///

Қазақ ғылымының өркендеуі өкіметке тиімсіз бе?

1996 рет қаралды
photo: lenta.inform.kz

Билік алдағы күзге дейін елдегі 10 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцина салуды көздеп отыр. Қош. Ірі мемлекеттермен салыстырғанда бұл анау айтқандай тым үлкен көрсеткіш емес. Бір қаланың тұрғын санымен шамалас халық.  Бірақ, солай бола тұрса да, осы 10 млн халықты вакцинамен қамту үкіметке алынбас қамал, бітпейтін шаруадай көрініп тұр.

10 МИЛЛИОНДАЙ АДАМДЫ ВАКЦИНАМЕН ҚАМТУ ҮШІН БЮДЖЕТТЕН ШАМАМЕН 50 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ  ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕН

Отандық ғалымдар бір емес бес вакцина жасау жолында еңбек етіп жатыр. Алайда, оны жасау мен клиникалық зерттеу жұмыстарына кеткен қаражат ресейдің Спутник-V вакцинасын сатып алуға кеткен қаржының ширегіне шамалас.  Алды өткен жылы мамыр айында басталған зерттеулердің жүргізіліп жатқанына бір жылға таяу уақыт болды. Отандық вакцинаны алғашқы болып салдырғандар қатарында Президент кеңесшісі Ерлан Қарин, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бар.

photo:egemen.kz

Дегенмен, денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың дерегінше таяу уақытта елде 2 млн халыққа коронавирусқа қарсы екпе салу үшін  осы айдың соңына дейін Қазақстанға басқа өндірушілерден 500 мың вакцина дозасы жеткізіледі. Алайда денсаулық сақтау министрлігі вакцина атауларын жария ете алмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Бұл ресейлік  Спутник-V емес.  Марат Шоранов алайда, бұл 500 мың дозаны сатып алу үшін, қанша қаражат қарастырылғанын нақты жария етпеді.

Бұған дейін, наурыздың 22-сінде үкімет басшысы Асқар Маминнің Ресейге жұмыс сапары кезінде  «Спутник V» ресейлік вакцинасының 4 миллион дозасын Қазақстанға қосымша жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгені хабарланған еді.

Ал, 13 сәуірдгегі «Азаттық рухы» сайты келтірген деректе  «жалпы, ҚР аумағында «Спутник V» вакцинасына тіркеуді алған күннен бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені аталған вакцинаның 958 мың дозасын өндіріп жеткізді. Сондай-ақ, ресейде өндірілген «Спутник – V» вакцинасының 52 мың дозасын жеткізуді жүзеге асырды» делінген. Сондай-ақ, басылымның жазуынша «Қарағанды фармацевтикалық кешенінде вакцина өндірісінің көлемі сәуір айында 1,5 миллион дозаға жетіп отыр» екен.

Ең қызығы, Спутник-V Қазақстанда жасалсын, Ресейде жасалсын оны сатып алуға кететін шығын шамалас болады. Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шорановтың қаңтар айының соңында журналистерге берген жауабынан осыны ұқтық. Яғни, «Ресейде я Қазақстанда шығарылғанына қарамастан, “Спутник V” вакцинасының бағасы бірдей болмақ. Вакцинаның партиясына байланысты баға “20 мен 26 доллар арасында құбылуы мүмкін» деген еді. Шоранов, Ресейдің 2 млн доза вакцинасын сатып алуға “16 мен 17 миллиард теңге аралығында” қаражат бөлінді, деген еді. Ал, 11 ақпанда Денсаулық министрі Алексей Цой Ресейлік «Спутник V» коронавирус вакцинасының Қазақстандағы өндірісіне, Қарағанды фармацевтикалық кешеніне бюджеттен 15 млрд 175 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді.

Жалпы, жыл басында жалпы 10 миллиондай адамды вакцинамен қамту үшін бюджеттен шамамен 50 миллиард теңге  қаржы бөлінетіні айтылған болатын.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ВАКЦИНАНЫ ЖАСАУҒА БЮДЖЕТТЕН ҚАНША ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ 

Ал, енді Қазақстандық вакцинаны жасауға бюджеттен қанша қаржы бөлінді деген заңды сұрақ туады.

фото: lena.inform.kz

31 наурыз күні брифингте БҒМ ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева айтқан дерек бойынша «Былтыр коронавирусқа қарсы 5 вакцина шығаруға 1,5 млрд теңге бөлінген. Қаржы әр вакцинаға бөлек-бөлек бөлінбеген, өйткені 5 вакцина да Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты аясында дайындалып жатқандықтан, бұл біртұтас бағдарлама, яки қаржыландыру да ортақ. Жанна Құрманғалиеваның дерегінше, 1,5 млрд теңгенің ішіне ғалымдардың жалақысы да кіреді, сонымен қатар зерттеу жұмысына қажетті басқа да заттар, реагенттер сатып алынды. Керекті құрылғыларға қажет 800 млн теңгеден астам қаражат  басқа бюджеттік бағдарлама бойынша сатып алыныпты.

Ал, Клиникалық сынақтардың үшінші кезеңіне және үш мың еріктінің қатысуына 930 млн теңге бөлінген. Білім министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева бұл сомаға еріктілерді зерттеуге және сақтандыруға қатысқандарға бір реттік төлем кіретінін атап өтті, яғни бұл мақсатқа  600 млн теңге жұмсалған.

Өткен жылдың желтоқсан айында елімізде вакцина шығаратын зауыт салынатыны туралы жария етілген еді. Жамбыл облысы әкімдігі зауыт құрылысына 7 млрд теңге бөлінгенін, оның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына 2,6 млрд теңге жұмсалып, керекті құрал-жабдық алуға 3,3 млрд теңге кететінін хабарлады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Зауыт өз жұмысын 2021 жылдың I тоқсанында бастайды, деп жазған Курсив басылымы.

Тіпті осы шығындарды санағанның өзінде QazVac-ты әзірлеу Қазақстанға ресейдің Спутник-V вакцинасын әр дозасын 26 доллардан сатып алғаннан анағұрлым арзан түскен секілді.

Тағы бір қызығы, Спутник-V вакцинасы ағзада екі жыл бойы антидене қалыптастырады деген деректер айтылып жүр. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарияның пікірінше, «Спутник-V» екі жыл иммундық жауапты ұстап тұруы үшін екі жыл бойы оны тексеру керек. Бүгінгі күні бұл зерттеулердің жүргізілгеніне тек қана бір жыл болды. Сондықтан, оны нақты айту қиын».

Ал, «QAZVAC күші қанша уақытқа жетеді?» деген сұраққа Күнсұлу Закария, «ең басында ғалымдардың өзі вакцина салған сәттен бері тоғыз ай өтті. Тоғыз айдың ішінде иммундық жауап жоғары болып тұр», деп жауап берді.

Кеше, Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева вакцина әзірлеген ғалымдардың жалақысы көтеріліп, баспана берілетінін мәлімдеді. Ол «ғалымдардың еңбекақысын көтеруге қаражат бөлінгенін, Институттың ғылыми қызметкерлерінің орташа жалақысы 325 мың теңгеден басталатынын айтты. Сондай-ақ, Институт жанында қызметкерлерге 180 пәтерден тұратын үш тұрғын үй салынып жатқанын айтты. Жуырда ғана осы 180 пәтерге тұрмыстық техника, жиһаз және өзге де жабдықтар сатып алуға республикалық бюджеттен 293 миллион теңге бөлініпті. Ал, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ғылыми зерттеуге 2022-2024 жылдары 2,8 миллиард теңге бөлінген екен.  Сонда, вакцина әзірлегенге дейін, ғалымдардың жалақысы қанша болған? Бұл сома мақтана айтарлықтай үлкен қаражат емес қой. Екі палата жүзден аса депутат ел қазынасына қаншама қаражатқа түсіп отыр.

Ал, Қазақстандағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ҒЗИ шетелге вакциналар жеткізуші ретінде Кеден одағының тізіліміне енгізілген, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің вакциналарды өндірушілер тобына кіретін мекеме. Қазіргі уақытта ҒЗИ 5 зертхана базасында отандық вакциналардың 67 түрін өндірді, оның ішінде, денсаулық сақтау саласы үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы (әлемде 7) және жоғары патогенді шошқа тұмауына қарсы (әлемде 6), ауыл шаруашылығы саласы үшін құс тұмауына қарсы (әлемде алғашқылардың бірі), бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина (әлемдік аналогтардан асып түседі). Осы жылы аусылға қарсы вакцина және 4 СОVID-19-ға қарсы вакцина әзірленуде.

Өкіметтің қай шешіміне де халық қарсы болып отырған жоқ. Алайда, дәл коронавирус жайлаған уақытта отандық ғылымның мүмкіндіктерін көрсететін, мейлінше қолдау көрсететін уақытта «шортан көлге, аққу көкке тартып», ел қазынасы неге Отандық ғылымды қолдауға толық жұмсалмай отыр деген сұрақ туады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар