Біздің билік халықтың мұң-мұқтажын елеп ескермегендіктен ел адамдары оданда жоғарғы билік өкілдеріне я болмаса журналистерге жүгінеді. Себебі кішкентай ғана мәселені шулатпай шеше алмайтын басшылары бар халықпыз. Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Қоянқұс-2 ауылының тұрғындары алты жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелерін айтып бізге хабарласқан болатын. Алматыдан 5 шақырым қашықтықта орналасқан 150-ге жуық отбасы тұратын ауылда жол, көгілдір отын мен интернет жоқ. Ендеше мәселенің мән жайын ашынған халықтың өзінен сұрайық.
Турдимат Көпжасаров, ауыл тұрғыны:
– Жалпы, әр адамның мал екеш малына, ит екеш итіне жаны ашиды. Оған қарағанда біз адамбыз ғой. Мына халыққа кімнің жаны ашиды? Осы халықтың аузынан шығып жатқан сөздер алты жылдан бері айтылып келе жатыр. Қашан жоғарыдағылардың құлағына жетіп, айтқан нәрсе қашан орындалады? Мен жасы келген адаммын. Өзім үшін алаңдамаймын. Мен мына жастар үшін, балаларымыз үшін алаңдап, шырылдаймын. Еліміздің болашағы осы жастар емес пе? Сабақ оқып, білім алайын десе интернеттері ұстамайды. Жылы үйде алаңсыз отырып өздері қалаған іспен шұғылдансын десең отын тасып, көмір тасумен жүреді. Жол тағы жоқ. Соның кесірінен ауырып қалсақ жедел жәрдем де келмейді. Сонда қайтпек керек?
Ғафура МҰХАМЕТҚАЛИЕВА, ауыл тұрғыны:
– Мына жолмен көктем мен күзде жүру мүмкін емес. Мектеп ауылдың сыртында. Бастауыш сынып пен 9-11 сынып оқушылары мектепке барып оқиды. Аяқ киімдері мен киімдері батпақ болып қалады. Осы жол мәселесін шешу үшін Іле аудандық Байсерке ауылдық округіне хат апарып жиналып барғанбыз. Өзіміз осы округке қараймыз. Адамдар жібереміз, шешеміз бұл істі деп шығарып салған. Алты ай уақыт өтті, ешкім келіп жағдайымызды сұраған жоқ. Айтылған нәрсе сол жерде қалды. Жол болмаған соң жедел жәрдем де келмейді ауылға. Бір адам ауырып қалса өз көлігімізбен жедел жәрдемді күтіп алып жол ортасынан адамды салып жібереміз.
Құндыз ДОСЕКЕЕВА, ауыл тұрғыны:
– Карантин болғандықтан балаларымыз қазір қашықтықтан оқып жатыр ғой. Ауылымызда интернет жоқ. Балалар сабақ оқи алмай, оқиын десе ғаламтор ұстамай қиналып кетті. Тапсырма жүктей алмайды. Соның әсерінен сабақ үлгерімдері де нашарлап кетті. Көгілдір отын да болмағандықтан осы қыста кей үйлерде ыс шығып, уланып жатқандар да кездесті. Өкіметтен көп нәрсе сұрап жатқан жоқпыз ғой. Осы аталған мәселелерді қарап, көмек қолын созса екен биліктегілер…
Өкіметтен қайыр болмаған соң ауыл тұрғындары өз қаражаттарын шығарып көшелерге жол төсеген. Бірақ карантин кезінде Талдықорған мен Алматыны жалғап тұрған негізгі жолға блокпост қойылғандықтан үлкен жүк көліктері ауыл ішімен жүріп, халық төсеген жолды шұрық-тесік еткен.
Берік МОЛДАЛИЕВ, белсенді, ауыл тұрғыны:
– Бізбен санасып жатқан өкімет жоқ. Проблемамызды тыңдаса да естімегендей болып елемейді. Қоянқұс-2 ауылына көшіп келгеніме 3 жылдай уақыт болды. Әлі жол төселген жоқ. Ауылда 34 көше бар. Бірде-бір көшемізде жол жоқ. Жыртық-жамау, балшық боп езіліп жатады. Ауыл тұрғындары өзіміз ақша жинап жол төсегенбіз. Карантин кезінде екі қаланы жалғап тұрған жол жабық болған соң ауылдың ішімен трактор, үлкен жүк көліктері өтіп көшені езіп, төсеген жолымызды шұрық-тесік етті. Көгілдір отын мәселесіне келер болсақ ауылға газ кіргізу әр үйге 700 мың теңгеден дейді. Бағасы өте қымбат. Бұл жерде қарапайым халық тұрады. Көп балалы аналар бар, жалғызбасты адамдар бар, жас отбасылар бар. Бәрі қарапайым жұмыскерлер. Ондай ақшаны қайдан алады? Ең болмағанда бағасын түсірсе тиімді болар еді. Қазіргі таңда осы ауыл белсендісімін. Ауылға газ келтіру мәселесімен жүгіріп жүрміз. Жанымда тағы ауылға жаны ашитын ауыл азаматтары бар. Кеше округ әкімшілігіне бардық. Әкім орнында болмағандықтан бізді орынбасары қабылдады. Қолымыздан келгенше көмегімізді жасаймыз деп уәде берді. Күтеміз.
Ауыл тұрғындарының арыз-шағымы бойынша Қоянқұс-2 ауылы Байсерке ауылдық округінінің әкімшілігімен байланысқа шыққан болатынбыз. Берген жауаптары төмендегідей болды.
«Байсерке ауылдық округ әкім аппараты» ММ – сі Сізге Байсерке ауылдық округіне қарасты «Қоянқұс-2» саяжайы тұрғындарынан 08.02.2021 жылы ауызша келіп түскен өтініштері бойынша келесідей жауаптарды жолдайды.
1.«Қоянқұс -2» саяжайына газ жүргізу мәселесі бойынша:
Қазіргі таңда округ әкімі газ жүргізетін инвестор қарастырып, аталған саяжайға осы жұмыстарды жасау үшін кеңесу, анықтау жұмыстарын жүргізуде.
- «Қоянқұс – 2» саяжайындағы көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша:
Қазіргі таңда округ әкімі саяжайға кіре беріс жолдарын заңға сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кеңесу, сұқбаттасу шараларын ұйымдастыруда.
3.«Қоянқұс – 2» саяжайындағы тұрғындарын интернет ресурстарымен қамтамасыз ету бойынша:
Байсерке ауылдық округ әкімі аппараты ММ – мен Іле ауданы АО «Қазақтелеком» компаниясымен округтегі интернет желісін төмен және кейбір елді мекендерде мүлде ұстамайтыны жәйлі бірнеше рет хат жолданып, АО «Казтелеком» компаниясы өз тарапынан интернет жүйесінің реттелуі және оның нақты жұмыс жасауы бойынша жоғарғы органдардан бюджеттік қаражат сұралып, қаражат бөлінген жағдайда қосымша интернет байланыстары жүргізіліп, жұмыстар атқарылатының хабарлады. Тұтыну кооперативі туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 мамырдағы № 197-II Заңының 8 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының тұтыну кооперативiнiң қызметiне араласуға құқығы жоқтығын мәлімдейді.
Суреттерді түсірген автор.
Парақшамызға жазылыңыз