////

Бақытбек Бәмішұлы: «Алтайдың ар жағынан айттым сәлем» ән мәтіні қалай жазылды?

6103 рет қаралды

Жуықта Рух.кз сайтында 17.09.2019 жылы жартияланған  «Ән тарихы» атты мақалаға көзім  түсті. Мақала « Ұлы дала тарихын біраз шертетін болсақ, сезімге толы сан алуан әндер барын байқаймыз. Соның ішінде шығу тарихы бұрмаланғандары да жоқ емес» деген жолдарды басты эпиграф ретінде алып, мысалға белгілі ақын-сазгер Тынышбай Рақымның «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін алсақ» деп басталғанынан-ақ ішім қылп етіп, бір нәрсені сезгендей болдым.

Тынышбай Рахым

Өйткені ақын-сазгер Тынышбай Рақымның «Алтайдың ар жағынан келген ару» атты талайдың жан жүрегін жаулаған әнінің шығу тарихы, оның кімге арналғаны, ән арналған жанға деген ынтығын ән мен ән мәтінін сәйкестіріп тамылжыта, үздіге жырлаған ақынға-сазгерге жауап жазған-жазбағаны, жазған болса кім жазды деген сияқты сан алуан сұрақтарға жауап іздеген алыпқашпа әңгімелер де, сарабдал, салмақты, салиқалы мақалалр да жарық көрген болатын. Біздің назарымды ерекше аударып, осы жолдарды жазуға, белгісіз автордың аталмыш мақаладағы, «Айта кетейік, Әмина Еркеш өзіне арнап ән шығарған ақынға құрмет ретінде өзі үнтаспаға ән жазып, хат жолдаған. Хатында:

«Ақиық қыран аға,

Ақ маржан жыр арнаған,

Өзіңді ел мақтамай тұра ала ма» деген өлең жолдары бар» деген жолдары болды. Белгісіз автордың жоғарыдағы эпиграфта «Соның ішінде шығу тарихы бұрмаланғандары да жоқ емес» деген жолдарды бекер жазбаған-ау деген ойға келдім.

Сәкен Қалымов

Тынышбай Рақымның «Алтайдың ар жағынан келген ару» атты әні өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында дүниеге келіп, белгілі әнші Сәкен Қалымовтың орындауында бағы жанып, ажары ашылып,  ән сүйер қауымның көңілінен шығып, көпке таралып, біршама танымал болған-ды. Ән мәтінің «Қимайтын жан екенсің
жат ұяға,
Қарғам-ау, кез болдың ғой қапияда.
Шіркін,
Мөп-мөлдір жанарың-ай,
Жаз дидар жамалың-ай.
Қалдым-ау, тіл қата алмай, қарағым-ай.
Қасыңа бара алмадым,
Сездің бе жан арманын?
Еріксіз
Қалқам саған ән арнадым…» деп үздіге салған сұлу да сазды әуенін тыңдаған жан еріксіз елтіп, мынау ән бір аруды бір көрген жерден ғашық болған жанның шынайы ынтық зары, тым болмаса тіл қата алмай қалған ғашықтың махаббат сезімінің мөлдір айғағы ғой деп таныры сөзсіз  еді де, өзіне осындай ән арнатқан ару жан кім екен, жалпақ әлемге жар салып, сұлу ән арнаған ару қандай жауап берді екен, өзіне сөзі мен әуенін сәйкестіріп ән арнап жатқанда арудың үнсіз қалуы мүмкін бе деген қызығушылығы туындауы да сөзсіз. Тынышбай Рақымның да Алтайдың ар жағындағы арудан бір жауап болар деп екі көзі төрт болып күткенін  оның жауап мәтінін өзі жазғанынан аңғаруға болады. Оны «Алтайдан сәлем» деп атап, ән әлемінің  «ақ баяны» Мадина Ералиева орындаса керек.   

Мәдина Ералиева

 Бұлбұл бақты сүйгендей, қыран көкті, ағажан,
Алатаудан Алтайға бір ән кетті, ағажан.
Адал сырды айтып тұр әуеніңіз, ағажан,
Неткен нәзік әсерлі жан едіңіз, ағажан.

Ән жүректі елжіретті,
Сезім көлін мөлдіретті.
Мен де арнадым өлеңімді,
Сәлемімді, ағажан.
Ақмаралды Алтай жақтан,
Шалғай жатқан, ағажан.

Көшкен елдің қызы едім Алтай асып, ағажан,
Өмір кештім тағдырмен тай-таласып, ағажан.
Алматыға барғаным елес болды, ағажан,
Әніңізді келеді көп естігім, ағажан.

Тағдыр тілдестірмейді-ай кейде бізді, ағажан,
Елестетем беймәлім бейнеңізді, ағажан.
Тілек болса көңілде айтпайсыз ба, ағажан,
Алтай жаққа бір келіп қайтпайсыз ба, ағажан?

Бұл ән осы мәтінмен бұдан кейін айтылды ма, айтылмады ма мен білмейді екенмін. Жалпы соңғы кезде бұл ән көп айтылмайтын да болды.

«Бір туынды тарихы» циклімен «Хабар» теле арнасынан (22.11.2020ж) берілген: «Алтайдың ар жағынан…«Қимайтын жан екенсің жат ұяға, Қарғам-ау, кез болдың-ау қапияда, шіркін!»  бағдарламаға қатысқан Сәкен Қалымовтың айтуынша жауап аз болмаған. Көптеген адамдардан жауап хат келген  Соның ішінде «маған ұнағаны» деп Сәкен  менің өлеңімнің екі шумағын жатқа айтып, орындаушы іздеп жүргенін еске алады. Бірақ мәтін авторы аталмайды.

Ақын, журналист  Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ «Алтайдың ар жағынан келген ару» әніне жауап жазған бір арумен сұхбаттасып, оның өлеңінің бір шумағын келтіреді.

Қонысбай Құтмағанбет

«Арнадың ақын аға жыр-әніңді,
Тербетті бір сағыныш жүрегімді.
Шіркін,
Асқар тау, Шынар аға,
Ақ иық Қыран аға,
Әніңе тебіренбей тұра алам ба?!»

Қыз жауабын тыңдап болған соң Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ әңгімесін былай жалғастырады.

«Ән салдың ақын аға
маған арнап,
Әуенің ел аспанын
алды-ай баурап,
Шіркін…

Ақ иық қыран аға,
Ақ маржан жыр-ән аға.
Өзіңді ел сыйламай тұра ала ма?
Аққу боп кетсем деймін,
Асыға жетсем деймін,
Алатау тау самалын
өпсем деймін!

От берген өлеңіңді жанарыма,
Баладым атамекен самалына.

Шын болса, арғы бетте жүрген ару,
Міндет қой ер жігітке – іздеп бару.

Жолдаймын дәру болсын орамалым,
Дәм тартса, елмен бірге ораламын» деп, «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінің әуенімен айтылатын осы әнді мен алғаш естігеннен жаттап алдым. Ол кезде біз де Өзбекстанда тұратын едік. Бұл әннің шығу тарихы, оның кімге арналғаны жайында ештеңе білмедік. Бірақ мен мұны «Қыздың жауап әні» деп қабылдадым. Және «тамаша жауап қайтарған екен» деп шын жүрегіммен риза болдым. Өйткені менің түсінігімде жауап қайтарған қыз тек өз атынан емес, Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұланғайыр Ұлы даланы мекен етіп, тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кетіп, Атажұртты аңсап, барша қазақ тәуелсіздіктің көк туының астына жиналса екен деп, Жер бетіндегі жалғыз ортақ Отанына оралуды армандап жүрген бүкіл сырттағы ағайынның сағынышы деп қабылдадым. Менің түсінігімде оны басқаша қабылдау мүмкін емес! Әр жұп жолды қарасаңыз да, бүкіл мәтінді толық тыңдасаңыз да, сырттағы ағайынның тарихи Отаны, атажұрты, қасиетті топырағына деген сарқылмас сағынышын сезесіз. Ән арнаған ақынға, жер қорғаған батырға, ел басқарған сұлтанға айтар сыртта жүрген ағайынды іздеп, жанашыры бар екенін білдіру, елге келуіне, ағайынмен араласуына жағдай жасау керек, осы мәселелер шешіліп, дидар бұйырып жатса, біз бәріміз келмейміз бе дегендей жүрек төріндегі сыр астарлы да әдемі базынамен астасып жатыр. Жалпы, қазақтың қай сөзінің де қолданылатын орны, айтар ойы, атқарар қызметі бар десек, бұл ән төрткүл дүниенің бұрыш-бұрышында тарыдай шашылып жүрген сырттағы ағайынның елге деген сағынышы дер едім дей келіп,- Кейін мен Қытайдан келген қандастарымыз – «Балдырған» журналының бөлім редакторы, ақын Құл-Керім Елемес, ақын Сайламхан Мұстахи бауырларымыздан да осы ән жайында сұрадым. Тіпті Сәкен бауырымызға хабарлассам, ол да білмейтін болып шықты. Қалай дегенде де бұл әннің мәтінін өзім толық білгендігіме және Атажұртыма оралып, қалың оқырманға жеткізу бақыты бұйырғанына қуаныштымын»,- депті ағынан жарылып.

Құтмағанбет мырза осы айтулы ән туралы  менің ішкі ойымды дөп басып,  бейне мен дыбыстап, ол айтқанымды, аузымнан шыққан сөзді айна қатесіз хатқа түсіріп отырғандай жазады. Құтмағанбеттің жазып отырғаны «Алтайдың ар жағынан айттым сәлем» деп ғұмыр бойы, өмір бойы ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ұлы аңсау орындалып, атажұртқа жетіп, кешегі сұлтан бүгін есіктегіңнен  де төмен күй кешіп, үй күйсіз жүрген шақта жер аңсаған сары атандай болып сарылып, тұла бойын сарыала сағыныш билеген жаныңның нәзік қылын дөп басқан осы әнге жауап мәтінін жазар алдындағы менің жан жүйемді шырғалаған ойлар емес пе еді.

Тап сондай күй кешкенім де шындық қой. «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні шығып ол қазақ радиосы мен теле арналары арқылы Сәкен Қалымовтың биязы, сезімге толы, жұмсақ та сүйкімді қоңыр әуенімен беріле бастағаннан-ақ бір жауапты мен де зарыға, тағатсыздана сарыла күттім. Мен ғана ма,  бүкіл қазақ баласы күтті десем аслық болмас. Төрткүл дүниеге түгел тараған қазақ баласының атамекенге жетсем деп армандаған аймаңдай аруына арналғандай ару әнге жауап жазбайды деп үш ұйықтасам ойыма да кірмеді. Ай өтті, жыл өтті. Жыл айналып көктем келді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы ғой бұл. (1991-1993 жылдар шамасы). Жауап жоқ. Әннің кімге арналғаны да бұл күнде аян болды. Ол қытайда тұратын, Әмина Еркешқызы деген диктор бойжеткен болып шықты. Бірақ Әмина қыңқ етпеді. Бұл бір албырт жігіттің «қызынар да басылар»  жылт етпе, бір сәттік  сезімінен туған жай бір ғашықтығын білдірген көп әннің бірі емес, бұл аралары алапат күштің әсерінен ғасырлап ажырап қалған елдің, күші басым елге қолды болып кеткен жұрттың артына, қамқоршысына «қаршығадай қайырылып» жаутаңдап, қимай-қимай қарағаны, «мені қайтесің, осылай жатқа қиып тастайсың ба?» деген назды да сазды, шерлі де шеменді сан жылдардан соң жолдап отырған үшбу хаты, дұғай сәлемі емес пе?! Ал енді бұған жауап жазбай көр. Сонан соң осы мәтінді жазып алдым да, Алматыға кезекті бір сапармен Әминанның келгенін естідім. Қолымда шоқ гүлім, бір шампаным бар қонақ үйге іздеп бардым. Кеш еді. Сағат жетілер шамасы. «Келген жоқ. Келеді. Осында. Кеш келеді» дейді кезекті күзеттегі азамат. Кетіп қалайын деп бір ойладым да, «Жоқ. Алдынан өтейін.  Ән арналған арудың бір ауыз рұқсатын алмай» мәтінді жария ету әбестік, сыйламастық болады. Қалай болған күнде де әнді арнайы арнаған иесі бар».  Сағаттар жылдай болды. Әлі жоқ. Кіріп-шығып жатқан адамдар аяғы да сиреді. Бір заматта күзетші: «Келді ғой. Кездеспейсің бе» дейді. Менің тапжылмай күтіп, талауырап отырғанымды да сезетін сықылды. Сағат он бірлер шамасы. «Қазір мен қоңырау шалайын. Шақырайын» деді. Онан кейін де бір неше он минуттар өтті. Бір заматта тығыршықтай бір бойжекен вахтердың қарсысындағы журнал столының жанындағы орындықта жайғасқан маған жетіп келіп:

Әмина Еркеш

-Сіз бе, мені тосып отырған,- деді төбемнен қарап.

-Иә, мен едім. Амансыз ба? дедім. Бұл Әмина ма, әлде емес пе, оған мән де бермедім-ау.

– Тыңдап тұрмын. -Қарсы беттегі орындыққа жайғаса бере,- Айта беріңіз!

– Айтқанда былай,- дедім мен де шамырқана қалып. – Өзіңізге арналған Тынышбай Рахымның әні шыққалы біршама уақыт болды.  Жұрт жауап күтеді. Жауап жазбадыңыз. Сондықтан Сіздің атыңыздан жауап жазып едім. Қалай қарайсыз,- дегенім сол еді,

– Сен кім едің, менің атымнан жауап жазатын. Жазам ба, жазбаймын ба, оны мен өзім білемін!- деп зірк етіп, үріккен  тауықтай қоқая қалды.  Мұндай жауапты күтпеген бейуаз жүрегім зырқ етіп, қаным бірден басыма шапты.

– Бұл әнді Тынышбай Рахым шынымен сізге арнаған деп ойлайсыз ба?! Қатты қателесесіз,- дедім де жоғарыда Құтмағамбет айтқан жолдарды төге салдым. Ол атып тұрып, дік-дік басып кете берді. «Сенген атым сен болсаң». Бетімнен отым шығып барады. Бетіммен жер басқандаймын. Өзімнен өзім ұялып, салым суға кеткендей, «гүліңнің де, шампанның да атасының аузын ұрайын» дедім де күзетшіге бұрылып қарай да алмай, шығып жүре бердім.

Ертесінде “Жібек жолы” көшесіндегі 50 үйдің жетінші қабатындағы «Жас Алаш» газетінің редакциясына бардым. Кешегі кешкі ашу басылмаған. Егер әлде кім «мына өлеңіңді баспаймын» десе «басын алатындаймын». Тілшілер бөлмесіне бас сұғып едім алдымнан ұзын бойлы, ат жақты, түсі жылы, сымбатты ақ сұр жігіт жолықты. Танып та тұрғаным жоқ. Бір парақ машинкалаған өлеңімді ұсындым. Ол парақтағы мәтінге көз жүгіртіп үлгірді ме, жоқ па білмеймін, алып қалды. Көп те күттірген жоқ. «Алтайдың ар жағынан айтым сәлем» «Жас Алаштың» келесі санында жарияланды. Сондағы азаматым бұл күнде қазақтың белгілі ақыны Алмас Ахметбекұлы екен. Тәңір жарылқасын! Кейін мен бұл мәтінді 1998 жылы жарық көрген «Мәңгі көк аспан астында» атты өлеңдер жинағыма енгіздім. Содан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті,  осы мәтінді біреулер толығымен өз атынан жарияласа, ал біреулер жоғарыдағы хатта келтіргендей үзіп-жұлып пайдаланса, енді біреулер мәтінге аз-мұз өзгерістер енгізіп қажетіне жарататын көрінеді. Осындай жағдайға бір емес бірнеше рет жолыққандықтан осы мақаланы жаздым.

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар