//

Молдияр Ергебеков, медиазерттеуші: Олейниковтың мемлекеттік “Хабар” арнасында жұмыс істейтін құқы да, абыройы да қалмады

3012 рет қаралды
Өткен аптада мемлекеттік “Хабар” телеарнасында «Большая неделя» атты пікірталас бағдарламасы Ермұхамед Ертісбаев, Айдар Әмребаев (саяси аналитик), Никита Шаталов (саяси шолушы), Марат Башимов (халықаралық құқықшы) және Максим Шевченконы (Ресейлік саясатшы) қонақ етті. Бағдарламаның жүргізушілері: Азиза Шужеева және Дмитрий Олейников.
Бұл бағдарламаның сол күнгі тақырыбы Ресей Думасының Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Ресейдің ұлттық арнасында Қазақстанның территориялық тұтастығына көз тіккен сөздері мен Ресей Думасының экс-депутаты, Ресейдің мемлекеттік кеңесшісі Евгений Федоровтың Никоновты жақтап, Қазақстан территориясының Ресейдікі екенін алға тартқан мәлімдемелері және Жириновскийдің бұл мәселе жайындағы көзқарастары жайында болды.
Бағдарлама әуел бастан-ақ Ресей мемлекетінің саяси аренасында жылдар бойы актор болған осынау жоғары дәрежедегі мемлекеттік қызметкерлерін қарапайым адам ретінде көрсетуге ұмтылды. Бұл жайында әр түрлі контексте 6-7 рет айтылды.
Осылайша бағдарламаның және әсіресе бағдарлама жүргізушісі Дмитрий Олейниковтың әуел бастан бір тарапты екенін және «бұл сөздерді қолында билігі жоқ қарапайым адамдар айтты, Кремлдің немесе Ресей билігінің бұған еш қатысы жоқ» деген идеяны жақтайтынын көруге болады. Бағдарламаның наррациясы осы идеяны центрге алып құрылды.
(Осы тұста  екінші жүргізуші Азиза Шужееваның бағдарламаның тек қана басталуы мен аяқталуында сөз сөйлегенін, сондықтан да жәй ғана сән, «бар ма бар» болудың объектісі болғанын айта кеткен жөн. Бағдарламаны бастан аяқ Олейников жүргізді).
Иә бағдарламаның наррациясы, яғни баяндалу жолы жоғарыда да айтып өткеніміздей «Никонов пен Федоров ешкім емес, Кремль біздің досымыз» деген идеяның төңірегінде өрбітілуге бағытталды. Мысалы, Олейников мұндай сөздердің біздің саясатшылар тарапынан да айтылып жүргенін алға тартып, бұған мысал ретінде Қазақстанның бұрынғы депутатының Франция президентіне айтқан былапыт сөздерінің де бар екенін көрсете келіп, «кез келген адамның сөзіне құлақ асуға бола ма?» деді. (Бұл жерде басқа бір елдің президентіне былапыт сөз айту мен басқа бір елдің тарихи болмысын жоқ етуге тырысу арасында үлкен айырмашылық бар. Біреуінде тікелей бір адамға бағытталған былапыт сөз болса, екіншіне бүкіл бір халық бар. Мұның ішінде әрине халықты жоққа шығаратын санайтын сана даулы. Өйткені бір адамды ұнатпауың мүмкін, ал бір халықты ұнатпау — нацизм.”
РЕСЕЙ ДУМАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ Никоновты қолында билігі жоқ қарапайым адам ретінде көрсетуге тырысып бақты. Оған қарсы Путиннің 16 желтоқсандағы құттықтау сөзіндегі Қазақстанға бағытталған бір топ мадақ сөздің құзыретінің бар екенін түсіндіруге тырысты.
Бұл жайында әрине өзі айтқан жоқ. Бұл жайында айтқан Ертісбаевты еш сөзін бөлместен тыңдады / айтқызды. Ал дәл сол Путиннің басқа бір жерде көрші елдердің бірлігі, тәуелсіздігі мен тұтастығына қауіп төндіріп айтқан үркітерлік сөздері мен Никоновтың сөзінің астасып жатқанын алға тартқан Максим Шевченконың сөзін Олейников бірнеше рет бөліп жіберді. Никоновтың сөзіне неліктен осы контексте (яғни Кремльдің көзқарасы деп қарайтынын) қарайтынын сұрады. Сонымен қатар қай мемлекет жайында айтып отырғанын да сұрады. Шевченконың жауабын күтпестен, Путиннің сөзін контексінен ажыратып, бұрмалап жатқанын айтып, Шевченконы кінәлады.
«Никоновтың Қазақстан мен Ресейді жанжалдастырғысы келе ме? Оны қалайша жасайын деп жатыр екен?» деп мысқылдай күлді… (Никоновтың пиғылы басқа болса өзің айтшы Олейников? Біле жүрейік).
Ертісбаев Ресейдің барлық көршісімен проблемасының барын айтып, мұның нәтижесінде Ресейдің аймақтағы ең сенімді серіктесі Қазақстанға «сендер де өзге көршілеріміз сияқты боп кетпеңдер» деген ойы екенін айтып жатқан кезінде, «бәлкім біз солай түсінетін шығармыз» деп мағынаны басқа жаққа бұруға ұмтылды.
«Никоновтың сөзіне кім құлақ асты?» деп сұрады Олейников. (Құлақ аспасаң бұл бағдарламаны не үшін жасап отырсың?)
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейге нота жіберді. Бұл сонда Олейниковтың көзқарасы бойынша бос әуре ме? Бағдарламада бұл сұрақты келген қонақтардың біреуі Олейниковке қойды. «Болған іс болды» деген мағынаға келетін жауап берді.
Никоновтың айтқан сөздеріне қоғам ашулы дегенге тек қана Қазақстанда тұратын еуропалық азаматтардан алынған көше сұхбатын берді. Бұл сұхбатта Ресейлік депуттардың айтқан сөзіне құлақ аспайтынын алға тартқан адамдардың ғана көзқарастары берілді. Ал этникалық қазақтардан неліктен алынбаған сұхбат? Өзбектерден, татарлардан? Олар не, бұл елдің азаматтары емес пе?
Шекара проблемалары айтылған кезде де спикердің сөзін бөліп жіберді.
Максим Шевченконың заманауи Ресейдің империалист көзқарасына деген сынын бөліп жіберді де «иә кім көрінгеннің сөзіне құлақ аспауымыз керек» деді. Ресейлік қонақ «мен Никоновты кім көрінген деп айта алмаймын» деген сөзіне «Мен Никонов жайында айтып тұрған жоқпын» деп жауап берлі. (Олейников, жасап жатқан бағдарламаң Никоновтың айтқан сөзі жайында. Адекватсың ба?).
Максим Шевченко, Никоновтікі жәй ғана сөз емес, империалист ой екенін алға тартты.
Осы тұста Ертісбаевқа сөз берілді және жоғарыда да айтып өткенімдей Ертісбаевтың көзқарасы бойынша Никонов та, Жириновский де Кремлдің саясатына ықпал ететін адамдар емес.
Олейников Ертісбаевтың сөзін бөлген жоқ. Өйткені Ертісбаев бұл екеуінің және Жириновскийдің Ресей билігінің саясат жасаушылары емес екенін алға тартты. Алайда Ертісбаев Ресейдің қазіргі кезде қиын жағдайда отырғанын, саяси серіктестерінен бірте-бірте айырылып қалып жатқанын айта бастағанда Олейников сөзге араласып, «кейбір адамдар шыдай алмауда», «жәй азаматтар ретінде айтуда» деді. (яғни Олейниковтың көзқарасы бойынша Никонов шыдай алмаған адам. Кімге, неге шыдай алмады? Соғысшыл, империалист көзқарастағы адамның көзқарасын осылай «шыдай алмау» сөзі арқылы легитимдеудің мәні не?).
Бағдарламаның қонағы, саяси шолушы Никита Шаталов, Максим Шевченконың сөзіне қосылам деген сәттен бастап Олейников сөзге араласып Шаталовтың ойын толыққанды жеткізуіне мұрсат бермеді.
Олейников, Максим Шевченконың Чубайстың «Ресей – либерал империя» деген сөзін интерпретациялауына тағы да кедергі келтіріп, Ертісбаевқа сұрақ қойып, дипломатик жауап алды. Ертісбаев «Максим Шевченокға қосылам. Империалист пиғыл Ресейліктердің днк-сында бар» деген абсурд ойына Олейников «бірақ бұл пиғыл Ресей мемлекетінікі емес» деп жауап берді.
Ертісбаев «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы үшін қандай да бір қауіп жоқ. Ал, Ресейдің өзге ТМД елдерімен қарым-қатынасының хәл-жағдайын Максим Шевченко жақсылап айтып берді» деген кезінде Олейников «Олар өзге елдер ғой, біз Қазақстан мен Ресейді айтуымыз керек» деген сыңайлы сөз айтты. (Сонда не? Барлық көршілерімен соғысып жатқан Ресейдің Қазақстанға да бағытталған соғыс пиғылының бар немесе жоқ екенін қарастырмауымыз керек пе? Бағдарламаң не жайында, Олейников?).
Олейников бағдарламада «Кремль бұл сөздерге байланысты мәлімдеме жасады ма? Никоновтардың сөздеріне қосылмайтынын Ресей билігі алға тартты ма» деген бағыттағы сұрақ қоймады. Бұл сұрақты қойған қонақтың сөзін бөліп жіберді. Айтқызбады.
Бағдарламаның соңында Ресейде болған бір оқиғаға байланысты бейне материал көрсетілді. Бейне материалда – менің ойымша психикалық ауытқулары бар болуы әбден мүмкін – бір әйел қоғамдық көлікке көшедегі скамейканы алып кіруге ұмтылып жатқаны, осы орайда билет сатушымен ұрсып жатқаны көрсетіледі.
Бейне материалдың көрсетілімінен кейін Олейников, «адамдарда көптеген ой-пікір болады. Қанша адам болса, сонша ой болады. Кейбір адамдар альтернатив ойлау қабілеттерімен ерекшеленеді. Олардың пәлен деген, түген деген ойлары болады. Жарайды айта берсін. Бәріне қатал түрде баға берудің қажеті жоқ. Олардың ойлары бар. Айта берсін» деді.
(Сен өзің қалайсың, Дмитрий, адекватсың ба? Альтернатив ой дегенің Никонов, Федоров пен Жириновскийдің Қазақстан жайындағы ойлары ма? Бұл идеяларға альтернатив деп қарай аласың ба?).
Никонов пен Федоровтың айтқан сөздерінің Кремльдің көзқарасы екенін алға тартатын ойларды 3 рет конспирология ретінде бағалады, Олейников.
Никоновтың кешірім сұрағанын 3 рет басып-басып айтты.
Никоновтың төрағаның орынбасары екенін алға тартты. (Ал негізінде Никонов РЕСЕЙ ДУМАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ).
Жалпы бағдарламаның контенті осылай болды.
Бағдарлама барысында Олейников қарапайым журналист этикасын сақтаған жоқ. Келген қонақтарына шабуылдады. Мысқылдап күліп, нервоз әрекеттер жасады. Бәрінен бұрын, елдің Никонов пен Федоровтың көзқарасына деген дұрыс реакциясын конспирология деп бағалап, елеусіз қалдырды. Ал Никонов пен Федоровтың көзқарастарын «альтернатив көзқарас» деп бағалады. Жоғарыда да айтып өткенімдей Олейников біржақты позицияны ұстанды. Никоновтың адвокатына айналды.
Бір көзқарастың “альтернатив” деген ерекшелікке ие болуы үшін бұл көзқарастың жағымды шешімі болуы тиіс. Жағымды деген нәрсе әрине әркімге әрқалай. Империалист ақымақтардың отаршыл соғыс дабылын «альтернатив көзқарас» деп бағалаған Олейниковке не нәрсенің жағымды екені түсінікті.
Олай болса Олейников Қазақстан деп аталатын республиканың мемлекеттік телеарнасында не бітіріп жүр? Елдің бірлігі мен территорияның тұтастығына көз алартқандарды жақтап – Никоновтың кешірім сұрағанын 3 рет айтты – бағдарлама жасай аларлық батылдық онда қайдан жүр? Кім берді бұл батылдықты? Олейниковтың бағдарламадағы қылықтарын сынап шулап жатыр ел. 1 апта болды. Бұл жөнінде Хабар ұлттық агенттігі, Хабар телеарнасының басшылығы неліктен осы кезге дейін бір ауыз мәлімдеме жасамады/жасамайды?
Олейников қарапайым журналист этикасын аяққа таптау арқылы мемлекеттік теле-арнада жұмыс істеу құқынан айрылды деп ойлаймын. Бәлкім біреулер, бәлкім өзі «сөз бостандығы» деп қорғауға/қорғануға ұмтылатын болар. Сөз деген нәрсе адам құқықтарын, елдің құқықтарын аяққа таптағанда бостандыққа ие болудан шығады. Олейников, Ресей Думасының депутаттары мен жоғары дәрежедегі мемлекет қызметкерлерінің Қазақстан халқының бірлігі мен Қазақстан территориясының тұтастығына көз алартқан саяси сөздеріне деген халықтың көзқарасын конспирология деп қорлады. Аяққа таптады. Ресейдің соғысшыл депутаттарын ашық түрде жақтады.
Ендігі жерде дәл осы қорланған халықтың салығы арқылы күн көріп отырған мемлекеттік телеарнада жұмыс істеуге құқы да, абыройы да жоқ.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар