////

ҰБТ-ның жаңа форматы түлектерге қалай әсер етті?

3050 рет қаралды
фото: Youtube

2021 жылдан бастап ҰБТ-ның жаңа форматы енгізілген болатын:

– тестіленуші өзіне ыңғайлы орынды, күнді, уақытты өзі таңдай алады;

– тест тапсырушы тапсыру тілі мен пәндер бойынша өтінішін өзгерте алады;

– тестілеу барысында белгілеген сұрақтарға қайта оралып, қате жауаптарды түзетуге мүмкіндік беріледі;

– интерфейсте калькулятор мен көмекші кестелер (Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестесі) көрініп тұрады;

– тестілеу нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу аяқталғаннан кейін бірден белгілі болады;

– тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда апелляцияға бірден беруге болады. Бұл туралы бұған дейін “Мінбер” сайтында айтылған еді.

Эльвира Муканова, 11 сынып оқушысы:

– Карантин ҰБТ-ға дайындыққа әртүрлі әсер етуде. Есесіне көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Бұл түлектер үшін үлкен мүмкіндік. Алдыма таңдау қойса, мен ҰБТ-ны компьютер арқылы тапсырар едім. Өйткені, қағазды бояп отыру көп уақыт алады және жауап тексеретін машинадан техникалық қателіктер кетуі мүмкін. Қай жағынан қарасақ та компьютермен тест тапсыру тиімдірек. Бірақ тестілеу уақытында басқа да техникалық ақаулар орын алуы мүмкін. Жалпы түлектерге ата-ана мен мектеп тарапынан қолдау көрсетілуде. Мұғалімдер де көмектесіп, керек нәрселерді біліп беруге тырысады. Кейде түсініспеушіліктер болса да, қолдау көрсетіліп жатыр.

Әр бітіруші түлек үшін оқу орны мен жақын адамдары тарапынан қолдау көрсетілуі өте маңызды. Оқушылар эмоционалды күйзеліске түсіп, тесті тапсыра алмау қорқынышынан өз денсаулығына зақым келтіру жағдайлары да тіркелген болатын. Бұндай жәйттерді  болдырмау үшін ҰБТ тапсырушы оқушының психо-эмоционалды қалпын назарда ұстап, қолдау білдіру керек.

Даурен Газезов, 11 сынып оқушысы:

– Пандемия кезінде енгізілген талаптар бітіруші сыныпқа жаман әсер етті деп ойлаймын. Бүгінгі күні өзім үшін дайындыққа уақыт жетіспейді. Себебі, қалай болса да үйден оқу, үйден емтиханға дайындалу қиынға соғады. ҰБТ-ның жаңа форматына көзқарасым жақсы, себебі, бейіндік пәндерге көп көңіл бөлінген. Ескі не жаңа форматта тест тапсыру таңдауы болса, жаңа форматта тапсырушы едім.

ҰБТ-ның ішкі форматында өзгерістер бар. Осыған дейін негізгі Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы пәндерінен 20 ұпайлық 20 сұрақ, таңдау пәндері (2 пән) 40 ұпайлық 30 сұрақ (оның ішінде 1 жауапты 20 сұрақ үшін 20 балл, 1-3 жауапты 10 сұрақ үшін 20 балл) болды. Биылғы жаңа форматты ҰБТ-да оқу сауаттылығы 20 сұрақ, 20 ұпай болып қалды, ал математикалық сауаттылық пен Қазақстан тарихы үшін 15 ұпайға бағаланатын 15 сұраққа қысқарды. Олардың ұпайы 2 бейіндік пәннің тақырыптық сұрақтарына  қосылды (45 ұпай). Жалпы екі форматта 120 сұрақ, 140 ұпай.

Назерке Нұрғалиева, 11 сынып оқушысы:

– ҰБТ-ның жаңа форматы маған ұнайды. Бейіндік пәндерге көбірек көңіл бөлінген. Карантин де түлектерге қолайлы болған секілді. Дайындалуға уақыт жеткілікті болды.

Үлгерімі орташа деңгейдегі оқушы Ұлттық Бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткіш көрсетуі екіталай. Дайындық үшін білім беру орталықтарына барады. Осы орайда «Достық» білім беру орталығының Орал қаласындағы директоры Ташбаев Азизхан Халибековичті сөзге тартқан едік:

– ҰБТ-ның жаңа форматы – қағазда түрінен онлайн тестілеуге өту. Оның да өз жақсы әрі жаман келеңсіз жақтары бар. Мысалы, жарық өшіп қалуы мүмкін, компьютер қатып қалу ықтималдығы бар деген секілді. Және уақыт жағынан өзгерістер бар: өткен жылы 3 сағат 50 минут болса, биыл толық 4 сағат, яғни 240 минут беріледі. Біздің орталықта ай сайын оқушылар тест тапсырады.  Сәйкесінше, формат туралы естіген күннен бастап барлық тесттерді онлайн форматта енгіздік.  Қазіргі таңда онлайн формат бізде ғана бар. Бірақ, сабақта өзгеріс жоқ, сол тақырып, сол сұрақтар. Карантиннің  елге пайдасы болды. Шекаралар ашық болған кезде еліміздің жастары шетелге көп кететін еді. Қазіргі таңда көбі Қазақстанда қалып, білім алып жатыр. Екіншіден, шетелге кететіндер ақылы оқитындар еді. Оларға шекті баллдан асыру міндет болмады. Қазір елде қалу керек болғандықтан, оқуға қызығушылық артты. Қазақстан университетіне түсу үшін шекті баллдан асыруға талпыныс пайда болды. Тіпті кей университеттер өздерінің шекті ұпайын қойып жатыр: «90 баллдан төмен жинаған оқушылар қабылданбайды»,- дегендей. Соған байланысты жоғарғы оқу орнына түсемін деген балалар қарқынды арттыруда. Біздің оқушылар саны солай артты деуге болады. Ол карантинде сабақ оқылмағандықтан емес, бірақ қиындықтар да болды. Өйткені, өткен жылдың наурыз айынан бастап, көп балалар білімнен алшақтап кетті. Онлайн оқу бәрібір жеткіліксіз, мұғалімнен алған сабақтың сезімі берілмеді. Соңғы екі-үш жыл бойы көшіруге рұқсат етілмейтіндіктен, балаларда өсу бар. Testcenter-дің басшылығы ауысып, Дидар Смағұлов келгелі, оқушылар оқи бастады. Жастар әртүрлі жағдайда қиналып қалуы мүмкін. Сондықтан, жұмысымыздың басты бөлігі ретінде біз оларға психологиялық қолдау білдіреміз. Керек болған жағдайда, белгілі бір бағыт көрсетіп, жол сілтей аламыз.

Ажар Туралиева, Орал қаласы.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар