///

Коронавирустың қайта өршуіне не себеп? Оны ауыздықтаудың амалы не?

3461 рет қаралды
COVID-19 new coronavirus vaccine, thermometer and medical mask

Қыс бітіп, көктем келе бастаған кезде Қазақстанда коронавирус індеті қайтадан өрши бастады. Бұл халықтың «вирустан құтылдық, енді бұрынғы өмір салтымызға қайтадан көшеміз» деген үмітін су сепкендей басып тастады.  

Кейінгі кездері COVID-19 пен пневмонияға шалдыққандар саны қайтадан көбейгені туралы елдің үкімет отырысы кезінде ақпанмен салыстырғанда наурызда коронавирустың артуы 30%-ке жетіп, ал сәуірде бұдан да көбейетінін атап айтқан болатын.

Қазақстан билігі  өткен жылы 16 наурыздан бастап елде пандемия деп жарияланған кейін, халық арасында вирусты таратпау мақсатында біршама шектеу шараларын қолға алды. Әрине Үкіметтің шектеу шараларының кемшіліксіз болмағаны айқын, десе де    шектеулер өз нәтижесін берді.  Вирус 2020 жылдың мамыр, маусым, шілде айларында қатты өршіп, таралу ауқымы да артып, өлім-жітім көбейді. Дейтұрғанмен жаз айларының соңы мен күзде вирустың таралуы тежеліп, өмір бір арнаға түсе бастағандай көрінді. Оған көптеген елдерде вирусқа қарсы вакциналардың пайда болуы да әсер етті.  Тіпті өткен жылдың соңында  америкалық «Pfizer» және германиялық «BioNTech» компаниясы бірігіп әзірлеген коронавирус вакцинасын әлемде бірінші болып тіркеген Ұлыбритания 8 желтоқсаннан бастап тұрғындарға еге бастады.

Қазақстан басшылығы болса былтыр Ресеймен келісімге келіп, оларда жасалған «Спутник V» вакцинасын сатып ала бастады. Батыс ғалымдары «Спутник V» вакцинасының клиникалық сынақ нәтижесіне күмәнмен қарап, өзін толық дәлелдемеген екпе деп сипаттады. Ал сынақтың барлық кезеңінен өтіп, тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген Батыстың «AstraZeneca», «Pfizer-BioNTech», «Moderna» вакциналарын алу жоспары туралы Қазақстан билігі арнайы мәлімдеме жасап, ол туралы ештеңе айтқан жоқ.

Ақыр соңында Қазақстан Ресейдің «Спутник V» вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсап, елде  2021 жылғы 1 ақпаннан бастап екпе салына бастады. Қазақстан денсаулық сақтау министрі бір айда кімдерге вакцина салынатыны туралы жоспар құрып, жыл соңына дейін 6 миллион адамды вакцинациялау жоспарланғанын айтты. Соның ішінде жылдың бірінші жартысында 2 миллион тұрғынға екпе салынбақ. Айларға бөлгенде: ақпанда – 100 мың, наурызда – 150 мың, сәуірде 600 мың адамды қамту жоспарланған.

Ал елде коронавирус індетінің өршіп кетуіне не себеп? Пайымдауымша, «вирусқа қарсы вакцина ойлап табылды» дегеннен кейін билік те,  халықт та сәл босаңсып, карантин шаралары жұмсара түсті.

Осыны пайдаланған жұртшылық ірі сауда орындары мен базарларда көп жиналып, қоғамдық көлік те  жолаушыға лық толды. Күндіз садақа, түнгі мезгілде жасырын өтетін отбасылық іс-шаралар (той, туған күн) күрт артып, түрлі жиындар көбейді. Әуе рейстері мен темір жол қатынастары ашылып, жолаушылар тасымалына рұқсат берілді. Бұл жағдайлар елде індеттің қайта өршуіне бірден-бір себепші десек, артық айтқандық емес.

photo: www.inform.kz

Жағдайдың күрделеніп бара жатқанын түсінген денсаулық министрі өзінің Facebook парақшасында қазақстандықтарға үндеу жолдап, алдағы мерекелік демалыстар кезінде барынша абай болуға шақырды.

Онда ол: – “Құрметті қазақстандықтар! Мерекелік демалыс күндері қарсаңында маңызды бір мәселені еске салғым келеді, күз бен көктемде жіті респираторлық вирустық инфекция (риновирус, аденовирус, парагрипп вирус және басқалары) асқынады. Қазір ЖРВИ маусымы жалғасуда, сондықтан сырқаттану қаупі сейілген жоқ”, – деп жазды Цой.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та 17 наурыз күні Қазақстан халқына арнайы үндеу жолдап, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырды. Сондай-ақ мемлекет басшысы халықтың сақтық шараларына басым назар аудару қажеттігін алға қойды. Дерт жұқтыру қаупіне немқұрайды қараған жағдайда былтырғы жаздағы жағдайдың қайталану қаупі жоғары екенін айрықша айтты.

Сонымен бірге елдегі эпидемиялық ахуалдың тұрақсыз екенін айта келе, қала тұрғындары мен бизнес өкілдері індеттен сақтануға аса мән бермей, оны елемей жүргенін атап өтті.

«Мен тағы да отандастарымызды сабыр сақтауға, барлық санитарлық нормаларды қатаң ұстануға, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырамын. Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакцинация жүргізуге дайын болуы керек. Біз 1 ақпаннан вакцинация жұмысын бастадық. Бірақ дәл қазіргі уақытқа дейін вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады. Жоспар бойынша біз 6 миллионнан астам адамға вакцина салдыруымыз керек.  Егер өз өндірісіміздің қуаты мен Ресейден әкелінетін вакцина жетпей жатса, онда нарыққа шығып, қажетті көлемді импорттау қажет. Жаппай иммунитет қалыптастырмай ауруды жеңе алмаймыз, экономиканы қайта қалпына келтіру де мүмкін емес», – деді Президент.

«Бұл мәселені өзім бақылап отырамын. Вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ. Осы мәселені азаматтардың есіне тағы бір мәрте салғым келеді», – деді мемлекет басшысы.

Көптеген мамандардың сөзіне қарағанда, вакцинация әзірге эпидемиологиялық ахуалға әсер ете қоймайды. Себебі адам ағзасында иммунитет қалыптасу үшін біраз уақыт керек.

Қазақстанның басқа өңірлеріндегідей Атырау облысының да эпидемиологиялық жағдайы сан құбылып тұр. «Жасылдан» «қызылға», одан «сарыға», кейіннен «қызылға» ауысып бағдаршамның түсіндей мың құбылды. Ақырында қазір өңір «қызыл» аймаққа жайғасты. Өкінішке орай, өңірде вирус жұқтырғандар саны күннен-күнге артуда. Бұған дейін науқастардың басым көпшілігі «Теңіз» кен орнынан тіркеліп келген еді. Қазір жағдай керісінше, тәулігіне 100-ден астам адам қауіпті індеттің ілмегіне іліксе, оның 75-80-і облыс орталығы Атырау қаласында тіркеліп отыр. Аудандарда да жұқтырушылар саны артып келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың 1 ақпанынан 8 сәуіріне дейінгі аралықта 6000-нан аса адамға «Спутник V» вакцинасының I-компоненті егілді. Вакцинаның II-компоненті 2 193 адамға егілді.

Облыста былтыр ахуал ушыққан сәтте инфекциялық ауруханалардың жағдайы мәз емес болатын. Науқастарға лық толып, орын тапшылығы да байқалып жатты. Қажетті аппараттар да жеткіліксіз болды. Ал қазір облыста коронавирус індетіне қарсы күресте денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық базасы біршама жақсарды. Облыста заманауи форматта жасақталған 200 орынды жаңа модульді аурухана бой көтерді. Бұдан басқа денсаулық сақтау мекемелерінде қосымша инфекциялық стационарлар жасақталды.  Оттегі станциялары да жасақталып, өкпені жасанды желдету аппараттарымен толық қамтылды. Дәрігерлер де біліктіліктерін арттырып, сырқаттарды кешенді түрде емдей алатындай білімдерін жетілдірді. «Жедел жәрдем» көліктері жаңартылды. Екі айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Мұндай жұмыстардың аз ғана уақыттың ішінде жасалып, реттелгені әрине құптарлық. Алайда мұның барлығы әлемді әбігерге салған дерттің алдын алудың жолы емес.

Мамандардың айтуынша, қазір қауіпті індеттің бір ғана жолы бар. Бұл жоғарыда айтылғандай, халықтың 65-70 пайызының вакцинациялануы. Бірақ халықт арасында былтырғы кезде короновирус індеті таралып, әлем бойынша пандемия, ел де төтенше жағдай жарияланып жатқанда да «бұл өтірік, қолдан ұйымдастырылған, дүние жүзі халқының санын азайту», «үлкен мемлекеттердің саяси ойыны» деген сияқты алып-қашпа ақпараттарға сену көбірек болды. Яғни халық арасында сенімсіздік «пандемиясы» таралып кеткендей әсер қалдырды, былтыр вирусқа сенбесе, биыл вакцинацияға да осылай сенмсіздікпен қарап отыр. Бұл әрине бір жағынан көптеген жылдар бойы медицинада қордаланып қалған мәселе болса, екінші жағынан билікке деген сенімсіздікте жатыр.

Ізбасар ҚАБИЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар