//

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) жалғасы

2380 рет қаралды

ДИПЛОМНЫҢ ПАЙДАСЫ ТИДІ

 УВС аймағының әкімі Қ. Сламхан деген азамат екен. Ол кісі осы шілденің 1-інен бастап Қобда аймағының әкімі болып тағайындалып, орнына УВС аймағының әкіміне Шағдыр деген моңғол адамы тағайындалды деді. Оны естігенде Кәп қуанып кетті. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген осы-ау. Шағдыр ағаның жан досы, жақсы-ақ болды. Әшім екеуміз ертең Шағдыр ағаның үйіне барып, сөйлесіп шығайық деп «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып, бір отырып, бір тұрды. Өйткені Шағдырдың үйінде бала күнінде тұрған екен.  Бала  атқаратын  алып кел, шауып кел, дейтін шаруаны атқарып, өз ағасы мен Шағдыр ағасының үйінде тең бала болып жүрген, оның үйіне етене өте жуық болған екен.

Ертеңінде ерте тұрып Кәп, Әшім екеуі Шағдыр ағайға жолығуға кетті. Олар барып сұрастырса Шағдыр ағай қонақ үйде екен. Кәпті көріп інісін көргендей қуанып, құшақтап бауырына басып “сені көргеніме қуаныштымын, қайдан жүрсің” деп,Әшімге де қол беріп амандасып мәре-сәре болыпты. Кәп ағасын көргендей көзі мөлтілдеп кетіпті. Шағдыр да сұңғыла адам ғой, бір жағдаймен жүргенін біліп қасына отырғызып, мән-жайды толық айтуды талап етіпті. Кәп те мұнда келген себебін толық әңгімелеп беріпті. Шағдыр одан сайын қазбалап жә-жә басқа қылығыңды қиюластыруға болады. Тек жолда ат көлік ұрлап міндің бе, соны жасырма депті. Кәп: «жо-жоқ». Шағдыр: «Кетерде мектептің бюджетінен ақша алып кеткен жоқсың ба?» Кәп: «Жо-жоқ. Тек қана өзімнің айлығымды алдым. Қай уақытта да ондай алып кеткен, ұрлап кеткен деген сияқты қылмыстық әрекеттер шықпайды маған сеніңіз, бұл нағыз шыным» депті. Шағдыр жасынан қолында өскен, аузын ашса жүрегі көрінетін, өзі білетін елгезек бала қалпын көз алдынан өткізіп, Кәпті жан-жақты барлай қарап отырып-отырып «Кәп, мен сені түсіндім. Мен осы аймақтың жұмысын өткізіп алайын. Келесі дүйсенбіде кел. Үйім әлі көшіп келген жоқ. Үйім көшіп келген соң, сені өзінен-өзі жер аудартқан келінді көріп босаға аттатамын» деп күліп жылы шыраймен қайтарыпты.

Бір жұма өткенше Оғызымдағы шақырған ауылға барып қыдырып қайтуға Әшім, Дәмен, Кәп төртеуіміз төрт ат мініп жұтынып жүріп бердік. Дөненбай атай “Алдымен осы ауылдың үлкені менмін, менің үйіме түссін, «ақсарбас» қойым байлаулы, ол балалар келген соң айтып соямын. Осындағы аз ғана ауыл адамдары түгел келіңдер”, деп барлығын хабарландырып қойыпты. Ауылға жақындағанда алдымыздан Шапай шығып, Дөненбай атайдың сәлемін айтып, сол үйге қарай бастады. Біз бара сала ақ батасы айтылып, қой сойылды. Ауылдағылар түгел жиналды. Шіркін, қазағымның қасиетті, мейірімді қариялары-ай! Дөненбай атаның жып-жылы жымиып өзіне тарта сөйлеп, қарақтарым, балаларым деп бір нәрсені ұқтырғысы келіп, келешекте кемелді адам болса деп, қауқылдаған қылығы әкемді көзіме елестетті. Бала болып өмірге келгелі еш уақытта ажырап көрмеген, үнемі көз алдында жүрген қайран әкемді, аяулы анамды ойлап сағыныш жасы тоқтасыншы. Мұндағы әр ауылдың адамдары әп сәтте жиналып қалды. Барлығы да алғашқы жолыққандай таңданбай-тамсанбай жып-жылы қабылдап, үлкендері шақырып маңдайымнан иіскеп, жастары да амандасып жайраңдап жүр. Бізде де алдыңғы күдік жоқ. Бірімен әңгімелесіп, бірімен кеңесіп, көп көрім еркіндеп қалыппыз. Той тосырқаусыз әркім білген өлеңін айтып, өзгеше көңілді отырыс болды. Келесі күні Кәтелханның, одан Оспанның, Көксеген, Бәйтіл бәрі-бәрі бір-бір малын сойып, әр үй сайын той болды. Бұл жақ та моңғол іші ғой. Қазақы ою-ою, шапан-көйлек тігуден қалыс қалыңқы екен. Менің бір су ішерім ою оямын, сызу сызамын. Қазақша шапан-көйлек, тымақ тігуді білетінім әжептәуір пайдасын тигізді. Әр үйдің қажетіне қарай, кейіне шапан, көйлек тіктім. Кейбіреуіне сырмақ ойып, түс кигізді сызып бердім. Бір апта өткен соң, қалған үйлерге кейін қыдыруға уағдаласып, Әшімнің үйіне қайттық. Дүйсенбіде Әшім, Кәп екеуі уәде бойынша Шағдырға сөйлесуге кетті. Таңертең кеткен екеуі түскі шай уағында кеңесіп, күлісіп келе жатты. Аймақ бастығы не дер екен деп елеңдеп отырған біз де түрлеріне қарап үміттеніп қалдық. Шағдыр Кәпке: «Жә, інім сенің ағаң Күнтуғанды жоқтатпаймын. Сен ұрлық-қарлықтан аман, адал болсаң, мен сені қолдаймын, қорғаймын!» депті. Кәп те қайталап: «Сеніңіз! Сеніңіз, аға! Мендегі бір кемістік заңға қайшы нәрсе алдыңғы әйелімнен заң бойынша ажырасқанымыз жоқ. Ол үйде қалды. Мені екі әйел алғаны заңсыз деп жауапқа тарта ма, содан қорқамын,»- депті.

Шағдыр: «Е,е, оны ойластырамыз, ол жағы жеңіл» деп қуантыпты. Шағдырдереу аймақтың оқу-ағарту ісін жауаптанған орынбасары Даваажавты шақырып алып: «Мына Кәп моңғол тілі мен әдебиеті мұғалімі. Жұмыс беру жағын қарастыр» депті. Даваажав Кәпті өзінің кеңсесіне ертіп барып аймақтың оқу-бөлім бастығын шақыртса «бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген рас-ау. Аймақтық оқу бөлімінің бастығы келсе өткен жылы өзін жұмысқа орналастырған Баян-өлгий аймағының оқу бөлімінің бастығы Ожылдай. Кәп екеуі бірін-бірі бас салып, құшақтасып амандасыпты. Шағдыр, Ожылдай екеуі де біздің туған жеріміз, сұмынымыз Баяннуурға көршілес Алтанцөгц сұмынының тумасы. Қазақшаға, қазақ салтына бізден кем емес. қазақтілді урианхайлар. Біз дараға бет алардағы Кәптің қапелімде есіне түсіп әкеле қояйыншы деп кері аттанған дипломының осы бүгін пайдасы тиді. Ожылдай Кәптің осы аймаққа келу себебін сұрап танысып алған соң: «Кәп, сенің еңбектегі елгезек, елпек, ізденгіш, жауапты екеніңді білемін. Сені осы УВС аймағындағы әйгілі алдыңғы қатардағы озат оқу тәрбиемен  еңбекті ұштастырып өз шаруашылығын дамытып отырған маңдай алды Улаангом аталатын 10 жылдық орта мектептің Моңғол   тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімдігіне тағайындап отырмын. Қазірден бастап жұмысқа кірісе бересің бе, басқа мұғалімдердің ауданы демалыста. Ол мектептің директоры озат іскер Сайнбуйн сыртқа Совет одағына 45 қонақтық іс-сапарға тәжірибе алмастыру жұмысымен қоса дем алуға барады. Сол мектептің жазғы шөбін жинап алу жұмысын жауаптанасың, шілде айының 15 жұлдызынан бастап жұмыс істейсің. Сен сырттан келгендіктен киізі екі қабат жылы үй беріледі» депті.

Олар таңертеңнен түске дейін ол адамдардың қабылдауында болып, жұмыс жасайтын ұйғарымдарын алып келіпті. Айтылған ұйғарым бойынша шілденің 15-інде жұмыс басталды. Киіз үй, 1 ағаш нар төсек, киіз үйді еден тақтайымен түгел екі үзік, төрт тудырлық бәрі екі қабат қалың кигізімен тігіп берді. Ықшам шай тақтай, дөңгелек темір пеш, қажетті ыдыс-аяқ, бір қанар ұн, бір қанар күріш, 10 кг құм қант, 10 қапшық шам, 10 кг қатырған май, 2 шай дегендей бәрін-бәрін бір машина ғып артып келіпті. Екі мақталы көрпе, екі матрац,  екі жастық. Сағидолда қарияның кең қашасының бір бұрышында үйдің тақтайын жайып, үйді тіктік. Үй жып-жылы пешті күзгі күн суытқанша далаға салып қойдық. Аллаға тәубә! Кеше жанымызды қоярға жер таппай қашып келген, «қашқын» атанып елді дүрліктірген, кім қалай қабылдайды деп кезіккен адамға жалтақтай қарап жаутаңдап жүрген жандар едік. Бүгін басымызға үй тігіп, бауырымызға қазан асып, ана Оғызымнан қалаға қатынаған ағайындар шелектеп айран, сүт ала келіп, бала-шағасы туралы, тағы басқа туындаған шаруаларының жай-жапсарын ақылдасып тиісті орындарға жалғастырып шешілуге Кәптің аздап септігі тие бастады. Бір айта кететін жайт, УВС аймағының әкімі Шағдырдың құлағына тиген екі әйел туралы мәселені Кәпті шақырып алып Шағдыр: «аймақтық сотқа арыз бер. Бір жақты болдырсын» депті. Көп кешікпей Кәптің үйінде қалған әйелінен ажырасты деген шешім сол аймақтық баспасөз «Малчин» (малшы) газетіне жарияланды. Моңғолдың заңы біреу-ақ соттан шыққан шешім жарияланған газетті сақтап, ал бір нөмерін ел айқасса  елге жібер, – деді. Ол бір ғанибет іс болды.

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар