылар шақырту берген немесе шақыртылған адамдар тек ата-анасы болуы керек деген қате байламға сүйенеді. Өткенде Қазақстан азаматы Алусия Ақан сіңлісі ҚХР азаматы Риза Ақанды шақырған. ҚХР-дан Қазақстанға тікелей келуге мүмкіндік болмауына байланысты Риза Үрімжіден Гонгонгқа одан Малайзияға ары қарай Дубайға жетіп, Дубайдан Алматыға ұшып келген кезде шақырушы адам өз ата-анасының бірі емес әрі ҚХР мен ҚР арасында карантинге қатысты шектеулер болуына орай Алматыға кіруге рұқсат жоқ деп қайтарған. Сол сияқты Құмат Ұлар деген жігітті Дубайда Эйр Астана қызметкерлері тағы жібермей ұстап отырып, Қауымдастық араласқан соң Алматыға жіберді. Мұнда кілтипан шекара мен әуе компаниясы қызметкерлерінің шеттегі қазақтар туыстарының шақыртуымен келе алады деген бұйрықты орындамауынан болып жатыр.
Өткенде Алматы қалалық әуежайының шекарашылар бөліміне барып, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі консулдығы виза беріп тұрса сол визаны мойындамай сіздер қайтарып жатқандарыңыз қалай деп айтып ем, ол виза дәлел емес дейді. Сонда мен таңғалдым, біздің әуежайдағы шекара бөлімінің мамандары ҚР сыртқы істер министрлігінің визасын менсінбей ме? Әлде заңды білмей ме? Оны айыра алмадым.
– Мұндай шақырту болмаған кезде шеттегі азаматтарымыз елге қалай келіп еді?
– Ең алғаш 1992 жылы осындай шақыру жоқ кезде біз Қытайдағы қазақтарды Моңғолиядағы қазақтар арқылы шақыратынбыз. Ал, Ауғанстандағы қазақтарды Қауымдастықтан Достым генералдың атына хат жолдап, Ресей Елшіліктері арқылы виза жасатып алдыратынбыз. Одан кейін заң шығып, мәселе өз ретіне келді. Сосын 1991 жылғы 791 қаулының арқасында өте көп жеңілдік болды. Сол қаулының негізінде көші-қон полициясындағы қызметкерлер шетелден келген қазақтардың кез келген мәселесін шешіп беретін. Қазір қит етсе сотқа жіберіп, қит етсе айыппұл салады. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, реттеу керек деп ойлаймын.
Біраз жыл болды шеттен келген қазақтар азаматтық алу үшін өзінің қазақ екенін дәлелдеу керек деген талап қосылды. Моңғолиядағы қазақтардың жеке куәлігінде олардың руы көрсетіледі, Өзбекстандағы қазақтардың төлқұжаттарында қазақ деп жазылады. Алғашқы жылдары ҚХР азаматтарының Қазақстан азаматтығын алуы өте оңай еді. Өйткені олардың шетел төлқұжаттарында «барған елдерінде қалып, сол елдің азаматтығын алған күні ҚХР азаматтығы автоматты түрде жойылады» деп көрсетілген. ҚХР елшілігі өз заңдарын алға тартып, «Сіздердің азаматтықтарыңызды алған күні біздің азаматтықтан автоматты түрде шығады» деп анықтамаларын берсе де Қазақстан тарапынан кедергі көп. Себебі, ҚР азаматтығын алу үшін өзі келген елінің азаматтығынан шыққан болуы керек деп Азаматтық туралы Заңымызда көрсетілген. Міне, осы қайшылық қарапайым халықтың жүйкесін тоздырып, ұзақ жылдар бойы ҚР азаматтығын алуына тосқауыл болуда.
Ең қиыны Ауғанстан, Иран, Түркиядан келетін ағайындардың жағдайы. Ол елдегі азаматтардың қазақ екенін дәлелдеуді сондағы қазақ қоғамдары арқылы анықтауды біз ұсынған едік. Егер қазақ емес адамға қазақ деп беретін болса жауапқа тартылады. Ал анықтаманы сондағы елшілік беруі тиіс, олар анықтама беруге заңдық негіз жоқ деп бере бермейді.
Осы мәселе бойынша Түркиядағы елшілікке ресми хат жолдадық, кіші құрылтайда кезіккенде елшілердің өздеріне бірнеше рет айттық. Бірақ нәтиже жоқ, елге келген азаматтар қазақ екенін дәлелдей алмай қиналып жүр.
– Постыңызда ағайынға асығыңыздар деп жазыпсыз, сонда бұлай шақырту жіберу осы жылы аяқтала ма?
– Мен пост жазған кезде әдейі «Асығыңыздар, ағайын!» деп көрсеттім. Өйткені біздің ағайын постқа тақырыпты айғайлатып қоймаса оқымайды, оның үстіне көп жайтты түсінбей бір сұрақты қайта-қайта қояды. Бұл шақырту осы жылмен тоқтап қалмайды, келесі жылы да жалғасады.
Пандемия болмай тұрғанда 2019 жылы Алматы қаласының көші-қон бөлімі мың адамға шақыру жіберген. Сонда жоғарыдағы айтылған мәселелердің көбі шекара қызметкерлерінің заңды білмейтінінен, жауапсыздығынан туып жатқанға саяды.
Алыс-жақындағы ағайындармен жан-жақты байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуына кең жол ашу Қазақстанның өзі үшін де өте керек. Яғни, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы шетелдегі қазақ диаспорасына да тікелей қатысты. Бір сөзбен айтқанда, қазақ диаспорасымен тығыз байланыс жасап, олардың атажұртқа көптеп оралуына кең жол ашу Қазақстан үшін әрқашан да аса маңызды. Бұл құжат осы маңызды істі жүзеге асыру үшін жасалған ғой, алайда, оны көп адам білмей, біліп шақырту жібергендер түрлі инстанциялардан өте алмай елге келе алмай отыр.
– Айтқан мәліметтеріңізге рахмет!
* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.
Парақшамызға жазылыңыз