/

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный сотталды. Ресейдегі дүрбелеңнің соңы немен аяқталуы мүмкін?

2435 рет қаралды
фото: Тенгриньюс

Ақпанның екісі Ресейдегі оппозициялық саясаткер Навальныйдың “Ив Роше” ісі бойынша 3.5 жылдық шартты жазасы нақты жазаға ауыстырылды.  Сот Навальныйдың тергеу изоляторында болған мерзімін, қамауда отырған күнін есептеп, жазасын 2 жыл 8 айда өтеп шығуға шешім шығарды.

Алексей Навальный қаңтардың 17-сі елге оралғанда, сот оны 30 күнге қамағаны белгілі. Көп ұзамай Навальныйдың басқаруындағы “Жемқорлықпен күрес қоры” “Путин сарайы” атты деректі фильмді жарыққа шығарды. Бұл фильм 2 апта ішінде 107 миллион қаралым жинаған. Навальныйды қолдаушылар саны артып, Ресейдің 120-ға жуық қала тұрғыны наразылық акцияларына қатысты. Әділдікті талап еткен халық Навальный босатылсын деген үндеумен қаңтарда екі рет митингке шықты. Полиция қызметкерлері ереуілге шыққан халықты күшпен таратып, 10 мыңнан астам адамды қамауға алған.

НАВАЛЬНЫЙ СЕБЕПКЕРДІҢ БІРІ ҒАНА

Ресейдегі құбылыс Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, саяси жағдайына тікелей әсер етеді. Өйткені Қазақстан Ресеймен бірге Еуразиялық экономикалық одақта, Батыс Ресейге санкция салар болса, оның салқыны бізге де тиетіні айқын. Ресейдегі халық наразылығы, ереуіл және Қазақстанға әкелер әсері жайлы “Жаңа Қазақстан” форумының мүшесі, саясаттанушы Расул Жұмалының пікірін білген едік.

фото: aikyn.kz

– Ресейдегі жағдайды бұған дейін экономикалық, қаржылық дағдарыс деп келдік. Қазір басқару жүйесінің дағдарысына ұласқанын көріп отырмыз. Әсіресе соңғы 6-7 жылда Ресейде экономикалық жағдай күрт нашарлады. Ресейдің ресми дерегіне сүйенсек, халқының өмір сүру деңгейі төмендеп келе жатыр. Халықтың 30 миллионы кедейлік қамытын киген. Бұл мәселелердің алдын алу жайлы нақты концепция жоқ, керісінше құлдырап жатқанын көреміз. Ресей экономикасының бәсекеге қабілетсіздігі, ол мемлекеттің күретамыры мұнай мен газ бағаларының төмендеуі, батыс санкциялары, халқының тұрмыс жағдайының нашарлауы, барлығы Ресей экономикасының ұзақ мерзімді дағдарыста болатынының көрсеткіші. Ресейдің Украинаға, Сирияға, Грузияға жасаған озбыр әрекеттері әлемдік деңгейде абыройын төмендетті.

– Навальный Ресей халқының ереуілге шығуына себепкер болып отырған көп сылтаудың бірі ғана. Шын мәнінде Ресей көшелерінде наразылық акцияларына шығып жатқандардың себебі тек Навальныймен шектелмейді. Бұл әлеуметтік дағдарыс, күнкөрістің төмендеуі себепті туындап жатыр. Пандемия кезінде жалақыларының азаюы, азық – түлікке ақшаның жетіспеуі, жемқорлық, озбырлық, осының барлығы бүгінгідей жағдайға итермелеп отыр.  Бұл соңғы 30 жылда болған ең ауқымды толқу, ереуіл. Бұған дейін тек бір-екі қаламен шектелген. Қазір бүкіл Ресей ереуілге шығып жатқанын көріп отырмыз. Меніңше, бұның түбі Ресейдің одан әрі күйзеліске ұшырайтынын көрсетеді. Себебі бұл тығырықтан шығудың рецептісі Путиннің командасында жоқ. Отыз жылда Ресейді осындай жағдайға Путиннің сыбайластары жеткізіп отыр.

ОТАРШЫЛ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҒҰМЫРЫ АЯҚТАЛЫП КЕЛЕ ЖАТЫР
 – Екінші мәселе, тарихи  тұрғыдан алатын болса Ресей әлемдегі соңғы империя. Отар ел сияқты халқының тапқан – таянғанын тартып алды. Өз халқын кедейлікке ұрындырып отыр. Колониялар ескіліктің көрсеткіші. Барлық колония түбі құрып тынатыны анық. Ресей де колониялық империя болғандықтан, ғұмыры аяқталып келе жатыр. Бірақ дәл 2021 жылы іске аса ма, әлі ұзаққа бара ма, оны дөп басып айту қиын. Қазір Ресей басшылығы Федерацияны, Сібірін, Алтайын, басқасын да күшпен басып отыр. Тек қана мәжбүрмен, қысыммен, күш көрсетумен қысып отыр. Қазір Мәскеудің өзі әлсіреп келе жатыр.

 САЯСИ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК БАҒЫТТА ҚОРШАҒАН ӘЛЕМ РЕСЕЙМЕН ШЕКТЕЛІП ҚАЛҒАН ЖОҚ

  – Ресей ыдырайтындай жағдай орын ала қалса, Қазақстан дайын болуы керек. Бүгін болмаса ертең Ресей 10-15 бөлшекке бөлініп жатқанда біз не істеуіміз керек? Кез-келген сыртқы саясатта маңыздысы өз мемлекетінің қауіпсіздігін, тұтастығын халықаралық деңгейде сақтап қалудың ретін ойлауы керек. Және түрлі тәуекел, қауіп-қатер орын алатын болса алдын-ала болжап барып, шешім қабылдауы қажет. Біздің Ресейге деген тәуелділігімізді төмендету керек. Қазір бұл өте өзекті тақырып.

 – Ақпараттық, экономикалық, идеологиялық, саяси тұрғыдан Ресейге өте тәуелдіміз. Көп жағдайда орыс әлемінің бақылауындамыз. Бұның барлығы бізге өте үлкен нұқсан келтіріп отыр. Қазақстан да шығынға батып отыр. Ресейден де басқа мемлекеттер бар. Біріншіден өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынасты нығайтуымыз керек. Саяси, экономикалық, әлеуметтік бағыттармен қоршаған әлем Ресеймен шектеліп қалған жоқ. Еуропа, түркі тілдес қауымдастықпен байланысымызды нығайту маңызды. Екінші жағы оңтайлы саясат жүргізу керек. Өзімізге жақын мемлекеттермен қоян-қолтық араласуымыз керек. Тек Мәскеуге қарап қалмайық, бізде аймақаралық, облысаралық байланыс форматтары күн тәртібінде бар. Сол бағыттарда байланыс құруды ойластыру қажет. Қазақстан Ресей тауарларын тұтынады, ал олардың сапасы төмен, сын көтермейді. Шетелдің сапалы тауарларын қолжетімсіз етіп жіберді. Осылайша Қазақстан Ресейдің тауарларын сатып алып, Отандық экономиканы емес, Ресейді қаржыландырып отыр. Қазірдің өзінде осындай шығындар бар. Ресей ыдыраған күні біздің жағдай одан сайын не болары белгісіз.

Айта кетерлігі, Америка Құрама Штаттары мен Еуропарламент Ресей басшылығынан Алексей Навальныйды босатуды талап етуде.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар