2021 жылдың 16 сәуірінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне байланысты және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Атқа міну мәдениеті – дала өркениетінің мұрасы» атты көрме ашылды. Көрмеге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Алматы облыстық Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің жәдігерлері қойылған.
Көрмеге шақырылған арнайы қонақтар жаңа көрменің тұсауын кескеннен кейін «Есік» қорық-музейінің директоры Мухтарова Гүлмира Райылқызы алғашқы құттықтау сөзін айтып, көрме жайлы қысқаша тоқталып өтті. Қонақтардың ішінен бірінші болып сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих, археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, т.ғ.к. Омаров Ғани Қалиханұлы көрменің жақсы жасақталғанын тың мәліметтер қамтылғанын тілге тиек ете отырып, қосымша археологиялық деректерімен бөлісті. Сөз кезегін алған «Ботай» музей-қорығынан келген қызметкер Сабина Амирова қорық-музей қызметкерлерін көрменің ашылуымен құттықтай келе, алда талай бірлесіп жұмыс атқаратындығын тілге тиек етті. Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы сөз барысында қорық-музеймен бірге атқарған жұмыстарын айтып, болашақта бірге атқаратын жоспарларымен бөлісті.
Көрмеде Ұлы даладағы атқа міну мәдениеті, жылқыны қолға үйрету тарихына қатысты мәліметтер бар. Ботай қонысына жүргізілген қазба жұмыстары жылқының ең алғашқы Қазақстан аумағында қолға үйреткендерін, энеолит кезеңінен бастау алғанын дәлелдеген. ХХІ ғасырдың бірінші жартысындағы археологиялық жаңалықтар жылқы мен адамның ғажайып әлемінің біртұтастығын көрсетеді. Жылқыны қолға үйретіп, кейін келе оны мініс көлігіне айналдырудың арқасында көне қоғамның мәдени-тарихи көкжиегі кеңейе түскен. Үйретілген жылқының көмегімен адам ұзақ қашықтықты бағындырып, үлкен құрлықтар мен кеңістіктерді игерді. Сонымен қатар жылқы қазақ қана емес, ежелгі дүние халықтарының бәрінде де мифологиялық дүниетанымды қалыптастырған, адамның досына, бауырына айналған ерекше қасиетті жануар. Уақыт пен кеңістікті бағындырған ат өз кезегінде адам тарапынан үлкен құрметке ие болып, небір тамаша мифтер мен аңыз-ертегілер туындаған. Мәселен, түркілердің билеушісі Афрасиаб: «Аспанда ай қандай маңызды болса, адам үшін ат та сондай маңызды» деген екен.
Жылқыны қолға үйрету арқылы күнделікті тіршілікте жылқы мінсе көлік, еті азық, қымызы сусын, әрі ем екендігін кез келген иісі қазақ баласы жақсы біледі. Ендеше, «Есік» қорық-музейіне келіп, тамаша көрмені көріңіздер демекпіз!
Гүлмира Жумай
«Есік» қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері
Парақшамызға жазылыңыз