Алматы қаласында 2020 жылдың сәуір айында BI Group холдингі жедел тұрғызған модульді инфекциялық аурухананың айналасындағы жағдайға осылай баға бермеске шара жоқ.
Мәселені басынан бастасақ, елімізде төтенше жағдай енгізіліп, ДДҰ бүкіл әлемде пандемия жариялаған кезде, Өзбекстан мен Қытайда жедел бой көтерген инфеециялық ауруханалардың ізімен елімізде де дәл сондай аурухана салуға қауқарлы құрылыс компаниясы бар екені белгілі болды. BI Group холдингі бас болып Алматыда модульдік инфекциялық госпиталь мен Нұр-Сұлтан қаласында қалалық инфекциялық орталық модульді аурухана салып жатқан кезде, осы компанияның басшысы Айдын Рахымбаевты та халық теледидардан жиі көріп қалды.
Алматыдағы аурухана құрылысына 5,5 млрд теңге жұмсалатыны бірнеше рет ашық айтылды. Төтенше жағдай режимінде шешім шұғыл қабылданғандықтан ба, BI Group болмаса оның еншілес компанияларының бір де бірімен бұл жоба бойынша Алматы басшылығының жасасқан келісім шарты туралы мемлекеттік сатып алу порталында ақпарат жоқ.
Айдын Рахымбаевтың өзі де бұл құрылысқа қанша қаржы жұмсалғанына қатысты халық алдында ашық есеп берем деп мәлімдеген секілді еді. Әзірге ондай ақпарат жарияланбады, BI Group холдингінің сайтында да ашық мәлімет жоқ. Есесіне, модульді аурухананың сэндвич-панель аталатын құрылыс модульдері арқылы салынғаны жазылған, компания сайтында.
Хош. 25 қаңтар күні Алматы прокуратурасы жоғарыда сөз болған BI Group салған модульдік инфекциялық ауруханаға қатысты істе күдікті жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Kaztag, Kazakhstan Today ақпарат агенттіктері жазды.
16 қаңтар күні Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматыда салынған модульді инфекциялық аурухана құрылысына бөлінген қаражат бойынша ҚР ҚК 189-ы бабымен (аса көп көлемде бюджет қаражатын жымқыру) сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Оған ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысы негіз болған. Ол 2020 жылдың 21-желтоқсанында жүргізілген екен. Stopcov тelegram-каналының жазуынша Алматы қалалық прокурорының орынбасары Сәкен Ермекбаев қазіргі таңда тергеу органдары жоспарлы тергеу істерін жүргізіп жатқанын айтыпты.
18-қаңтар күні, «Алматыдағы коронавирус инфекциясының таралуын азайту жөніндегі шараларды күшейту үшін 280 орындық модульді инфекциялық аурухана құрылысына бөлінген 5,5 млрд теңге бюджет қаражатының 3,9 млрды сәуір айында жымқырылғаны, бюджетке келген зиян аудиторлық тексеру арқылы расталғаны» туралы ақпарат тарады. «Чиновник» Telegram арнасы «Bi-Industrial» ЖШС директоры мен Алматы қаласы қалалық жайлы орта басқармасының жетекшісі Сапар Нұрашевқа қатысты тексеру жүріп жатқаны туралы ақпарат жариялағанын жазды Kaztag агенттігі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сапар Нұрашев пен BI-Industrial директорының ұсталғанын растамады. BI Group холдингі де өз кезегінде қызметкерінің ұсталғаны жайлы ақпаратты жоққа шығарған болатын
Бұл аурухананың, сақ қорғандары сақталған археологиялық ескерткіштері бар маңызы аумаққа жақын орналасқаны жайында да біршама дау болғаны да белгілі.
Айтпақшы, zakon.kz сайтының мәліметінше, «2020 жылдың қорытындысы бойынша, Алматы жайлы қалалық орта басқармасы мемлекеттік сатып алуға ең көп қаржы жұмсаған мемлекеттік органдар арасында көш бастап тұр. Былтыр бұл басқарма жалпы сомасы 230,8 млрд теңгеге 652 шарт жасаған. Аталмыш басқармамен келісімшарт жасаған ең ірі компаниялар – BI Group, Qazaq Stroy, Sheberbuild және Bazis-A құрылыс компаниясы. Соның ішінде BI Group холдингі басқармамен өз құрамындағы үш компания арқылы жалпы сомасы 50 млрд теңге болатын 9 келісімшартқа қол ғойған. Мемлекеттік құрылыммен BI Group-тың еншілес компаниялары тікелей келісімшарт жасасқан: “KAZPACO” ЖШС, “BI-Industrial” ЖШС және “BI Urban Construction” ЖШС. Солардың арасында ең қымбат келісімшарт – Алматы қаласының Наурызбай ауданында 300 төсек-орынға арналған тез тұрғызылатын модульдік аурухана салу жөніндегі келісім». Бұл қазан айында «Апорт» сауда-ойын сауық орталығының маңында салынған модульді аурухана. Мердігер – KAZPACO компаниясы, келісімшарт сомасы – 13,4 млрд теңге.
Айта кетерлігі BI Group холдингінің сайтынан және өзге де ашық дерек көздерінен KAZPACO-ның еншілес компания екенін нақтылайтын ешбір ақпарат жоқ.
Сонымен, егер күдікті жоқ болса, Алматы қалалық прокурорының орынбасары Сәкен Ермеков айтып отырған жоспарлы тергеу істері кімге қатысты жүргізіліп жатқаны әзірге беймәлім. Жұмбағы көп, нақтылығы жоқ, іс бар күдіктісі жоқ белгісіздік соңы немен тынары әзірге көпшілікке де белгісіз.
Парақшамызға жазылыңыз