Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаменті директоры Нұржан Тұрсынхановтың Қазақпарат агенттігіне берген мәліметінше, 30 наурыз – 7 сәуір аралығындағы кезеңде ұлттық валютаның айырбастау бағамы 6,8 теңгеге немесе 1,6% төмендеген.
Қазақстан валютасының әлсіреуіне мұнай бағасы мен Ресей рублінің серпіні ықпал ететіні баршаға аян. Ұлттық банк өкілінің дерегінше, өткен аптаның басынан бері Brent сұрыпты мұнай бағасы 4,1%-ға төмендеді. Сондай-ақ, ОПЕК+ мүше елдердің 1 сәуірдегі отырысының қорытындысы бойынша мұнайдың құбылмалылығы үдей түсті. «Сонымен қоса, Сауд Арабиясы мұнай өндіруді тәулігіне 1 млн баррельге ерікті түрде қысқартудан бас тартты. Нарыққа ұсынысты кейіннен ұлғайта отырып, Ираннан санкцияларды әлеуетті алып тастау және АҚШ-тың тақтатас секторындағы бұрғылау қондырғылары санының өсуі де мұнай бағасын белгілеуге қысым көрсетіп отыр», дейді Нұржан Тұрсынханов.
Бұдан бөлек, Тұрсынхановтың дерегінше Ресейге қатысты Еуропа мемлекеттерінің санкциялары және шетелдік инвесторлардың рубльдік облигациялардан бас тартуы рубль бағамын әлсіретті. Ресей мемлекеттік облигацияларындағы бейрезиденттердің үлесі 2015 жылғы тамыздан бастап алғаш рет 20%-ке төмендеген. Ал, импорт бойынша басты сауда әріптес Ресейге қатысты бұл жағдай да қазақ теңгесіне ықпал етіп отыр.
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуовтің дерегінше, соңғы он жылда Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастар күшейе түскен. Ал, Кедендік Одақ құрылғаннан кейін, Ресейден келетін импорт көлемі айтарлықтай ұлғайған. Кеден одағы құрылғанға дейін, 2000-2009 жж аралығында ресейлік тауарлардың жылдық орташа көлемі 6,6 млрд доллар болса, соңғы он жылдықта ол 13,2 млрд долларға жетіп, екі есе ұлғайған. Олжас Төлеуов Кедендік Одақ құрылғаннан кейін, Қазақстан қор биржасында және айырбастау пункттерінде рубльге деген сұраныс артқанын айтады. Ресми дерек бойынша елімізде 9,4 млрд ресей рублі сатып алынған, бұл Кедендік Одақ құрылғанға дейінгі көрсеткіштен 6 есе көп.
Жалпы, Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі RUB/KZT бағамының Қазақстан экономикасына ықпалы үш бағытта: сауда балансы, валюта бағамы және инфляциялық процестер бойынша жүруде деп бағалап отыр. Тіпті бұл құбылысты ол «рубль қақпаны» деп сипаттайды. Өйткені бұл Қазақстанда ақша-несие саясатын жүргізуге ықпал етіп отыр. Егер теңге рубльге қатысты әлсіресе бұл экономиканың тұтынушылық секторындағы инфляциялық қысымның ұлғаюына яки тауарлардың қымбаттауына әкеліп соғады. Сонымен қатар, Ресейге жасалған геосаяси және санкциялар қысымы біздің елге де ықпал ететін болады.
Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаменті директоры Нұржан Тұрсынханов, Олжас Төлеуовтың бұл қаупін растап отыр. Айтуынша, рубльдің айтарлықтай әлсіреуі соңғы күндері Украинаның оңтүстік шығысындағы жағдайдың шиеленісуіне де байланысты болып отыр. Салдарынан өткен аптаның басынан бастап Ресей рублінің бағамы шамамен 3%-ке төмендеді. Ол сондай ақ, РФ Қаржы министрлігі бюджет қағидалары аясында валюталарды сатып алу көлемін биыл ең жоғары көлемге дейін ұлғайтататынын айтады. Яғни, 7 сәуірден 7 мамырға дейінгі кезеңде бюджет қағидалары бойынша валюта сатып алуға 185,7 миллиард рубль бағыттау жоспарланып отыр, бұл – 2,4 миллиард АҚШ долларына тең. Бұл да рубльдің, соның салдарынан теңгенің әлсіреуіне ықпал етпек.
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуов рубль ықпалынан шығу үшін кешенді шаралар қабылдау керек дейді. Қазақстан «рубль қақпанынан» құтылуы үшін ішкі өндірісті, оның ішінде тұтыну және аралық тауарлар өндірісін арттыру арқылы импортқатәуелділікті төмендетуі тиіс. Бұл импортты алмастырып қана қоймай, жергілікті компаниялардың экспорт әлеуетін диверсификациялап, күшейтуге ықпал етеді.
Бұдан өзге Олжас Төлеуов Кедендік одақ аясында Қазақстанға тек айрықша жағдайларда ғана ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мен қолдау мақсатында баж және тариф саясатының элементтерін қолдануға кедергі келтіретін немесе шектейтін нормаларды қайта қарауды ұсынып отыр. Сондай-ақ, ол АҚШ пен Мексика үлгісінде шекара маңында екі ел мүддесіне де қызмет ететін кәсіпорындарды ашу арқылы екі ел арасындағы сауда байланысын күшейтіп, импорт алмастыру мәселесін жеңілдетуге болатынын айтады. Мұндай шаралар, Олжас Төлеуовтың пікірінше, RUB/KZT бағамының Қазақстандағы макроэкономикалық рөлін төмендетуге ықпал етіп, елдегі жүзеге асырылып отырған экономикалық саясаттың икемділігін күшейтпек.
Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаменті директоры Нұржан Тұрсынханов сыртқы факторлармен бірге теңге бағамына қысым жасауға ықпал ететін ішкі факторлар да бар екенін ескертіп отыр. Оның бірі соңғы жылы біршама төмендеген Іскерлік белсенділік индексінің көрсеткіші. Ол 2020 жылдың басынан бері алғаш рет биылғы наурыз айында 50 шегінен асып, оң көрсеткішке өткен. Іскерлік белсенділіктің қалпына келуі кәсіпорындардың операциялық және инвестициялық қызметі аясында шетел валютасына сұраныстың өсуіне ықпал етеді. Бұл да теңгені әлсірететін фактор. Сонымен қатар сәуірдің басынан бастап Қазақстан компаниялары ішінара акционерлер конвертациялайтын және валюта нарығында қосымша сұранысқа ие дивидендтерді төлеуге кірісті, дейді Нұржан Тұрсынханов.
Мақала «Қазақпарат» агенттігі мен Forbes.kz сайтында жарияланған материалдар негізінде әзірленді
Теңге әлсіреп барады. Түбінде ортақ валютаға көштін сияқтымыз гой.