//

Жолдас Өрісбай: “Қара нәсілді жүргізушіні ақ нәсілді офицер атып өлтірді” АҚШ-тың Миннесота штаты Миннеаполис қаласындағы жайт жаңа бір қақтығысқа негіз болуы мүмкін

1267 рет қаралды
“Қара нәсілді жүргізушіні ақ нәсілді офицер атып өлтірді” АҚШ-тағы нәсілдік мәселені тағы да ушықтырған жағдай туралы The Associated Press дәл осындай тақырыппен жазды. AP үнемі центристік позиция ұстанады. Бірақ, менің ойымша, мынау тақырыбы провокативті.
Оқиға: Екі күн бұрын АҚШ-тың Миннесота штаты Миннеаполис қаласында Даунт Райт есімді афро-америкалық полиция қолынан мерт болды. Патруль оны тіркеу уақыты өтіп кеткен көлікті жүргізгені үшін тоқтатқан. Райт өзге бір қылмысы үшін сотқа бармағаны үшін іздеуде болған. Офицерлер оны білген соң, Райтты тұтқындамақ болады. Бірақ Райт қарсылық танытып, көлігіне мініп, қашуға тырысады. Сол кезде Ким Поттер есімді қызметтегі офицер оған оқ атып үлгереді. Көлік аз қозғалып, соғылады. Жедел жәрдем Райттың оқиға орнында мерт болғанын мәлімдейді.
Естеріңізде болса, дәл осы қалада өткен жылы Джордж Флойд өлтірілген еді. Артынша, бүкіл АҚШ бойынша Black Lives Matter қозғалысы күшейді. Қазіргі таңда, Флойдтың өліміне қатысты сот әлі жүріп жатыр.
Оқиға салдары: Өткен жексенбіде Black lives matter қозғалысының қолдаушылары әділдікті талап етіп, көшеге шықты. Тек Миннеаполис емес, Нью-Йорк және Сан Диего қалаларында да қарсылықтар өтіп жатыр. Райтты атқан офицер мен ол қызмет еткен департамент басшысы қызметтен кетті.
АҚШ медиа позициясы:
Нағыз pro-либералды, яғни радикалды солшыл медиа ресурстардың ішінен Bipartisan Report көзге түсіп отыр. Бұл медиа кликбейт мақсатымен Райт өліміне қатысты Обаманың твитіне сілтей отырып былай жазады: “Обама полиция қатыгездігіне қарсы бірігуге шақырады” (Obama Issues Tuesday Rallying-Cry to Unite Against Police Violence). Обама твитінде қоғамдық қауіпсіздікті дұрыс ұйымдастыру үшін реформа керек екенін жазған. Ал медиа оны тура мағынада қарсы шығуға шақырғандай етіп жазып отыр.
Солшыл идеяға, яғни либерализмге жақын (left-leaning) медиа ішінде британдық The Guardian басылымының АҚШ-тағы редакциясы алғашқы абзацында қара нәсілді азаматты ақ нәсілді офицер атып өлтіргенін жазады. Меніңше, дәлі қазір, кімнің ақ нәсілді, ал кімнің қара нәсілді екенін ашып жазбай ақ қою керек. Себебі халық арасында жәбірленуші үнемі қара нәсілді, ал күшін асыра сілтеп пайдаланушы үнемі ақ нәсілді деген ой қалыптасады. Дәл осындай ойға сілтейтін тақырыпты және лидті (lead/lede оқырманның назарын тартатын, мақаланың мазмұнын жеткізетін алғашқы параграф немесе сөйлем) The Washington Post, CBS News, CBC News, PBS NewsHour, Chicago Tribune, The Los Angeles Times, San Francisco Chronicle, Chicago Sun Times, Sydney Morning Herald (Аустралия) және South China Morning Post (Гонконг) басылымдары қолданған. Солшыл да емес, оңшыл да емес (центрист) The Associated Press, BBC News, VoA және USA Today медиа ресурстары да оқиға құрбаны мен полиция офицерінің нәсілін алға тартып көрсеткен. Солшыл идеяға жақын және центрист басылымдардың арасында тек NPR, ABC News, The New York Times, Newsweek, Forbes және NBC News медиа ресурстары оқиға кейіпкерлерінің нәсілін мақала фронтында көрсетпеуге тырысқан.
Енді оңшыл идеяға, яғни консерватизмге жақын (right leaning) медиа ресурстардың қатарында Boston Herald, National Post және New York Post басылымдары мерт болған азаматтың қара нәсілді екенін лидте жазады. Ал сол оңшылдар қатарындағы The Wall Street Journal, West Central Tribune, The Washington Times, The Daily Caller, The Daily Wire, National Review, Fox News және Breitbart нәсілдік мәселені алға тартпаған. Олар көбіне “20 жасар Даунте Райтты атқан” немесе “20 жасар ер азаматты атқан” деп келтіреді. Бұлардың қатарында ультра оңшыл, өтірік ақпарат не конспирологиялық теорияны тарататын The Gateway Pundit басылымы да бар.
Байқаған болсаңыздар, солшыл және центристік медианың басым бөлігі жәбірленуші мен оқ атқан офицердің нәсілін бірінші сөйлемде не тақырыпта көрсетуге тырысқан. Ал оңшыл медианың көп бөлігі керісінше оны көрсетпеуге бекінген. Меніңше, дәл қазір медиа халық арасында провокацияны үдетпегені абзал.
Әрине, жүйелі нәсілдік проблема бар. Полиция тарапынан өз қызметін асыра сілтеп пайдаланатындар да бар. Бірақ BLM қолдаушыларын полиция қызметіне қас етпеуге тырысу керек. Мысалы, Райттың өлімінен кейін көшеге шыққан азаматтардың арасында Defund The Police қозғалысы да бар. Дәл қазір, дәл АҚШ-та полицияны жойып, оның альтернативасын жасау мүмкін емес. Обама жазғандай полицияға реформа жасаудан бастау керек. Сондықтан The New York Times, NPR, The Wall Street Journal және Fox News шешімдерін дұрыс деп білемін. Ал The Associated Press пен The Washington Post таңдауы қуантпады.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар