///

Қазақ әйелдері ешқашан үйде отырмаған

3163 рет қаралды

…”Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр»,-деп Мұхтар Әуезов айтпақшы мәдени мұра мен мәдени орталықтар ешқашан құнын түсіріп, маңызын жоғалтпайды. Көңілге жаққан қайсы бір елді аралау үшін  алдымен мәдениет орындары мен жанға жайлы орталықтарына назар аударамыз ғой. Ұнаса, «осы бір тамаша мекенді неге көріп қайтпасқа?!»,- деп арқаланып, көргеннен кейін таңдай қағып жатамыз. Таңдай қақтыратын мәдениет ошақтары, әсіресе адамды рухани тәрбиелейтін, басыңызға түрлі идея тастайтын орындар аз болмаса да көп емес. Дәл қазір сіздермен Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылында орналасқан «Анаға құрмет» музейі жайлы ерекше ақпараттармен бөліскіміз келіп отыр. 12 қызметкер жұмыс жасап отырған, ешбір елде жоқ ерекше музей жайлы журналист, «Анаға құрмет»  музейінің директоры  Тойбаева АРШАГҮЛ СЕРІКҚЫЗЫмен жасаған сұхбатымызды ұсынамыз.      

– «Анаға құрмет» музейі қай жылы, кімнің қолдауымен ашылды?

– 2014 жылы белгілі қоғам қайраткері, Абылай хан атындағы Әлем тілдері және Халықаралық қатынас тілдері университетінің профессоры Шпекбаева Бақыт Жатқанбайқызының идеясымен  ашылды. Бақыт ханымның бала күнгі армандарының бірі аналарға арналған музей немесе орталық ашу болған екен. Кейіннен білім алып, осындай дәрежеге жеткен соң, Елбасымыз жасаған рухани жаңғырудың «Туған жерге туыңды тік» атты бағдарламасы бойынша  Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылына «Анаға құрмет» деген атпен музейді ашты.  Ғаламтор жүйесін ашып қарасаңыз дүниежүзінің өзінде аналарға арналған мемлекеттік музейлер жоқ екен. Тек жеке адамдарға арналған музей бар, ал аналарға арналып арнайы салынған, іші осындай құнды жәдігерлерге толы музей бізде ғана.

– Бұл музейдің басқа музейден ерекшелігі қандай?

– Қазақ халқының тарихында қаншама дана аналарымыз бен батыр қыздарымыз болды. Бұл музей бүгінгі жастарға ықылым заманнан бергі  аналар тарихын тереңінен түсіндіріп, тәлім мен тәрбиені қатар беретін орталық. Тек тарихта қалған аналарымыз ғана емес,  халық тани бермейтін, қарапайым өмір сүріп те артына игі істер қалдырған аналарға арналған музей. Өткен жылы музейіміздің 5 жылдық мерейтойы болды. Мерекемізде «Даланың дана арулары» деген үлкен халықаралық фестиваль ұйымдастырдық. Және осы тақырыпта суретшілер көрмесін өткіздік. Қазақстан суретшілері салған суреттерін музейге сыйға тартты. Музей дегенімізбен де бұл үлкен орталыққа айналды. Музейге келіп тамашалаймын деген халықтан бөлек, біз, конференциялар, семинар сабақтар мен Қарасай ауданындағы 49 мектебінің оқушыларына аналарымыздың жүріп өткен жолын дәріптеп дәріс өткіземіз. Жақында ғана Дина Нұрпейісова мен Мәншүк Мәметованың  Оралдағы, Ақтөбедегі музейлерімен онлайн байланысқа шығып пікір алмастық. Бұл жұмыстың мақсаты жастардың бойына аналарымыздың қасиеттерін сіңіру. Қазақтың қызыны тән болмысты ашу.  Қызметкерлер келген адамдарды қабылдап, экспонаттарды көрсетумен ғана шектелмей ғылыми жұмыспен де айналысады.  Яғни экспонаттардың тарихын зерттейміз. Және «музейге сый» деген жобамыз бойынша кімде қандай құнды жәдігер бар соны музейге алдырып, экпонаттарды толықтырамыз.

– «Даланың дана арулары» халықаралық фестивальінде сурет көрмесінен өзге тағы қандай шаралар өткіздіңіздер?

– Музейдің 5 жылдығында «Даланың дана арулары» атты өзімнің алғашқы кітабым жарық көрді. Фестивальде таныстырылымы өтті. Кітапқа Ұмай анамыздан бастап бүгінгі күнгі дана аналарымыз жайында топтастырдым. Өйткені аналарға арналаған тың дүниелер бар болғанымен кей мәліметтер толық емес. Кітабымызда аналар тарихынан  толыққанды сыр шерттік. Одан бөлек осы Қарасай ауданында «Тұран қыздары» деген қолөнермен айналысатын ханымдардың басын біріктіріп сән үлгісін өткіздік. Сосын аналарға арналған әндермен концерттік бағдарлама ұйымдастырып, қазақ аналарының символы болған «Ана туралы жырды» мың балаға хормен айтқызып, 100 шар ұшырдық. Шетелден ана туралы шығарма жазған ақын-жазушылар келді. Музейге келіп таң-тамаша болып таңғалды. Қазақ халқының анаға деген құрметіне бас иді.   Бұл да біздің үлкен жетістігіміз деп айта аламын. Себебі музейдің осындай жұмыс жасап жатқаны көңіл көншітерлік іс.  Аналарға арнап «Қоянкөз» атты тарихи драма жазып шықтым. Драмамыздың тұсауын Талдықорған қаласында Б.Римова атындағы театрда  кестік. Тынбай еңбек еткеніміздің арқасында «Үздік мекеме» дәрежесін алып, қызметтік көлік жеңіп алдық. Және «Анаға құрмет» музе і музелердің ішінде қазір бірінші орында тұр. Бес жылдығымызға орай «Аналар медальін» шығардық. Ол медальді елге еңбек сіңірген аналар мен балалары еңбек сіңірген аналарға табыстадық. Яғни Мейрамбек Беспаевтың анасына, Мақпал Жүнісоваға, бізге демеуші болатын Елбасымыздың қарындасы Әнипа Назарбаеваға, Қаскелеңде 200 балаға қамқор болып отырған Ақ анаға табысталды. Баяғыда Орхон-Енисей кезінде батырлар жорықтан келгенде өздерін емес аналарын шақыртады екен. Сөйтіп сіздің балаңыз бұл ұрыста ерлік көрсетті деп «Ел білген қатын» деген атақ берген екен. Сонау тарихымыздан жалғасып келе жатқан осы бір игілікті болашақта да жалғастырамыз деп отырмыз.

– Оқушыларға аналарымыз жайлы дәріс өткіземіз деп айтып қалдыңыз. Тарихтағы қай әйелдің образын көбірек ашып, кімді үлгі тұтуға дәріптейсіздер?

– Көп жастарымыз батыр әйел десе тек Томирис, Зарина Домалақ ана  сияқты белгілі топтағы үш – төрт адамның ғана атын айтады. Ал негізінде мектеп оқулықтарына енгізуге тұрарлық мәліметтер көп. Бопай ханша, Гаухар ханым, Айбике ару, Ботакөз батыр, Бақтықыз секілді батыр әйелдер мен ел басқарған, қол бастаған батырлардың жарлары қандай мықты, текті әйелдер болғанын көбі біле бермейді.   Біздің тарихымызда ерлікті тек ер азаматтар ғана жасаған сияқты көрсетеді. Шын мәнінде мықты еркектің артында мықты әйелі тұрады. «Еркекті ез ететін де, ер етінде әйел» деп қазақ бекер айтпаса керек. Мысалы, Қабанбай батырдың жары Гаухар ханымды алайық. Ерімен бірге жорыққа шығып, көмекшісі, ақылшысы, жанындағы сенімді серігі бола білген. Екеуінен дүниеге келген Назым да батыр қыз болып өсті. Халқы батыр деген атақ берді. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші тарихта қалған қайсы бір аналарымызды алып қарасақ та шыққан жері жаман болмаған және өздерінен жаман бала тумаған. Ғабит Мүсіреповтың мынадай бірі сөзі бар: Қазақтың қыздары ешқашан үлпілдеп мамықтың үстінде отырған емес. Қыс қыстауда, жаз жайлауда аттың жалында, түйенің қомында өмір сүрген.  Қос көйлек етегін киіп, бұралаңдап бір екі мәрте  жүрген шығар. Бірақ қазақ тарихында жорықтар көп болғандықтан қазақтың қыздары жау шапты дегенде бөркі мен тері шалбарын кие сала, қаруын алып жауға қарсы тұрған,- дейді. Расымен осы жаугершілік заманда қазақтың қызының бәрі жауынгер болды. Қазақтың әйелі ешқашан үйде отырмаған. Кейінгі кезде арабтың немесе батыстың қыздарына еліктеп, қазақтың қыздары хиджаб киіп, бала бағып үйде отыру керек дейтін болды. Хиджаб киюді кейбірі тазалықтың белгісі дейді. Етегін сүйретіп, кірлетіп жүргені тазалық па? Осыған қатысты елбасымыз: Мен сіздерді 21 ғасырда өркениетті мемлекетке талпындырсам, әйелдер қауымы кері шегініп барасыздар,- дейді. Соңғы жылдары діни ағымдар арқылы да осы нәрсе біздің қыздарымыздың арасында белең ала бастады. Бұл жайында кітабымның бір парасында жазған болатынмын. Мұхаммед с.ғ.с пайғамбарымыздың өзі Хадиша анамыздың бетін бүркетпеген, ұстаздық қызмет етуіне қарсы болмаған екен. Осыдан ақ түсініп, түйсінуге болады. Бертін келе қазақтың маңдайына біткен асықтай ұлдарды тәрбиелеген Зере, Ұлжан, Айғанымдай аналарымыз бар. Баланың санына емес сапасына мән берген. Осындай да Қазыбек би: Бір бала бар –  атасына жете туады, Бір бала бар – атасынан өте туады, Бір бала бар – кері кете туады, -демекші бір атадан он бала дүниеге келсе соның тек біреуі ғана ел есінде қалар тұлға болады. Ашылмаған қаншама тарихи оқиға бар, зерттелмеген көптеген аналар бар. Сол кісілер жайлы жастарға айтып ой  салсақ дейміз. Бүгінгі жастар ертеңгі елдің болашағы. Осы істі ертең жалғастыратын да жастар. Бүгінгі қыздар болашақ ана. Ана ретінде оларда  жақсы ұрпақты тәрбиелеулері керек. Сол себепті  жастарға осындай тектілікті жалғаған  әрбір ананы құрметтеу, дананы дәріптеу біздің парызымыз.

– «Анаға құрмет» музейінде неше экспонат бар? Қанша экпозициядан тұрады?

– Музейде 500 экспонат бар. Бұл бес жылдық тарихы бар музей үшін өте үлкен. Себебі 20, 100 жылдық тарихы бар музейлердің өзінде бұндай құнды жәдігерлердің саны кем де кем.  Музей 7 экспозициядан  тұрады:

  1. Қазақ халқының салт – дәстүрі
  2. Зергерлік бұйымдар
  3. Қол өнер шеберлігі
  4. Батыр аналар
  5. Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанұясына арналған бұрыш
  6. Ислам – әлемдік дін (Көне құран кітап бөлімі)
  7. Көркем өнер бөлімі

– Жоспарда қандай іс-шаралар мен бастамалар бар?

– Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан суретшілеріне одақтың өзі, министрліктің өзі аналарға арнап бірде-бір сурет салғызбаған екен. Алғашқы болып біз «Анаға құрмет» музейінің 5 жылдығында көрме ұйымдастырып, талай суретшінің басын қостық.  Сөйтіп суретшілер бізге риза болып қайтты.  Осы орайда барлық суретшілердің басын біріктіріп тағы да сурет көрмесін ұйымдастырғымыз келеді. Әрбір екі жыл сайын  мерейтойымыздағыдай халықаралық фестиваль өткіземіз деп мақсат қойдық.  Музейдің жанынан «Әз ана» деп аталатын галерея салынып жатыр. Бұйырса аналар күніне дайын болады деп отырмыз. Қазақ аналарының портреттерін іліп, әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Күлиман ана медресесінде шәкірттер тәрбиеленіп жатыр. Бұл медресе де жетім балалар білім алып жатыр. Тағы сондай балаларды қамқорлыққа алып, діни сауаттарын арттырып, жақсы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қоссақ деген ниетіміз бар.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар