//

Мемлекеттік тұлғаларда мемлекетшілдік сана неге жоқ немесе Сапарбаев неден сүрінді?

6831 рет қаралды
фото: Литер

Қазақта «жақсы ат аяғынан сүрінеді» деген мәтел бар еді. Алайда, елдің көңілін тауып жүрген, көп жылдар бойы ат үстінен түспеген, кезінде атқарушы биліктің ең жоғарғы тұтқасын да ұстаған ардагер, жетпіс жастан асса да жер таянып алқынбай, арыны қайтпаған саясат саңылағы, бұл күнде Жамбыл облысының әкімі Сапарбаев мырза елге есеп беру жиынында үлкен мінберде тұрып аяқтан емес санадан сүрінді-ау! Сана болғанда жай сана емес, мемлекетшіл, елшіл, ұлтшыл санадан аяғына қан түскен жүйріктей жалманынан түсті.

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДІ ҚОРЛАУ, МЕМЛЕКЕТТІ ҚОРЛАУ

Мемлекетшіл сана дегеніміз не? Әлбетте тәуелсіздік алғанына отыз жыл, ал сол тәуелсіздік үшін неше ғасырлап отаршылдыққа қарсы жан-тәнін құрбан етіп күрескен қазаққа, соның ішінде елінің басқарушы биігінде отырған, отырғанда бір емес бірнеше жылдап тапжылмай, тағынан таймай айлап, жылдап ұзақ отырған биліктегі ақсақалдарға айтып, үйретіп жату енді әбестік болып көрінуі де мүмкін. Амал не, айтпасқа амалымыз, амал-шарамыз қалмай отыр. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мырза елге есеп беріп тұрғанында құрметті мінбер төсіндегі Елтаңба өңкей ығайлар мен сығайлар жиналған қалың жұрттың алдында аяқасты құлап түсті. Мұны көрген Сапарбаев міз бақпастан, жан-жағына мардымси қарап, шіренген қалпында әлде кімге «Ал, ананы!» деп зірк ете түсті. Жай «ал» десе керегі не? «Ананы!» дейді.

Ал жұрт болса, ақ қар, көк мұз, қақырық жерге түспес аязда астындағы атты қан сорпа қылып Көк Туды көтеріп, қыр-ойды қуырып қақаған қыста дүрлігіп, дауырығып шапқылап жүр. Ал бір әкім «Ананы» деп алшайып тұр. «Алдырар күн жаздырар» деген осы ма екен? Жоқ, әкімнің Мемлекетшіл санасының денгейі осы болса керек, көз алдында құлап жатқан Қазақ Елінің қасиетті рәміздерінің бірі Елтаңбаны иіліп алуға ақыл, парасаты жетпеді! Елтаңба болса кімде кімнің Құдайдан кейінгі құрмет тұтып, қастерлеп бас иетін мемлекеттік рәміз, нышандарымыздың бірегейі! Елдік тотем! Балабақшадағы бүлдіршіндерге, мектептегі балаларға солай деп, елшіл бол, мемлекетшіл бол, мемлекетшіл сана мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады деп үйретеміз. Маңдайымызға Елтаңбамызды қадап аламыз. Мемлекеттік органдарының маңдайшасында алтын түсті Елтаңба  тұрады! Ал әкім болса Елтаңбаны «ананы» деп анайы айбар шегеді. Күйінбей не етесің!

Елтаңба, Ту, Әнұран мемлекеттік ең зор нышан, оның астарында киелі ұғым, қасиетті ие жатыр. Егер әкім Сапарбаев сол мезетте, жүрегін жұлып алғандай күй кешіп, жалма-жан ұмтылып, ұшып барып, Елтаңбаны көтеріп, мінбердің үстіне қойып, сөзін жалғастырғанда бүгін оның аты аспандап, асқақтап жөнелер еді. Сапарбаевтың мемлекетшілдігіне жұрт қайран қалып, қолпаштай қол соғып, «міне, басшы, міне, нағыз елшіл азамат, міне,  шын ұлтшыл ер, патриот» деп бөркін аспанға лақтырып, шулап кетер еді. Тіпті «Сапарабаев президенттікке лайық бірден-бір сарабдал тұлға» деп ұрандатар еді. Бірақ, Сапарбаевтың санасы оған жетпеді, зор мүмкіндік, Алланың аузына салған алтынын тілімен түртіп шығарып тастап, мемлекетшіл санадан жұрдай екенін паш етті. Өзін мемлекетшіл санадан жоғары санаған паңдық қалың жұрттың алдында қара бет қылды. «Сенген атым сен болсаң, кісінегенің құрысын!» деп жатыр жұрт. Елдікті насихаттайтын, мемлекетшілдікті уағыздайтын, отаншылдыққа үгіттейтін үлгі тұтар, ісіне қарап өркендер өсер сенген серкеміздің қылған қылығы мынадай болғанда қара бұқарадан не қайыр, олардан қандай мемлекетшілдікті талап етеміз. Бұрнағы жылдардың бірінде, Түркия президенті, құрметті Тайып Ердоған көптеген елдің басшылары жиналған бір халықаралық жиыннан соң топпен суретке түсу сәтінде еденде жатқан елінің алақандай туын көріп, аттап өте алмай, тоқтап, иіліп алып, байыппен бүктеп, жүрек тұсындағы ішкі омырау қалтасына салып алғанын көріп, ет жүрегіміз елжіреген еді.

Мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын ең негізгі талаптардың бастысы олардың мемлекетшілдігі болмас па! Ал мемлекетшілдік мемлекеттің төріңде ұстап, төбеңе көтерер, мемлекеттік қасиетті рәміздерді құрмет тұтудан басталмас па?!

Б. Қарамер

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар