//

Жазылған жайдың жаңғырығы: Жеке кәсібімізді ашу үшін, грант алдық

4433 рет қаралды
фото: Аққулы ауданының фейсбуктегі парақшасынан алынды

www.minber.kz сайтында Оңтүстіктен Солтүстікке жол тартқан көш-керуеннің халі қалай? атты мақала жарияланды. Мақаланың жазылу  барысында Павлодар облысы Аққулы ауданының әкімшілігі жұмыссыз жүрген оралмандарға көмектесуге уәде берген еді. Аудан әкімшілігі уәдесінде тұрды. Оралмандар өз кәсібін ашып жатыр. Дәлірек айтсақ, Павлодар облысы, Аққулы ауданы, Бесқарағай ауылына«Еңбек» бағдарламасымен көшіп барған қандастар көші-қон барысында берілген уәделердің орындалмағанын айтып, ренжіген болатын.  Жазғанымыз жоғарыдағылардың құлағына жетіп мәселені майшаммен қарап, оралмандардың мұңын мұңдап көмек қолын созыпты. Бұл жаңалықпен сол кезде жағдайларын айтқан қандастарымыз сүйіншіледі. Ендеше өздерін тыңдайық.

Ақмарал ҚАЛИБЕК, қандас, кәсіпкер:

 – Өткен жолы өзімнің қолөнер және тігін өнеркәсібіне жақын екендігімді айтқан едім ғой. Павлодарға келген кездегі олқылықтарды да айтқанмын. Сіздің мақала жарияланғаннан кейін,  әкімшілікке шақыртып мән-жайды қайта сұрады. Өзімнің осындай кәсіп ашқым келетінін тағы бір мәрте жеткіздім. Грантқа қабылдаймыз, құжаттарыңызды жинаңыз деді. Көптен бері орындалмай жүрген арманымның бір-ақ сәтте іске асуы мен үшін үлкен қуаныш болды.  Қолымда кезінде Алматы облысы Іле аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы оқып, қорғап алған тігіншіліктің сертификаты бар еді.  Заманында  аудандағы мәдениет үйіне барып келіп оқығанмын. Арнайы екі мұғалім келіп тігіншіліктің қыр-сырын үйреткен. Сол сертификатымды олар жаратпай жүрген, бірақ сіздердің мақалаларыңыз түрткі болды. Маған грант берілді. Гранттың көлемі 532 000 теңге. Ол ақшаға бірден 3 тігін машинасын алдым, басқа да керекті құралдарымды толықтырдым.  Қазір кәсібімді үйден ашып отырмын. Тапсырыстарым да аз емес.  Осы күнді қанша армандадым, күттім. Шүкір, бұл күнге де жеттім. Сіздерге айтар алғысым шексіз. Болашақта осы кәсібімді дамытып, облыс көлеміне дейін танытсам деген ниетім бар.

Сәмет ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ, қандас, кәсіпкер:  

– Павлодар облысы, Аққулы ауданы, Бесқарағай ауылына тікелей Қытайдан қоныс аудардым. Келе сала әкімшілікке кіріп өзімнің кәсіп ашқым келетінін, халық медицинасы негізінде массаждың  алуан түрін жасай алатындығым туралы айтқанмын. Алайда бірден кәсіп ашуға мүмкіндік болмады. Әкімшіліктегілер кейіннен көреміз деп шығарып салған. Ал осыдан бір жарым ай бұрын қандастардың кәсіп ашуына байланысты, жұмыс мәселесіне байланысты  сіздердің мақалаларыңыздан кейін әкімшілік кәсіп ашам деген қандастарды жинаған екен. Сөйтіп көшіп келген біршама оралмандарды аудан орталығында оқытып, 530 000 теңге грант берді. Мен де бардым. Бір ай оқып сертификатымызды қорғап грантымызды алып, кәсібімізді бастап кеттік. Менің жұмысым – массаж жасау. Бөлінген ақшаға массаж жасауға керекті құрал-жабдықтарын түгел сатып алдым. Арманым орындалды. Кәсібімді әзірге үйден аштым. Күніне оннан астам адам келіп ем қабылдайды. Қазір мына заманда адамның 85-90 пайызы сау емес. Бәрінің бір жері ауырады. Ертеңгі күні ол ауруы асқынып кетпес үшін халық медицинасы арқылы емдеп жазу керек. Ендігі мақсатым аудан көлемінде ынталы жандарды жинап, массаждың сырын үйретіп, шәкірт тәрбиелеу.

Қандастардан бөлек осы ауданның тұрғылықты талай тұрғыны да грант иегері атанып кәсіп ашыпты. Бұл да қуанышты хабар болды. Айтпақшы, келешекте  Павлодар облысына көшіп барушы қандастарға мына жағдайды ескерте кетсек: арнайы «Бизнес бастау» бағдарламасын оқыған адамдар жұмысқа тұра алмайды және кейінгі грантқа қатыса алмайды. Бұл жайында толығырақ Аққулы ауданындағы жұмыспен қамту орталығының басшысынан білсек.

Айымгүл ЗЕЙТЕНҚЫЗЫ, Аққулы ауданындағы жұмыспен қамту орталығының басшысы: 

   

 – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 тамыздағы № 513 қаулысына сәйкес «Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру ережесі» «Еңбек» 3 тарау, 20 тармақ: «12 ай ішінде мемлекеттік грант алушы грант алған күннен бастап, бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға құқығы жоқ».

Ауданымыздағы биылғы жылы грант иегері атанған жайлы айтар болсам биыл көшіп келген қандастар арасында 12 адам еңбекке қабілетті жаста, сондықтан 7 адам мемлекеттік грантқа ие болды. Ағымдағы жылы  119 адам Мемлекеттік грантқа ие болды, оның ішінде 44 адам “Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру” 3-ші бағытының қатысушылары. Оның ішінде 90 пайызы мал шаруашылығын дамыту, ал 10 пайызы халыққа қызмет көрсету.

Жаңалық осындай. «Еңбек» бағдарламасы бойынша “жұмыс күшіне тапшы” солтүстіктегі аймақтарға адам тығыз орналасқан оңтүстік облыстардан мамандарды шақырып оларға жағдай жасау туралы шаруа енді іске асып жатқандай. Грантқа ие болған қандастарымыздың  ісіне береке берсін деп тілейміз. Ал солтүстікке көшіп бағдарламаны іске асырам деген ағайын болса мархабат! 

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

                                                     

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар