///

Біз де ел қатарлы өмір сүргіміз келеді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің алдына келіп мұңдарын шаққан ерекше жандар

3980 рет қаралды
1

Бүгін мамырдың 28-күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің алдына бір топ мүгедектігі бар жандар шықты. Олар Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етуді талап етті.

9 жасар бала кезінде мектепте жарақат алып, соның салдарынан эпилепсияға шалдығып, тағдыры жоспардағыдай болмай, қолы байланып, жұмыссыз, күйсіз жүрген Назгүл Қияшқызы өзінің басынан кешіп жүрген проблемаларын бөлісті. Оның айтуынша, 3-топ мүгедектігі бар болғандықтан, бұл диагнозымен ешкім жұмысқа алмайды.

  • Бір жерде талып, ауырып қалсаң, біз сен үшін жауапкершілік жүктемейміз» дейді жұмыс берушілер. Қорқады. Сондықтан талабым – жәрдемақы мөлшерін көбейтсін. Сосын 3-топ мүгедектігі бар жандарға 1, 2-топқа сияқты әлеуметтік жеңілдіктер тағайындалсын. Өйткені біз еңбекке қабілетті топ болып саналамыз. Алайда мен жұмыс істей алмаймын. Жұмыс істесем де, бір ай істеймін, сосын ұстамам ұстап, құлаймын, сосын істей алмаймын, шықпаймын. Бізді баспанаға кезекке қоссын. Мен осындай жағдайдамын. Жалғыз жәрдемақыға өмір сүріп келемін. Екі баласы бар жалғыз басты анамын. Времянка жалдап тұрамыз. Сосын эпилептологтарға барып, ай сайын миымды 15000 теңге төлеп, түсіріп жүрмін, бұл қызмет мемлекет тарапынан қолдау тауып, тегін болса», – дейді Назгүл.

«Мүгедектік бойынша көп мәселе бар, ол – жәрдемақы, баспана. Баспана мәселесін көтеріп жүргенімізге бірнеше ай болды. 2019 жылы жұмыс тобында көпбалалы аналардың мәселелерін көтергенде, мен сонда айтқанмын  «Сіздер көпбалалы аналарды айтып жатсыздар, ал мүгедектерді неге айтпайсыздар? Оларды бөліп, халықты бір-біріне шағыстырып жатсыздар» дедім. Анау жылы біз осылай әкімдікке келдік. Олар бізді «Парламентке барыңдар» деді, Парламентте бізді Үкіметке жіберді. Үкімет Президентке жіберді. Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова жұмыс тобын  құратынын айтты. Менің осы жұмыс тобында мүше болатынымды да жеткізген еді. Бұл желтоқсан айында болған жайт. Сайлау аяқталғаннан соң жұмысты бастаймыз деген. Сайлау, қаңтар өтті, ақпан келді. Біз тағы да бардық. Олардың айтуынша сәуірді де күттік. Қазір сұрасақ, жоспарлап жатырмыз дейді. Келесі жылдарда болады дейді. Айтатындары «күтіңдер, күтіңдер». Мына мүгедектігі бар жандар арасында 10, 17 жыл күтіп жүргендер де бар», – дейді елордалық белсенді, заңгер Болатбек Біләлов.

Кусаинова Махаббат, 2-топтағы мүгедектігі бар тұлға. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелейді. 2012 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұр. «Кезек үнемі артқа қарай жылжи береді. Бұл менің құқығымның сақталмауы. Әкімдікте қызметтік тергеу қозғап, балам екеумізге тегін үй беріліп, менің құқығымды қайта қалпына келтіруді талап етемін», – дейді жан айқайын жан дауысымен айқайлап тұрған Махаббат ханым.

Іс-шара қатысушыларына әкімдік тарапынан елорда әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша кеңесшісі Молдабек Қуаныш мырза шықты. Ол: «Бұл кісілермен бірнеше мәрте кездесу болған. Қала әкімі, қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшыларымен және министрлік өкілдерімен де, парламент депутаттарымен де бірнеше кездесу болды. Біраз түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда біз әлеуметтік пәтердің санын жылдан жылға көбейтіп келеміз. 2019 жылы 3000-нан астам, 2020 жылы 5000-нан астам пәтер бөлінді. Биыл 10 000-нан аса әлеуметтік пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Дәл қазір оның ішіне мүгедек бала тәрбиелеуші және де мүгедектігі бар азаматтар категориясы бойынша тұрғын үй қоры құжаттар қабылдауды ұсынды. Айтарымыз: кезексіз ешқандай азаматтарға үй берілмейді. Үй тек заң аясында кезекпен беріледі»,- деп жауап берді.

Әкімдік өкілі мүгедектігі бар тұлғалардың кез келген өтініштерін қабылдайтынын, олар үшін тиісті басқармалар мен тиісті өкілдермен кездесулер ұйымдастыруға дайын екендігін айтты.

Жанар Байтілес

(фото, видео автордыкі)

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. […] және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдында, одан бұрын қала әкімдігі ғимаратының алдында жиналған мүгедектігі бар жандардың талабы жайында […]

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар