Бүгін, яғни 2021 жылдың алғашқы жұмыс аптасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласымен басталды. Онда Президент еліміз үшін маңызды бірқатар саяси-экономикалық мәселелерге тоқталды. Осыған орай, экс дипломат Қазыбек Бейсебаевтың пікірін сұраған едік. Сұхбаттасымыз, Президент мақаласында көтерілген мәселелермен қатар, сайлау алдындағы көңіл-күй мен сайлаудан кейінгі халықтың жағдайына қатысты да өз пікірін білдірді.
ПРЕЗИДЕНТТІ САЙЛАЙМЫЗ, ПАРЛАМЕНТТІ САЙЛАЙМЫЗ, АЛ ҚАСЫМЫЗДА ОТЫРҒАН ӘКІМДІ САЙЛАЙ АЛМАЙМЫЗ
– Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқыған боларсыз…
– Президент бұл мақаласында көптеген дүниелерді көтеріпті. Жердің тұтастығы, қазақ тілінің мәртебесі туралы мәселелерге қатысты бәрі де дұрыс көтерілген. Дегенмен, жердің тұтастығына қатысты мәлімдемесі сәл кешеуілдеп қалған жоқ па, деген ой да жоқ емес. Ресейлік депутаттардың әңгімесіне қатысты пікірлері кештеу жарияланған секілді.
Жалпы, мақаланың өзіне келетін болсақ, айтып жатқан мәселелерінің барлығы да дұрыс. Президенттің айтқанын бұрыс деуге қақымыз да жоқ. Барлығы да жөн. Тіл мәселесі де, жер мәселесі де, мақалада көтерілген басқа да мәселелелер бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Осыған дейін де айтылып келген. Барлығы да дұрыс. Алайда, осының барлығын іске асыру керек қой. Мәселе сонда!
Мысалы, жер сатылмайды дейді. Ал, Жердің сатылмайтынын бәріміз білеміз. Ал, шетелдіктерге жалға беру жағы не болды? Шетелдіктерге жалға беріле ме? Ол туралы ешкім ештеңе айтпайды.
Негізі билік отыз жыл бойы халыққа жақсы сөз айтып келеді. Тыңдасаң, бәрі жақсы болады деп айтады. Дамыған елдердің қатарына кіреміз дейді, адамдардың құқын қорғаймыз, елдің әлеуметтік проблемасын шешеміз дейді. Президент ауыл әкімдерін сайлаймыз дейді. Шын мәнісінде осы уақытқа дейін әкімдер сайланып келді. Оны бірақ қарапайым халық емес, маслихат депутаттары сайлайды. Үш-төрт жыл бұрын Тұңғыш Президент енгізген, бұл процедураны. Бірақ, салыстырмалы түрде қарасаңыз, көршілес Ресейде әкімдер бұрыннан сайланады. Мысалы, аудан қаражат жағынан облысқа бағынбайды. Өз мәселелерін өздері шешеді. Біз, сонда осы Ресейден кембіз бе? Өзіңіз ойлаңызшы, Президентті сайлаймыз, Парламентті сайлаймыз, ал қасымызда отырған әкімді сайлай алмаймыз.
Жалпы, қарапайым адамға саясат деген нәрсе алыс. Оған қасындағы мәселе: жол жөнделе ме, жөнделмей ме, мектеп мәселесі, көшеде шамдар бола ма, болмай ма, сол маңызды. Бірақ, соның өзін шешуге атсалысуға қарапайым адамдардың мұмкіндігі жоқ. Өйткені, тіпті маслихатқа да қарапайым азаматтар сайлана алмайды. Қазіргі сайлау соны көрсетіп отыр. Бұрын қарапайым адам маслихатқа өзін-өзі ұсына алатын, қазір ондай мүмкіндік жоқ. Қазір бәрі партия арқылы шешіледі. Мысалы, ауылда белсенді азамат болса, ол партия қатарында болмаса, маслихатқа сайлана алмайды. Ал, ауылдарда партия жоқ. Онда тек бір партия – билік партиясы бар. Ал, әкімшіліктегілер мәслихатқа үміткерлерді өз қолдарымен ұйымдастырып жатыр. Сондықтан, Президент мақаласында айтып отырған әкімдерді сайлау мәселесі дұрыс болғанымен де, қарапайым азаматтарда қазір ешқандай сайлану құқығы жоқ. Ал, Қазақстан азаматының билікке ешқандай ықпалы жоқ. Ол ықпалды неге көтермейміз. Мәселе сонда.
– Қалай ойлайсыз, осындай жағдайда қарапайым халық алдағы сайлаудан не күтеді?
– Халықтың билікке деген сенімі азайып жатыр. Негізі, адамдардың жергілікті мәселелерді шешуге атсалысуына құқық беру керек. Ауылдың, ауданның мәселесін шешуге мүмкіндік беру керек. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, үйдің есігін бекітіп, терезесін шегелеп, қарапайым азаматтардың оған кіруіне шек қойып тастады. Міне, осыны өзгерту керек. Ал осы мәселе көтерілмеуде. Оны тіпті ешкім айтқысы да келмейді. Бізге саяси реформа жасаймыз дейді. Жасаса, нақты саяси реформа жасасын да!
Ең алдымен Қазақстан азаматына Мәслихатқа есік аш. Мәслихатқа депутаттыққа сайлануға мүмкіндік бер. Ал, ол болмаса, қалғаны бос сөз!
– Дегенмен, осы жолы Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы партиялық тізім бойынша өтеді. Өз араларында әділдік болады деп ойлайсыз ба?
– Жақында, осы мәселе бойынша арнайы сауалнама жүргізіліп, нәтижесі шықты. Оған сүйенсек, билік партиясы 70 процент, қалған партияларға берілген дауыспен қосқан барлығы 96 процент дауыс жинайды. Ал, қалыс қалғандардың дауысы 4 процент болады екен.
Сайлауға қатысып жатқан партиялардың барлығы да билікке жақын партиялар. Яғни, халықтың 96 проценті билікті қолдайды дегенді білдіреді. Мұндай болуы мүмкін емес. Жалпы, 70 процент дегеннің өзі үлкен көрсеткіш. Экономика дамып, халықтың жағдайы жақсарып жатқан жағдайда ғана халық билікті 70 процент қолдауы мүмкін. Ал, біздің еліміздің жағдайын жақсы деп бағалай аламыз ба? Кешегі пандемияда дәрі-дәрмек жоқ адамдар қалай қиналды. Жұмыссыз қалғандар қаншама?! Сөйте тұра 70процент дауыс алады дегенге сене алмаймын. Бұл политтехнология. Ертең, 70 процент алады деген сөз. Сосын, мұның алдында осындай болжам жасалған деп айтатын болады.
Қазір, сайлау алды бағдарламаларға қарасаңыз, мектеп саламыз, проблеманы шешеміз деген уәделер көп. Кешіріңіз, осының барлығын осы уақытқа дейін жасауға болмас па еді?!
– Ертең, сайлау аяқталады. Қазіргі үгіт-насихат бітеді. Әрі қарай халықтың жағдай қалай болады деп ойлайсыз?
– Әрі қарай жағдай қиындай түседі. Отыз жылдан бері бізге уәде беріліп келді. Көп мәселе шешілген жоқ. әлеуметтік мәселелер, экономикалық мәселелер. Сосын мұнайдың бағасы түсті, пайда түсіп жатқан жоқ. Қазір, Ұлттық қорға жармасып отырмыз. Қарапайым Қазақстан азаматының билікке ықпал етуіне, бақылау жасауына тосқауыл жасалған. Барлық есік жабылған. Бұрын, билік зейнетақыны, еңбекақыны индексация жасап, көтеріп, ақшамен мәселені шешетін. Қазір ондай қаражат жоқ. Қымбатшылықты өзіңіз көріп тұрсыз. Сондықтан, жағдай қиын.
– Мұндай жағдайда елдің Тәуелсіздігіне қауіп төнуі мүмкін ба?
– Егер жағдай қиындаса, халық көтерілсе, билік оны ұстай алмаса, мұндай қауіп төнуі де мүмкін. Бетін аулақ қылсын, ондай тұрақсыздық орнаса, көрші мемлекет демей-ақ қояйын, бірақ сыртқы мүдделі топтар өз мүддесін іске асыруға кірісуі әбден мүмкін. Ондай жағдай басқа елдерде болып та жатыр. Мысалы, Ливияда қазір соғыс болып жатыр, мемлекет екіге бөлініп кетті. Сондықтан халықтың жағдайын көтеру керек. Дастарханында наны жоқ адамға ертең нан беремін деп алдай алмайсыз ғой, нанды қазір беру керек. Уәделер де сол сияқты.
– Биліктің мұндай жағдайдан хабары жоқ деп айта алмаймыз ғой.
– Қазіргі биліктің ең басты проблемасы билікті өз қолында ұстап қалу. Ертең не болатынын ертең көреді. Біз өзі сондай халықпыз ғой, ертеңгі мәселеге бірдеңесі болар деп қараймыз. Ертең көктем келеді, жаз болады, көк шығады, мал тойынады деп, өмір сүреміз. Сондықтан, бүгінгі биліктің бар уайымы билікті қолдан шығармау, болды!
Қазір, бұл мақаланы барлықтарыңыз оқып, риза болып отырсыздар. Жақсы, өте орынды дүниелер көтеріпті. Сайлау алдында бұл да бір саяси технология. Дегенмен, ең маңыздысы сол айтылғандардың іске асуы!
– Сұхбатыңызға рахмет
Парақшамызға жазылыңыз