Cәуірдің 12-сінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына төрт жыл толады. Төртінші жыл жүзеге асырылып жатқан жоба аясында не жүзеге асырылды, осы жолда қанша қаржы жұмсалды? Осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп көрдік.
2017 жылдың 12-сәуірінде Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Содан бері мақалада айтылған негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін бес жылдық бағдарлама қабылданып, миллиондаған іс шаралар ұйымдастырылды. Бюджеттен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 54 миллиард теңге қарастырылған.
2018 жылы “Рухани жаңғыру” қоғамдық даму институты” коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Ал 2019 жылы Қазақстанның он төрт облысы мен республикалық маңызы бар қалаларында “Рухани жаңғырудың» жобалық кеңселері ашылды. “Рухани жаңғыру» алты бағыт бойынша жүзеге асырыла бастады: «100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Киелі Қазақстан», «Қазақстанның жаһандық әлемдегі мәдениеті», «Латын әліпбиіне көшу» және «100 жаңа есім».
2017 жылы республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге (12,5 миллион доллар), 2018 жылы 531 миллион теңге (1,3 миллион доллар) көлемінде қаржы бөлінді. Дегенмен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бөлініп жатқан қаржының көбі имидждік шараларға жұмсалды. Конференциялар мен патриотизмге үндейтін іс әрекеттер көбірек ұйымдастырылды. Сол себепті бұл бағытта бөлініп жатқан қаржының тиімсіз жұмсалып жатқаны жайлы қоғамдық пікірдің өршігені соншалық, Президент Тоқаевтың өзі ақшаны оңды-солды жұмсауды тоқтату туралы тапсырма берді:
– Мемлекеттік шығындардың басты міндеті – қарапайым адамдардың проблемасын шешу. Қазір орталықта және жергілікті жерлерде өткізіліп жатқан имидждік шараларды түбегейлі қысқарту керек. Мен Үкімет пен әкімдерге сондай тапсырма беремін. Біз мемлекеттік деңгейде бюджетті нақтылауды негізгі мақсат етіп қоюымыз керек. Біздің тұрғындарға таза ауыз су, тұрғын үй, баспана, жұмыс орны және жайлы өмір сүру үшін инфрақұрылымдар керек. Біз осы міндеттерді шешуіміз керек. Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемалардың шешілуімен бағалаймын. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторлары – ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласының дамуы және салауатты өмір салтын қалыптастыру, – деген еді мемлекет басшысы.
Президенттің бұлай деуінің жөні бар, тек 2019 жылдың өзінде әртүрлі 209 имидждік шаралар, конференциялар мен форумдар өткізілген. 2020 жылы Президенттің сөзінен кейін бе әлде пандемия әсер етті ме, жоспарланған шаралар екі есеге дейін қысқарған.
«Біздің министрлік тарапынан қаржыландыру екі бағыт бойынша жүзеге асты: ақпараттық жұмыс және аталған бағдарламаның ғылыми әдістемелік бағытын жасайтын Қазақстанның қоғамдық даму институтының қызметін қамтамасыз ету үшін. Биылғы қаржыландыру екі есеге қысқарды әрі 277 миллион (667 мың доллар) теңге бөлінді. Бұл пандемияға байланысты», – деген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов.
Біз мемлекеттік сатып алулар порталындағы ақпаратты ақтара отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қалай қаржыландырылғанын сарапқа салып көрдік. Мемлекеттік сатып алулар порталында «Рухани жаңғыруға» қатысты 12 мекеме тіркелген. Соның бірі – “Рухани жаңғыру” қоғамдық даму институты” коммерциялық емес акционерлік қоғамы. Бұл қоғамның Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәртебесі – ұйымдастырушы және тапсырыс беруші. Ал өнім беруші ретінде ешқандай ақпарат жоқ. Алайда, Statsnet порталының мәліметтеріне сүйенсек, мекеменің жылдық пайдасы 2019 жылы – 862 миллион 824 мың, 2020 – 8 миллиард 866 миллион 313 мың тенге, 2021 жылы – 3 миллиард 817 миллион 070 мың теңге, тиісінше ең көп салықты 2020 жылы төлеген. Үш жыл ішінде жалпы 400 миллионнан астам салық төлеген.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәртебесі – ұйымдастырушы, тапсырыс беруші және өнім беруші. Үш жылғы сатып алулар нәтижесіне көз жүгіртсек, 2019 жылы – 24 миллион 260 мың теңгенің келісім шартын жасасқан. Тапсырыс беруші – Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму басқармасы. Қызметтің қысқаша мазмұны – “Рухани Жаңғыру” бағдарламасын іске асыру аясында іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу. Техникалық ерекшелік бойынша – 20 сағатқа есептелген “Рухани Жаңғыру” бағдарламасын іске асыру үшін мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, ұлттық бірегейлік пен эволюциялық даму қағидаттарын насихаттау мақсатында оқыту бағдарламасы, кемінде 450 адамды оқыту көзделген.
2020 жылы дәл осы қызметті бұдан екі есе артық сомаға өткізу жоспарланыпты (40 миллион 178 мың). Тек бұндағы өзгешелік – 600 адамды қамту көзделген, бірақ оқыту сағаты – 16.
Дәл осындай сомаға 2021 жылы да келісім шарт жасасып үлгерген. Қызмет түрінің алдыңғылардан айырмашылығы жоқ. Барлық сатып алу бір көзден жасалған.
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының “Рухани Жаңғыру” жобалық кеңсесі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәртебесі – ұйымдастырушы, тапсырыс беруші және өнім беруші. Бұл мекеменің 2019-2020 жылдары орындалған сегіз келісім шарты бар. Оның ең көбі 2019 жылға тиесілі. 55 миллион 762 мың теңге. Екі келісім шарттың екеуінің де тапсырыс берушісі Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы. Аталған мекеме 54 миллион теңгеге (қосымша құн салығын қоса есептегенде) Алматы қаласындағы Жоғары оқу орындарындағы Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының “Рухани Жаңғыру” жобалық кеңсесінің” қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған үш күндік семинар өткізу, мемлекеттік мектептердің оқытушылары үшін қаланың киелі орындарына экскурсия жасау, 4 тақырыптық монография мен 20 талдамалық материал мен мақалаларды жазу және шығару, тақырыптық билбордтардың эскиздерін дайындау, Алматы қаласында әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысқан қайырымды жандар мен волонтерлерді марапаттау бойынша «Жомарт жүрек» конкурсын ұйымдастыру және өткізуді жоспарлаған.
Ал, 1,2 миллион теңгеге тақырыптық видеороликтер дайындау көзделген. Әр видеороликтің ұзақтығы – 1 минуттен кем емес 7 ролик дайындалуы керек делінген техникалық сипаттамасында.
Ал 2020 жылғы бұл мекеменің сатып алу біршама аз. Атап айтар болсақ, бас аяғы алты тапсырыс алған. Тапсырыс берген мекемелер де әртүрлі. Мәселен, “Алматы” телерадиокомпаниясы, “Алатау ақпарат” ЖШС, Алматы қаласы Білім басқармасының “Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласы Білім басқармасының “Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны, Алматы қаласы Білім басқармасының “Алматы көпсалалы колледжі” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны және Алматы қаласының Мәдениет басқармасы. Бұл мекеме 2020 жылы жиыны 7 миллион 773 мың теңгеге келісім жасасқан. Төмендегі графикке көз салыңыз:
Қандай да бір бағдарлама қабылданғанда, оған шенеуніктер, одан төменгі атқарушылар жымқырып қалу тұрғысынан емес, шынымен ұлтына жаны ашып, іске кіріссе, қаншама жетістікке жетер едік, жоғымыз түгенделер еді. Санамыз қашан өсіп, қашан тойынып болар екен біз?! Эхххх
[…] жұмсалды? Осы және басқа да сауалдарға әріптесіміз «Minber.kz» ақпараттық агенттігі жауап іздепті. Біз аталған материалды «Abai.kz» […]