///

Жасыл қала Алматы: қаланы көгалдандыру үшін қанша қаржы жұмсалады?

4193 рет қаралды
фото: time.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі орманды алқаптарды көбейту үшін 2 миллиард ағаш егуді тапсырғаны белгілі. Жақында Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет басшысы алдында жасаған баяндамасында жергілікті бюджеттер негізінен осы салаға бөлінетін қаржыны көбейтетінін мәлімдеген. 

Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы қаладағы экоахуалды жақсарту үшін біршама әрекет жасап жатқанға ұқсайды. Өткенде қаладағы Төле би және Әуезов көшелерінің қиылысындағы ағаштардың рұқсатсыз оталғаны біраз шуға негіз болған еді.

Жасыл экономика басқармасы қаладағы экоахуалды жақсарту мақсатында қыруар қаржы бөлуде. Біз соның тек көгалдандыру, бау бақша егу мәселесіне назар аударып көрдік.

Жыл басынан бері жасыл экономика басқармасы осы мақсатта 3 миллиард 447 миллион теңгенің келісім шартын жасаған. Ең ірі өнім беруші “Саңыраулар қоғамы”.

Енді бұл мекемелер қандай жұмыс жасау үшін осындай ірі сомаларға келісім шарт жасап отырғандығын сараптап көрелік. Алматы қаласы, Бостандық ауданындағы «Достық» саябағын абаттандыру және көгалдандыру қызметін ұсынып отырған “Многопрофильная компания “Достар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аталған мекемемен бір келісім шарты бар. Негізгі келісім шарт осы жылдың 30-сәуірінде жасалған, қосымша келісімге желтоқсанның 2-сінде қол қойылыпты. Бұл келісімнің құны – 374 миллион теңге. Демек “Достар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Достық” саябағын 374 миллион теңгеге абаттандырмақ. Қызмет келесі жылдың 31-наурызына дейін көрсетіледі екен.

Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының гүл бақтарын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын мойнына алған “Сұңқар” ЖШС де Жасыл экономика басқармасымен осы мақсатта екі келісім шарт жасасқан. Сәуірдің 30-ында 667 миллион 868 мың теңгенің келісім шартын жасасқан олар қазан айында тағы  қосымша келісім жасасады. Келісім шарттың мерзімі – 30 мамырға дейін. 667 миллион 868 мың теңгеге Абай атындағы Опера және балет театрының маңайы жасыл желекке көміліп, жайнап кетеді деп сенейік.

Өнім берушілердің ішінде ең ірі тапсырысқа қол жеткізген “Қазақ саңырау-мылқаулар қоғамы” Қоғамдық бірлестігі. Бұл мекеменің де аталған басқармамен екі келісім шарты бар. Алматы қаласы Түрксіб ауданында ағаштар мен бұталарды отырғызу және күту бойынша шаралар кешенін 221 миллионға, Алатау ауданында ағаштар мен бұталарды отырғызу және күту бойынша шаралар кешенін 804 миллион 844 мың теңгеге жасап беруді мойнына алады. Яғни, 1 миллиард теңгеге екі ауданда ағаш отырғызу жоспарланған.

Әуезов ауданы «Жетісу-3» шағын ауданындағы гүл бағын (сквер) қайта жаңғырту жұмыстарын “G.T.P” (Gas.Trans.Projekt.) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 64 миллион 241 мың теңгеге жасауды мойнына алып отыр.

Ал қаланы жасыл желекке малындырып, ағаш егіп, гүлдендірудің сыртында, енді оларды баптап бағу қажет екен. Аталған басқарма бұдан да ақша аяп қалмаған көрінеді.

Мәселен, “Фирма “ЛЭУ” ЖШС Түркіб ауданындағы жасыл желектерді қорғау бойынша қызмет көрсету үшін 60 миллиондай теңге жұмсамақ. Медеу ауданындағы жасыл желектерді қорғау бойынша қызметтер”ЗаРа Гранд” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мойнында. Бұл мекеме Жасыл экономика басқармасымен 88 миллион теңгеге келісім жасасып отыр. Бостандық ауданы  жасыл желектерді қорғау бойынша қызметтерді 60 миллион теңгеге бағалап, ол қызметті “Экология мен өсімдік қорғаудың ғылыми-өндірістік бірлестігі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сеніп тапсырып отыр. Әуезов және Наурызбай ауданындағы жасыл желектерді қорғау бойынша қызметтер “Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйырыпты, бұл қызметтері үшін аталған мекеме 73 миллионнан астам теңгенің келісімін жасасқан. Алмалы, Алатау және Жетісу аудандарындағы жасыл желектер де қараусыз қалмайды екен.  Бұл аудандардың жасыл желегін күтіп баптау үшін “Professional group-KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі білек сыбана кірісіп отыр. Бұл қызмет  101 миллион теңгеге бағаланыпты. Жиыны 382 миллион теңге. 

Ал, “PosadiDerevo.KZ” [Посади Дерево. КЗ] Республикалық қоғамдық бірлестігі тұрғындардың экологиялық сауатын ашу үшін  21 миллион теңгеге келісім шарт жасасыпты. Негізгі  келісім шарт қаңтар айында жасалса, мамыр айында қосымша келісім жасасып отыр. Техникалық талаптарындағы ерекшеліктерге үңілсеңіз: “Алматы қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, арттыру, экологиялық білім мен тәрбиені, өзін өзі ұстау жауапкершілігін қалыптастыру мақсатында оқыту , тәрбиелеу жұмыстарына бағытталған 202 клуб құру. Әр клубта он бестен кем емес мүше болуы тиіс. Клуб мүшелерінің арасында конкурстар ұйымдастыру, өткізілген шаралар туралы ақпарат құралдарында материалдар жариялау” талап етілген. Қызмет көрсету қазан айында аяқталуы тиіс, десе де әлі әрекет етуде. Келісілген соманың 19 миллионы төленген.

Бұнымен тоқтамайды Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының гүл бақтарын абаттандыру және көгалдандыруға авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыруды бірнеше мекеме өз мойнына алады.

“PSE Group” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авторлық қадағалауды 7,5 миллион теңгеге жасауға келіссе, “Мегалиты Алматы” ЖШС 20,5 миллион теңгеге техникалық қадағалау жасамақ.

Жоғарыда көрсетілген қызметтердің барлығына мониторинг жасау “Eco Almaty” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктеліп отыр. Бұл мекеме “Алматы қаласы жасыл екпелерінің тізілімі” ақпараттық жүйесіне деректерді енгізе отырып, қаланың жасыл екпелерін күтіп-ұстау, қорғау және отырғызу бойынша іс-шараларға мониторинг жасау үшін 25 миллион 546 мың теңгеге келісім шарт жасасқан.

Яғни, Алматы қаласындағы экологиялық ахуалдың адам қызығарлықтай емес екендігі бүгінде басты назарда. Алматы қалалық әкімшілігі Жасыл экономика басқармасы арқылы, аймақтың экологиялық ахуалын көздеп отырса керек. Бұл тек жасыл желек, ағаш отырғызу, бау бақшаны абаттандыруға бөлінген қаржы. Басқарманың басқа да жұмсап жатқан қаржысы шаш етектен. Қалғанын келесі мақаланың еншісіне қалдырайық.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар