///

Абай жолына Мұхтар жолын сыйғызған сериал. “Хабар” арнасындағы “Абай жолы” сериалы туралы бір үзік сыр

4489 рет қаралды

Өнер – құрал. Тарихты, әлеуметтің жай -күйін, автордың дүниетанымын өмірден түйгенін оқырманға, көрерменге, тыңдарманға жеткізетін құрал. Өнер атаулының ішінде өзгелерден гөрі кино-құралдың айтқаны халыққа анағұрлым тез жетіп, анағұрлым тез әсер ететіні дәлелдеуді қажет етпесе керек. Тарих толқынындағы айтулы тұлғалардың өмірінен сыр тартып, тағдырын тарқатуда кино өнерінің бір саласы сериалдың да маңызы зор. Бұл тұрғыда қазақ киногерлері сынға көп ұшырап жүргенімен талпыныс жоқ деп айтуға болмас.

фото: Хабар

Кеше ғана өткеннің еншісіне қарай ойысқан 2020 жылы қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтті. Осыған орай Хабар арнасы жыл соңында көрерменге «Абай жолы» сериалын ұсынды. Алты бөлімнен тұратын сериал мазмұны екі линияда өрбиді. Алғашқысы жазушы М.Әуезовтің стенографисіне айтып отыратын көрініс болса, екіншісі шәкірті Қайым Мұхамедхановқа баяндап беретін романның жазылу жайы. Екі линия да Әуезовтің аузымен айтылғанымен бірі Абай жолын баяндаса, екіншісі Мұхтар жолынан мәлімет береді. Екі линияны қатар алып жүру арқылы режиссер сериалдағы екі кейіпкердің образын қатар аша білді. Қазақ халқының тарихындағы екі алып тұлғаның дүниетанымы, көзқарасы, қоғам қайшылығына куә болғандағы ішкі арпалысы екеуі екі дәуірде өмір сүргеніне қарамай қатар көрсетіліп, көрерменге ұғынықты жетіп, алма кезек өріліп отырды. Абайдың ақыл-ой еңбегімен айналысуына ел ішіндегі бітпейтін дау-шар қанша кедергі болса, М.Әуезовтің Абай романын жазуына, қазақ руханиятын мейлінше терең зерттеуіне оның соңына түскен қауіпсіздік қызметі сонша тұсау болады. Әрине, бұл қазақтың көзі қарақты оқырманына ежелден таныс дүние. Ал оны дәл осылай параллелизммен беру шығармашылық ұжымның тиімді тәсілі деуге әбден болады.

ҚазМУ-дің аудиториясында студенттерге дәріс оқып тұрған Әуезов «Қырық жастан асқаннан кейінгі Абай бір емес екі Абай боп кетеді. Біреуі – өмірге үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан басып озып, сыншы, ақылшы, ақын, ұстаз, данышпан болуға айналған Абай, ал екіншісі –  күнделікті өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, ырықсыз дау-шарға араласып, баяғыша партия тартыста билік-әкімшіліктің жолындағы ру басшысы, ел меңгеруші Абай», – дейді. Рас. Сериалдың өне бойында тек Абай ғана емес Мұхтар Әуезовтің де осындай күй кешкенін көреміз.

Абай мен Мұхтар өмірінің әр кезеңіндегі тарихи шындық, әр оқиға көркем эпизод арқылы сәтті беріледі. Сериалдың атауы «Абай жолы». Қоюшы-режиссер Мұрат Есжан бастаған шығармашылық ұжым осы атаудың ішіне Абайдың бейнесін, Әуезовтің еңбегін, «Абай жолы» романының маңызын сыйдыра білген. Олар ойдан ештеңе қоспады әрі ол міндет те емес. Олар бар болғаны қазақтың тарихындағы екі тұлғаның өмірі жайлы қалың кітаптар мен архив деректерін бүгінгінің сұранысына орай жинақтап, реттеп, мығымдап, көркем реңк қосып сериал етіп ұсынды. Бұл тәсіл де әлемнің кино саласында бұрыннан бар. Тек әр халық өзінің жайын тек өзі ғана терең білетіні секілді, қазақтың кейінгі баласы кешегі баласының бейнесін бүгінгі ұрпаққа өз дүниетанымынан ауытқымай, уақыт аршып берген ақиқатымен жеткізді.

Әр дәуірдің өзіне тән сөйлеу мәнері, поэтикасы болатынын өзге емес кино саласы ерекше ескеруі ләзім. Бұл тұрғыда фильмнің тілі шұрайлы, поэтикасы Абай мен Мұхтар өмір сүрген дәуірден алыстамаған деуге болады. Осы ретте фильм редакторы Ұларбек Нұрғалымның еңбегін айтпай өтуге болмас. Тек Баймағамбеттің әйелінен дерек жинауға барған кездегі жас Мұхтардың  (Нұрлан Әлімжан) сөз мәнері аздап сыр беріп қойды. Дегенмен ұшан-теңіз еңбектің қасында бұл бір елеусіз нәрсе.

Кастинг және актерлер

фото: Хабар

Жалпы осыған дейінгі тарихи фильмдер мен тарихи сериалдарда кастингтің өтуі мен актерлер құрамы турасында режиссерлер көп сынға қалған еді.  Оның алғашқысы Абылай ханның роліне Марк Дакаскос шақырылып, Куно Беккер ойнап шыққанынан басталып, «Қазақ елі» сериалындағы Керей ханның бейнесінде харизма жоқ дегенмен жалғасқан. Ал «Абай жолында» шығармашылық ұжым актерлерді асқан ыждаһатпен таңдапты. Олар сөз жоқ бұған дейін әнші ретінде танылған Сәкен Қалымовты актер ретінде ашты. Сәкен Қалымов өзінің жүріс-тұрысымен, сөйлеу мәнерімен, дауыс ырғағымен көрерменді өзінің заңғар жазушы Мұхтар Әуезов екеніне сендірді. Бұған дейін ешбір фильмде басты ролді сомдамаған Сәкен Жақсылықұлы осы ролімен қазақтың киноөнерінің тарихында қалады десек қателесе қоймаспыз. Сонымен қатар, Абай ролін тек Болат Әбділмановпен байланыстыратын қағиданы осы картина бұзып жарды. Өз кезегінде актер Айдос Бектемір қазақ көрерменіне Абайды жаңа сипатта ашты. Абай (Айдос Бектемір), Баймағамбет (Жомарт Зейнәбіл), Шәукімбай (Жүсіп Ақшора) арасындағы әріптестік үйлесім мейлінше шынайы, сенімді. Нұрышов роліндегі Бақытжан Әлпейісов, Қайым роліндегі Еркебұлан Дайыров, Ғалия роліндегі Кәмшат Жолдыбаева, Сәбит Мұқанов роліндегі Қадырғазы Қуандықов бейнелері де нанымды, кәсіби тұрғыда шебер.

фото: Хабар

Жанкешті еңбек, Абайды аман алып қалу үшін жасалған бірталай құрбандық, күдікті болуға бойұсынған болмыс, жан-жақтан жазғырған көзқарасты көтеретін сабыр Әуезовтің жанын қаншалықты терең танытса, Абай есімінің қазақ үшін соншалықты қымбат екенін ұғындырды.

«Он нас не любил». И.Сталиннің қайтыс болғаны жайлы ақпаратты естіген соң Мұхтар Әуезов Валентинаға осылай дейді. Дәл осы сөзді жазушы айтты ма, айтпады ма маңызды емес, маңыздысы оның қазақ халқы үшін шын сөз екенінде. Дәл осы сөзден кейін режиссер мұздың еріп жатқанын көрсетеді. Жылымық кезеңінің келгенін күн шұғыласы еріткен мұз арқылы көрсеткен соң Нұрышевтің немересі Әуезовтың қолтаңбасын атасына көрсетті. Ал дәуірдің талабы халықтың дүниетанымын өзгертуге қауқарсыз екенін Нұрышевтің жанарындағы өкініш көрсетсе, Оразбайдың Абайға келіп кешірім сұрауы адамдықтың ең құнды қасиет екенін аңғартты.

Ширек ғасырға жуық жазылған роман кейіпкері мен авторын біртұтас еткен алты бөлімді сериал, ендігі жерде тек Абайтануға ғана емес Мұхтар әлемін тануға қазақ руханияты тап болған қиындықтардың себебіне үңілуге жол ашады деп сенеміз.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар