«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдады
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалды.
Заң жобасын қабылдаудың мақсаты шетелдік жер пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларының, сондай-ақ қандастардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және жер пайдалану құқығымен иеленуіне тыйым салуды енгізу болып табылады.
Заң жобасын Палата ағымдағы жылғы 7 сәуірде бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасын енгізу мақсатын күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді. Атап айтқанда, шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар, шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындар заңды тұлға қатысушыларының құрамына кірген жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға қатысушысының Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімдері көзделген.
Бұған қоса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық-нақтылау сипатындағы түзетулер қабылданды, сондай-ақ заң жобасының ережелері бір-бірімен үйлескен.
Мәжілістің барлық комитеттері осы Заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Мүдделі уәкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 3 отырысы және Бас комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілді. Салыстырмалы кесте қабылданған 18 позициядан тұрады.
Баяндалғандарды негізге ала отырып, Аграрлық мәселелер комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдауды және оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жіберуді ұсынады.
Естеріңізде болса, бұл заң талқыланып Жер комиссиясы құрылып, әр сенбі сайын өтетін комиссия отырысында ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлерді жалға беру не бермеу жайында талқылау өткізіп келген. Бірақ, Жер комиссиясының бұл талқысын депутаттар елемеген сыңайлы.
Парақшамызға жазылыңыз