//

Әдебиет пен өнер өкілдеріне президент стипендиясы табысталды

1233 рет қаралды
Cуретті түсірген: Естай Божан

 29 қаңтарда Алматы қаласындағы «Достық үйінде» бірқатар әдебиет және өнер өкілдеріне президент стипендиясы табысталды. Шараға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

«Достық үйіндегі» жүздесуде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, М.О.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театырының актері Сәбит Оразбаевқа І дәрежелі «Барыс» ордені табыс етілді. Аталған марапат С.Оразбаевтың 85 жылдық мерейтойына орай табыс етілді. Марапатты мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев табыс етіп, ҚР экс-президенті Н.Назарбаев пен президент Қ.Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын оқыды. Министр А.Райымқұлова мен Б.Сағынтаев Мәдениет және спорт министрлігі және Алматы қаласы әкімдігінің атынан өнер қайтарткерінің иығына шапан жауып, арнайы сыйлықтарын тарту етті.

Ал, президент стипендиясының иегерлері қатарында өнер мен әдебиеттің Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жүмәділов, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Александр Гарковец, Дулат Исебеков, Болат Аюханов, Егеухан Мұхамәдиқызы, Темірхан Медетбеков, Есмұхан Обаев, Иранбек Оразбаев қатарлы өнер аға буын өкілдері, Ерлан Төлеутай, Дидар Амантай қатарлы орта буын өкілдері мен Бауыржан Халиолла, Мирас Асан, Асел Жангаскаева, Аян Өтепберген, Валерия Недлина қатарлы жас қаламгерлер мен өнерпаздар болды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова шара ортасында Құрама Штаттардағы Каскадерлер Әлемдік академиясының Taueus сыйлығын алған «Номад» Nomad Stunts каскадерлер тобының жетекшісі Жайжарбек Күнғожиновты арнайы марапаттады. Шығармашылық топтың әлемдік кино саласындағы жеткен жетістігін жоғары бағалап, шығармашылық жұмысына табыстар тіледі.

Кездесуде әдебиет пен өнер өкілдері атынан қазақ өнерінің қадірлі ақсақалы Асанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Егеухан Мұхамәдиқызы және жастар атынан ақын Мирас Асан сөз алды. Алтын алқа иегері, қадірлі ана Егеухан Мұхамәдиқызы мемлекеттік хатшы мен мәдениет министрі қатысқан жиында отбасы құндылықтарын дәріптеуге мемлекет тарабынан баса назар аудару керектігін, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы екенін атап өтті. Қ.Көшербаев бұл пікірді құптады және осы бағытта шаралардың жасалатынын айтты.

Суреттерді түсірген Естай Божан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар