10 қаңтар күні Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауы және мемлекеттік басқару формасын таңдау өтті. Нәтижесінде қырғызстандықтар алтыншы президенті ретінде ұлтшыл саясаткер Садыр Жапаровты сайлады.
Естеріңізде болса, Қырғызстанда осыдан үш ай бұрын Парламент сайлауы бұрмаланды деген наразы топ Үкімет үйін басып алған еді. Нәтижесінде Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткен болатын. Қырғыздың жаңа президенті Садыр Жапаров коррупциямен күресіп, Үкіметтің ісін барынша ашық етуге уәде берді.
“Соңғы 30 жылда жемқорлық біздің өмірімізге дендеп енді. Бүгіннен бастап біз жемқорлықтың тамырына балта шабамыз. Бұрынғы басшыларымыздың қателігін қайталамаймыз”, – деген ол.
Ол сондай-ақ өзімен бірге бақ сынасқан үміткерлерді жеке мүдделерін жиып қойып, елдің болашағына атсалысуға шақырды.
Президенттік додаға 17 саясаткер қатысқан. Солардың ішінде Садыр Жапаров бәрінен қара үзіп шығып, 79,2% дауыс жинаған. Садыр Жапаровтан кейінгі орында Адахан Мадумаров 6,7% дауысқа ие болған.
Мадумаров сайлаудың нәтижелерімен келіспейтіндігін білдіріп, әділеттілікке жету үшін күресетіндігін айтқан.
Қырғыз халқы сонымен бірге елді басқару формасына да дауыс берді. Халықтың 80%-ы президенттік билікті жақтаса, 10,8 пайызы қазіргі парламенттік басқару жүйесін қолдаған. Сөйтіп, Қырғызстанға президенттік басқару формасы қайта оралатын болды.
Қырғызстандағы саяси белсенділік бізбен салыстырғанда әжептәуір төмен болыпты, бар жоғы 40 пайыз. Дегенмен, Қырғызстанның сайлау туралы заңында сайлауға қатысушылардың белсенділігіне қатысты белгілі шек жоқ, демек сайлау өтті деп бағалауға болады. Ал референдумға сайлаушылардың 30 пайызы қатысса болды.
Қырғызстанда қазанның 4-інде өткен Парламент сайлауының соңы жанжалға ұласып, оппозиция жақтастары жаппай көшеге шыққан болатын. Бұл дау дамайдың соңы Үкіметті орнынан алып, Сооронбай Жээнбековтің отставкасымен аяқталған еді. Бұл кезде Садыр Жапаров түрмеде болатын. Ол 2013 жылы он жылға сотталған еді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде Қырғызстан билігінде хаос болды. Жапаров осы сәтті ұтымды пайдаланып, ел тізгінін өз қолына алады. Сөйтіп, әуелі Премьер министр, кейін Президент міндетін атқарушы дәрежесіне дейін көтеріледі. Садыр Жапаров түрмеден президенттікке қол жеткізіп отыр.