Кеше «Логистика және көлік академиясы» болып қайта құрылған (М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар) академияның «Теміржол құрылысы» факультетінің мұғалімдері мен студенттері, студенттердің ата-аналары «Теміржол құрылысы» мамандығының лицензиясын бермей, студенттерді еркінен тыс мамандығы мүлде сәйкес келмейтін оқу орнына ауыстырып жатқаны жайлы Білім және ғылым министірлігіне шағым айтты.
“Мінбер” тілшісі Назерке СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ оқытушылар мен студенттердің жанайқайын тыңдап келді.
Құралай ЖОЛДАСОВА, көлік құрылысы кафедрасының профессоры:
– Біз академияның негізгі лицензиясын алдық. Білім және Ғылым министірлігі 6 қосымша мамандықтың білім беру бағдарламасын беру керек еді. Бүгінге дейін теміржол, оның үстінде тұратын вагон, локомотив және ұйымдастыру деген төрт бағдарламаны берді. Ең негізгі мамандық-теміржол құрылысына лицензия бермей жатыр. Неге? Егер теміржолдың өзі жоқ болса, ол мамандықтар бізге не үшін қажет? Оның үстіне пандемия кезінде біз бұрынғыдай студент жиған жоқпыз, бұл балалар біздің академиядағы теміржол құрылысы мен автомобиль құрылысы мамандығын өздері таңдап келді. Ал, енді соларды Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс академиясына және Қазақ қатынас жолдары университетіне ауыссын дейді. Балалардың ешқайсысы ауысқысы келмейді. Себебі, қазір ауысса, олар сол жақта оқу бітіруге тиіс. Теміржол құрылысы мамандығын оқығанмен, ҚазБСҚА-ның дипломымен теміржолға жұмысқа алмайды ғой?.. ҚазБСҚА-ға бір күнде лицензия береді де 90 жыл бойы оқытып келе жатқан мамандыққа бермейді?.. Біз осы сұрақты Білім және Ғылым министрлігіне қойғымыз келеді. Біздің мұғалімдер де, материалды-техникалық база да дайын. Казір студенттер ана жаққа барады, ол жақта бұларға сабақ беретін мұғалім де жоқ қой?.. Кім береді оларға сабақты?.. Өздеріңіз қарап көрсеңіздер, ол жақта теміржол құрылысы факультеті жоқ. Оны бітірген студент ертең теміржолға барып не істейді?.. Кейін пойыздың бәрін жайратады ғой…
– Осы мамандықта қанша студент оқиды?
– 600 гранты бар студенттің барлығын сол жаққа ауыстырыңдар дейді. Ауыстыратын университет «Сендердің бакалаврларыңды ғана аламыз» дейді. «Магистрант, докторанттарыңды алмаймыз», тек қашықтан оқитындарды аламыз дейді. Сонда бұл жерде тек қана бакалаврдың ақшасына ғана алып тұр ма?.. Біз соны түсінбедік?.. Ақылы бөлімде 69 бала оқиды мамандық жабылса олар да кетеді ғой.
– Академияның негізгі лицензиясын алып алғаннан кейін Сіздер кері лицензия алдыңыздар ма жақында?
–Былтыр қаңтар айында лицензиямызды алды. Одан кейін біз «Логистика және көлік академиясы» болып қайта құрылып негізгі лицензияны алдық. Сол лицензияға 6 білім беру бағдарламасы, бірінші айтқан мамандықтарға берілуі керек еді. Соның төртеуін беріп, ең негізгісін бермей отыр және оқу жылының ортасында студенттер не анда жоқ, не мына жоқ, екі ортада қалды. Негізгі мамандықтың лицензиясы үшін қанша ата-ана, қанша студент, қанша оқытушы жүр.
– Лицензияны бермеу себебін немен байланыстырасыздар?
– Оны біз де білмей отырған жоқпыз ба?.. Лицензияны бізге бермейді де басқа ЖОО-на береді. Неге? Комиссия келіп бізді де тексерсін, олар сонда талапқа сай да, неше жыл жұмыс істеп келе жатқан біз неге сай болмаймыз?..
– Жалпы қанша студент оқиды?
– Кафедра бойынша 32 мұғалім болса, жалпы факультет бойынша 100 мұғалім және факультеттер бойынша 1300 студенттер бар. Соның 600і кетейін деп тұр қазір. Қалатыны көлік, вагон, локоматив. Осы мамандықтардың негізгісі «теміржол құрылысы» кетейін деп жатыр.
– Ауыстыратын ЖОО ны осы мамандық бойынша лицензия алды ма?
– Оларда жалпы лицензия бар, бірақ, осы теміржол құрылысы бойынша лицензия жоқ. Алдымен мамандықты аламыз, содан кейін лицензияны береміз дейді…
– Ректоратта бұл жайлы не деп жатыр?
– Ректорат қолдағанмен, министірлік бермей жатыр. Біз барлық талаптқа саймыз. Сенбесе келіп тексерсін, сөйтіп бізге лицензия берсін, жылдың ортасында балаларды да, ата-аналарды да шулатпайық.
Декан болсам да шарасыз қалдым
Саулет ШАЯХМЕТОВ, «Көлік техникасы және құрылыс» факультетінің деканы:
– Біздің академияның 90 жылдық тарихы бар. Теміржолға қатысты негізгі мамандарды дайындап келеміз. Теміржол көлігінің вагоны, локомативі, қозғалысты ұйымдастыру сынды бірнеше мамандық бар. Ол мамандықтардың бастауында көлік құрылысы тұрса оның ішінде теміржол құрылысы, автожол құрылысы, көпірлер мен туннельдер бар. Теміржол құрылысы мамандығына лицензиямызды ала алмай ата-аналар мен студенттерге өтірікші болып қалдық. Факультет деканы ретінде шарасыз қалдым. Ата-аналар күнде хабарласып жатыр. Біздегі бұл мамандықтың лицензиясын алуға негіз жоқ. Оқытушылардың барлығының біліктілігі жоғары. Студенттеріміздің барлығы да теміржолдың бойында өскен, сондықтан, саналы түрде жиналып осы жерге келді. Соңғы екі күнде жанымызды қоярға жер таппай отырмыз…
– 3 ай бойы студенттер шәкіртақы алмады дейді. Бұған не дейсіз?
– Алмағаны рас. Бізге басшылық лицензия берілгеннен кейін шәкіртақы бере аласыңдар, деп айтты.
Гаухар АНАР, студент:
– Біз осы академияның дипломын алғымыз келеді. Мейлі бір жылдан кеш бітіретін шығармыз. Мүмкін, екі жылға кеш бітіретін шығармыз. Бірақ, біз осы адамияның дипломын алып, осы академияның студенті болып бітіріп, теміржол саласында жұмыс істегіміз келеді.
Разия ОРАЗБАЕВА, студенттің анасы:
– Осыдан 4 жыл бұрын балам осында келгенде оқытушылар құшақ жая қарсы алып еді. Осы жерде білім алды, оқытушылары білікті, балам мақсатына жетуге екі ай қалғанда «Теміржол құрылысы» мамандығына сай оқытушысы жоқ басқа оқу орнына баруы керек. Бұл баланың өміріне балта шабу емес пе?!. Балаларымыздың осы академияда білім алғанын қалаймыз? Сол себепті Білім министрлігінен «Теміржол құрылысы» мамандығының лицензиясын қайтаруды сұраймыз. Балаларымыз базасы бар факультетте оқуын қайта жалғасын.
Асел МАРАТҚЫЗЫ, студент:
– Көлік және коммуникациялар академиясында оқығанмын. 1 ай бұрын мені басқа университетке ауыстырып жіберді, менен сұраған жоқ… Карантин уақыты болғаннан кейін, ауыспайтынымды айтып түсіндіруге келе алмадым. Қашықтан айтқанмен ешкім тыңдаған жоқ. Оқып жатқан оқу орнымыздан бізді еріксіз ауыстыру менің құқығымды шектеу деп санаймын. Жалпы біз, тәуелсіз Қазақстанда тұрамыз ғой, бірақ біз неге тәуелдіміз? Неге әр адам өз құқығын қорғай алмайды? Неге бізді естімейді? Неге студент мал құсап көшіп жүруі керек?..
Теміржол саласындағы негізгі мамандықтың жабылуына наразылығын айтуға жиналған студенттер, білім алып жатқан оқу орнымыздағы мамандыққа лицензия берілмей, басқа оқу орнына береміз дейді. Сонда мамандық ашу оңай ма деген ойларын айтып, өзге оқу орнында оқығылары келмейтінін жеткізді. Олардың айтуынша бұл академияны өздері таңдап келген әрі басқа оқу орнын бітірсе теміржолда жұмыс істей алмайтын көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік: Былтыр БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған еді.
Назерке СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ
Парақшамызға жазылыңыз