///

Латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиі: Жұрт не дейді?

2795 рет қаралды
1

Қоғамда коронавирусқа қарсы вакцинамен бірге латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиі қызу талқыланып жатыр. Қазақстанда латын негізді әліпбиге көшу туралы шешім 2017 жылы шыққан болатын. Сол кездегі мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық комиссия құру жайлы тапсырма беріп, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшуді қамтамасыз ету жүктеген еді. Содан бері ғалымдар апострофты, диграфты нұсқалар ұсынып, ол нұсқалар тұрғындар арасында көп сыналды. Арада екі жыл өткен соң жуырда Үкімет басшысы Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізіп латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын таныстырды.

www.minber.kz сайтының әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарында жаңа әліпби туралы жұрттың пікірін білу мақсатында сауалнама ұйымдастырған еді. Қарапайым тұрғындардың басым көпшілігі жаңа әліпбиді де аса ұнатып, жылы қабылдай қоймаған секілді. Әлеуметтік желідегі пікірлерді сарапқа салсақ, “ң” дыбысының жаңа таңбалануы көпшіліктің ойынан шықпаған. Егер, осылай кете беретін болса болашақта “ң” дыбысымен қош айтысатын боламыз деген ойларын ашық айтады. Ахат Мұхамет есімді пайдаланушы: “Мен сегізінші сыныпқа дейін латын əліппесімен оқыған адаммын ең қиын тек шет ел атауларына ғана қолданатын əріптерді кіргізіп алыпты. Оқу да, жазу да қиын” деп жазады.

Раиса Иржанова атты желі пайдаланушы кириллицаның ауыстырылуына қарсы: “Мен кириллица əліппесінің қалдырылғанын қалаймын! Кириллица əліппесінен қор болған
ешкімде жоқ. Латын əліппесін баз қалпында, өзгертусіз шетел тілін меңгеру мақсатында пайдаланған жөн. Қазақ пен орыстың жалпақ тіліне латын əліппесі мүлдем келмейді. Латынға да, кирилицаға да жатпайтын бұл жат əліппе көңілге қонымсыз. Бала-шағаның, халықтың мыйын айналдырып жібереді. Онсыз да бала-шағаның сауатын ашу оңай емес. Орыс тілі үшін – кирилицаны меңгермесе болмайды. Ағылшын тілі үшін – шынайы латын əліппесін баз қалпында өзгертусіз меңгермесе тағы болмайды. Ал, қазақ тілі үшін игеріліп жатқан мына жаңа жат əліппе – жер мен көктің арасындағы секілді түсініксіз карикатура, тəлкек-мазақ үшін керек пе екен!?” деген ой айтса, тағы біреулері қос әліпбилік қазақ қоғамын екіге жара береді, сол үшін қоғам әуелі жүз пайыз қазақтілді болуы тиіс дейді: “Әліпбиіне көшу қиын шаруа емес,ата заңда қос тілділік аз болғандай, енді қос әліпбилік үрдіс пайда болғалы тұр!. Яғни,латын әліпбиімен қатар криллица қосарланып қолданыла берері сөзсіз. Өйткені ұлты қазақ еместер латын әліп биін өлсе де қабылдамайды. Олардың мүдделері күн тәртібінен түспейді,сонда илеуге көне беретін қазақ қана болар.( Әлгі 130-дан астам ұлт деген қағида тағы бар)” дейді Азамат Кәгібат.
Төменде тілші, әдебиетші ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің пікірін ұсынуды жөн көріп отырмыз:

Айгүл ІСМАҚОВА, Филология ғылымдарының докторы, профессор: 

Й ДЫБЫСЫ ҮШІН У ТАҢБАСЫН, У ДЫБЫСЫ ҮШІН W ТАҢБАСЫН АЛУ КЕРЕК ЕДІ
фото: Әлеуметтік желіден алынды

 «Ана тіліміздің реформаторы Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай Түркі тілдерінің ішінде ең таза күйінде сақталған Қазақ тілінің ажары мен нәрін /айтылу, оқытылу, жазылымын/ сақтап қалу бүгінгінің де басты мақсаты болу керек. Ұрпақтың қарғысына ұшырамас үшін кеше ұсынылған емлеге қатысты мамандармен ақылдасып келесі пікірді айтуды парыз деп санаймын.

  1. Әліпби ретінде жүйелілік жоқ: Ұ мен Ү, О мен Ө қатар тұрып, жуаннан кейін жіңішке сыңары келгенмен, Г (жіңішке) бұрын, Ғ кейін келген, яғни жуан түрі жіңішкеден кейін келген. К дыбысы І-ден кейін, Қ дыбысы П-дан кейін берілген; Ы әрпі В әрпінен кейін, І әрпі Й әрпінен кейін берілген. Балалар бұл дыбыстардың жуан-жіңішке екенін түсіну үшін қатар берілуі керек еді.
  2. Tassay, Nazarbayev сияқты сөздерде жазылып жүргеніндей, Й дыбысы үшін У таңбасын, У дыбысы үшін W таңбасын алу керек еді. Бұл орайда профессор Әлімхан Жүнісбек бастаған ғалымдардың ұстанымдарын қолдаймыз.
  3. Бұл әліпби бекітіле салмай, әлі де жөнделер, дұрысталар деп ойлаймыз. Себебі тілдің болашағы әліпбидің дұрыс болуына тікелей байланысты.

Түрмеде отырып Әліпбиді тізіп берген Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми негізді ұстанымдары бізге аманат екенін есте сақтайық. Ұрпақтың алғысын алу үшін асығыстық болмасын: Бабалар Аманатына қиянат жасалмасын!»

 Анар САЛҚЫНБАЙ, филология ғылымдарының докторы:

Й  ДЫБЫСЫ А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ ҰСЫНҒАН ӘЛІПБИДЕ У (УАЙ) ТАҢБАСЫМЕН БЕРІЛГЕН ЕДІ

 «Төл дыбыстарымызда сақталған ұлттық тілдің иммунитетін жоғалтып алмайық.

Ұсыныс:

І – Ī,

Ы –І,

Й – У– болғаны жөн еді.

Әліпбиімізде ана тілімізге тән дауыстылардың үндестік заңы бойынша, жуан, жіңішке дыбыстардың таңбалануында бірізділік сақталуы маңызды.

Ы-І дыбыстарының бір таңбамен беріліп, екінші нұсқасының үстіне умлаут белгісінің қойылуы осы заңдылықтың сақталуын нақтылайды. Бұл тәсіл Ақымет Байтұрсынұлының төте жазуынан келе жатқан тілдің ішкі болмысынан туындайтын жүйелі әрекет екені ғылыми қауымға белгілі.

«Жуан-жіңішкелік – тілдік, яғни функционалдық заңдылық. Жуан-жіңішкелік тілдің дыбыстық заңдылығы, мағына ажыратушылық қызмет атқарады. Жуан-жіңішкелік –  әуез эстетикалық категория» (ТБИ шығарған монографиядан).

І, і – таңбасымен – ы, і дыбысын белгілеуі тілдік жүйе заңдылығына сәйкес келер еді.

Қазіргі Й дауыссыз дыбысы А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ұсынған әліпбиде У (уай) таңбасымен берілген еді. Бұл таңба қазіргі қолданысқа біршама еніп, жазылып жүр. N. Nazarbayev, K. Tokayev т.б. кісі атауларының жазылуы осылай қалыптасты»

 

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, журналист: 

 АЩЫНЫ- АШШЫ ДЕП, ТҰЩЫНЫ – ТҰШШЫ ДЕП СОЗАМЫЗ БА?.

«Әліпби ауыстырудағы басты мақсат қазақы дыбысқа оралып, тілді азат ету еді. Ұсынылған жаңа нұсқада да ондай ерекшелік байқалмады. Жуан, жіңішкелік белгілерін алып тастады деген түк емес, біздің тіл онсыз да буын үндестігіне (жуан, жіңішкеге) бейім. -ц, -э, -южазғанда оңай алмасатын таңбалар, капитца-капитса, юла – иула, я-да сондай Яассауи – Иассауи… Конфетті кәмпит деп жат –ф-ны , велосипедті белесебет деп жат -ны далаға түкіріп тастап жатқан қазақы ауызға бұл дыбыстарды тықпалау не үшін керек? Таңбамыз өзгергенімен орысшадан құтыла алмаймыз мына сыйқымен. Ащыны ашшы, иә болмаса ашты деп, тұщыны – тұшшы деп созамыз ба? Таңбалардың төбесі шұқылып, сызылыпты, төмен жағы да шұбырыпты, жанына дәйекше қосылғандары болса одан да шылап жіберер ме еді деп қоямын»

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ, саясаттанушы, конфликтолог:

САЯСАТҚА БАЙЛАНБАҒАН, АЛҒАШҚЫ ҒЫЛЫМИ ШЕШІМ ҚҰТТЫ БОЛСЫН

 «Әліпбидің алғашқы үш нұсқасы да ғылымға түк қатысы жоқ, билік асығыс қабылдай салған дүмбілез нұсқа болды. Өкінішке қарай, жұрттың күлкісін, ашу-ызасын туғызған бұл нұсқалар тарихи шешімге көлеңке түсіріп, жобаның мән-мағынасын түсінбейтіндерді шошытып тастады.

Кеше шыққан әліпбидің жаңа нұсқасын ғалымдардың ой елегінен өткен, көптің көңілінен шығатын, ыңғайлы да ықшам нұсқа деуге болады. Бұл – ғалымдар ізденісінің, зерттеу-зерделеудің нәтижесі деп ойлаймын.

Тіл Білімі Институтыбас болып, кем-кетігін әлі де түзете жатар. Әліпби бойынша саясатқа байланбаған, алғашқы ғылыми шешім құтты болсын».

Екі жыл бойы талқыланған латын негізді әліпби Қазақстан Ұлттық арнасының «Ашық алаң» бағдарламасында да талқыланып ол хабарға скайп арқылы қосылған Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова студияға келген спикерлердің бірі Мәжіліс депутаты Қазбек Исаның ұсынысына «ғалымдарға сенейік» деп жауап қатты. Сонымен қатар Анар ханым осы инстутттың Қоғаммен байланыс бөлімінің мониторингі бойынша жаңа жоба қоғам тарапынан 80 %  қолдау тапқанын айтты.

Әрине бір инститтуың қоғаммен байланыс бөлімі жүргізген мониторинг нақты көрсеткіш деп айту қиын әрі асығыс шешім болар еді. Ендеше, бұл нұсқаның талдау барысында қоғамның сауатты пікірін ескереді деп сенеміз.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар