Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы орталық көшелерге әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев есімдері берілді.
Мінбер.кз сайты 2020 жылдың 19 маусымында Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбайұлы атында көше жоқ екенін жазып мәселе көтерген еді.
Биыл 19 наурыз күні Онамастика заңнамасына сәйкес жиын өтіп, онда аудан тұрғындары Шонжы ауылының орталық көшелеріне адамзаттың екінші ұстазы Әбу-Насыр әл-Фараби, қазақтың Бас ақыны, ғұлама ойшыл Абай Құнанбайұлы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев есімдерін беру туралы ұсынысты қолдаған.
21 сәуір күні аудан орталығындағы үш көшеге ұлы тұлғалардың есімі жазылған тақта ілініп, ресми ашылу салтанаты өтті. Карантин талаптарын сақтай отырып өткен жиынға Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, аудан әкімі Шухрат Нурахунов, аудандық мәслихат депутаттары Жәнет Керімқұлов пен Анар Дүйсенбайқызы т.б. аудан белсенділері қатысты.
Еске сала кетсек: Былтырғы дерекке сәйкес Шонжы ауылында барлығы 119 көше бар, оның 29-на қазақ, 33-не, ұйғыр, 2-не басқа ұлт азаматтарының есімі берілген. Қалған 55 атау Тәуелсіздік, Ажар, Жас ұлан, Болашақ секілді қазақ тіліндегі атаулар болған.
Парақшамызға жазылыңыз