//

Биыл ҰБТ электронды форматта өтеді

5263 рет қаралды
фото: Азаттық радиолы

Құрметті редакция, менің атым Жайна. Мен Моңғолияда мектеп бітіріп жатырмын, Қазақстанға барып оқығым келеді. Менің естуімше, шетел аттестаты бар мектеп түлегі үшін дайындық курстарында оқуға болады екен. Сонымен қатар, қазақ диаспорасы өкілдері үшін білім квотасы жайлы естіген едім. Осы жайлы толық білгім келеді. Сіздерден өтінерім, осы мәселеге қатысты ақпаратпен бөліссеңіздер екен.

 Жайнаның сауалы бойынша, Мінбер.кз сайты Ұлттық тестілеу орталығына сауал жолдап, биылғы ҰБТ-ға ұлты қазақ шетелдік азаматтардың қатысуы және пандемияға қатысты шетелдегі қазақ абитуриенттеріне қандай да бір жеңілдік қарастырылғаны туралы сұраған еді.

Биылғы ҰБТ-ға шетелдегі қандастардың қатысу тәртібі қандай болады?

 – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және «Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру» мемлекеттік қызмет қағидаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Бұл ретте, ұлттық бірыңғай тестілеу 2021 жылы электрондық форматта өткізіледі деп күтілуде. Наурыз-маусым аралығында өткізілетін тестілеуге 2 рет қатысу мүмкіндігі беріледі. Тестіленуші наурыз-маусым аралығындағы ҰБТ-дан ең үздік балл алған жағдайда білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады. ҰБТ бойынша барлық ақпараттар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және Орталықтың ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында қосымша жарияланады.

 – Бұрын ҰБТ-ға қандастар тек дайындық курсынан өткен соң ғана кіре алатын қазір ол тәртіп өзгерді ме?

 – Қағидаларға сәйкес шектеу қойылмаған. ҰБТ-ға дайындық курсынан өткен тұлғалармен қатар шетелде білім алған Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдар да қатыса алады. Үміткерлердің дайындығын нығайту мақсатында, Орталықтың ресми testcenter.kz сайтында тест тапсырмаларының ерекшеліктерін біліп, жаттығу тапсырмаларымен танысып, онлайн байқау сынағынан өтуге болады. Орталықтың барлық филиалынан әр пән бойынша оқу-әдістемелік құралдарын сатып алуға болады. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі Youtube каналында барлық ҰБТ пәндерінің тақырыптарын талдап, сұрақтарға жауап ала алатын онлайн сабақтар өтеді.

 

ҰБТ-ға Қазақстан Республикасының азаматы емес, ұлты қазақ азаматтар да қатыса алады.

 

 – Дайындық курсы қай форматта өтеді?

 – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 554 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес дайындық курсына түсу үшін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді 2021 жылғы 5 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиясы қабылдайды. Яғни, дайындық бөліміне оқуға қабылдану үшін биылғы жылғы тестілеу нәтижелері қажет. Дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, дайындық курсына түсушілерге арналған ҰБТ күнтізбелік жылғы 10–15 қыркүйек аралығында өткізіледі. Тестілеу форматы: жалпы білім дайындығы деңгейін арттыру үшін дайындық бөлімдеріне түсетін Қазақстан Республикасы азаматтары болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдар мен шетел азаматтары үшін: математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы пәндері бойынша өткізіледі. Әр пән бойынша тест тапсырмаларының саны – 20. Тестілеудің уақыты – 80 минут (1 сағат 20 минут). Математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы бойынша тест тапсырмалары бес жауап нұсқасынан бір ғана дұрыс жауапты таңдау тапсырмаларынан тұрады. Максималды балл саны – 40. Әрбір тест тапсырмасына берілген дұрыс жауап бір балмен бағаланады.

 – Пандемияға байланысты қандас абитуриенттерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?

 – 2021 жылы ҰБТ онлайн форматта емес арнайы компьютерлік жабдықталған пункттерде өткізіледі. Сол себепті, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалары да ҰБТ-ны Қазақстанға келіп, ҰБТ өткізу пункттерінде тапсыруы тиіс.

 – Шетелден келіп оқығысы келетін қазақтарға қандай талапар қойылады?

 – ҰБТ тапсыратын барлық тестіленушілерге бірдей талап қойылған: үш міндетті (Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық) және екі бейіндік пән бойынша тестілеу тапсырады. Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсушілер жалпы кәсіптік пән және арнайы пән бойынша тестілеу тапсырады.

 – Биыл дайындық курстарына қанша орын бөлініп отыр, олар қай оқу орындарының жанында ұйымдастырылған?

 – Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларын оқытуға арналған 2021-2022 жылдардағы мемлекеттік білім беру тапсырысы қазіргі уақытта қарастырылып жатқанын атап өтеміз.

 – Жоғары білім алуда қандастарымызға бөлінген квота қандай?

 – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 264 «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, білім беру гранттарын тағайындау конкурсы кезінде 6B01 «Педагогикалық ғылымдар», 6B02 «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», 6B03 «Әлеуметтік 6DB ғылымдар, журналистика және ақпарат», 6B04 «Бизнес, басқару және құқық», 6B05 «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика», 6B06 «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», 6B07 «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», 6B08 «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», 6B09 «Ветеринария», 6В10 «Денсаулық сақтау» және 6B11 «Қызмет көрсету» білім беру бағдарламаларының топтары бөлінісінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар үшін 4 пайыздық қабылдау квотасының мөлшері бекітілген. Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 12-бабына сәйкес қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, абитуриент жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе сотқа тікелей шағымдана алады.

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар