///

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) жалғасы

2057 рет қаралды
фото: ikon.mn көрнекі сурет

ҮШ ЖАУЫРЫН

 Увс аймағына қар ерте жауып, қыс ерте түсетіндіктен, соғымды қазан айының соңында сояды екен. Соғымды үкімет тарапынан беретіндіктен, бізге «Улаангом» 10 жылдық орта мектептің шаруашылығы соғымға 10 қой, бір жылқы берді. Бағасын Кәптің айлығынан ұстайды. Бүгін ауылдастар түгел біздің үйге жиналып, соғымды сойып, аудандап қалған-ды. Бір бала жүгіріп келіп: «Бір үлкен кісі осы үйді сұрады. Келе жатыр» деді. Біз ол кім болды екен деп қарағанша, кіріп жетіп келді.

Аға екен, Кәптің жалғыз ағасы. Сағынып қалған біз әне-мінеге қарамай, екеуміз қосарлана бас салып жылап жатырмыз. Аға да бізді құшақтап жылап тұр. «Е, е! Өздерің бізді тастап кеткен. Өздерің осынша алыс жерге қаңғып келген» деді өксіп. Басқа отырған адамдар да орнынан ұшып тұрып, келіп, сәлем берісіп, қол алысып, амандасып жатыр. Жайрап жатқан жаңа сойылып, бұзып жіліктеп ыңғайлап тұздап сан жіліктердің арасын жазып екі ұшы үшкір істікпен керіп арсаға сала бастаған терінің, тақтайдың үстіндегі еттің бәрін бір жағына қарай ысырып қойып төрден орын шығарып, апам әкелген ойыстырған жалғыз сырмақты екі қабаттап салып ағаны төрге отырғыздық. Дөңгелек темір пешке отын жағып, ақ қазанды асып шайды лып еткізіп қайнатып құйдық. Дастархан жасалып, шай ішіліп жатыр. Біреу бас үйтті. Үлкен қара қазанды асып бәрі бүгін біздің үйден соғымбас жеуге тиісті. Және аға да келді. Ет астым. Түннің бір шама уағында ет пісті. Табақ, табақ ет тартылды. Аға келгенге қуаныштымын. Ет желінуде. Бір уақытта аға:

– «Балам жілігі бар мал соймаған өздеріңнен көр» деп бір уыс етті алып берді. Менің ойымда ештеңе жоқ. Ұшып тұрып барып ұсынған етті қос қолдап алып, әкеп жеп алдым. Аға көпті көрген, көреген жан ғой. Менің әр қимылымды көзінің қиығымен бағып отыр. Ет желініп,  сорпа сапырдым. Апам сорпаны жақсы сапырып адамдардың аузы күймейтіндей шым-шым болғанда бер дейтін. Сорпа ішіліп, дастархан жиналды. Сағидолда атай бәйбішесіне күңк ете түскен. Сөйтсем:

– Сен неге ана атасының сыбағалы жілігін асып бермейсің? Егеухан бала ғой, не біледі. Төргі жаққа үш жауырын тартылыпты, мен ол сүйекті атасының қолына ұстатпай тек қана басты кескен соң  басқа жауырындарды тез етінен ажыратып табақтың далда жағына қоя бердім. Сен байқасаңшы! – депті. Ол апа:

– Атаң кеткенше, етті мен асып берейін ,– деді.

Ағаға төр алдына төсек салып тоңдырмауға бір қабат көрпенің сыртынан апам Кәпке әкелген қауқар ішікті жаптым. Бірақ ауыл үйдің адамдары тараған соң, аға басын көтерді. Аздап әңгіме қозғап, бір сыпыра отырдық. «Жалпы жағдайларың қалай? Шагдар ойдағыдай көмектесті ме? Мен бармын, алаңдама деген еді».

 ОЛ КЕЛІН КҮЙЕУГЕ КЕТІП ҚАЛЫПТЫ

– Қарақтарым-ай, сендер із-тозсыз жоқ болып кеткенде менде не зәре қалды? Жалғыз ағамның жалғызы. Өзімнің жал құйрығым, бұдан тағы айрылып сорлаймын ба, дегенде сары уайымға салынып ауырып жатып қалдым ғой. Малшы күйеу үлкен үйді көшіріп, Тоқай үш айғыр үйір жылқыны тайлы-тұяғын қалдырмай түгел жеткізіп берді. Біздің қазақ намысшыл халық қой. Біз Баян-энгерге жинала қалғанда Кенжебайдың жалғыз ағасы Ақмәдік ұлы Сәдей шілде айының 13-інде бір түйе жетелеп қарындасын жиенімен алып қайтуға келіпті. Мен іштей қуанып қалдым.

Сәдей құдаға жорта:

-Біз оларды іздестіріп жатырмыз. Кәпті тауып әкеліп, Кенжебайға қайта қосамыз дедім.

Ол: -Құда, Кәп қайдан табылады? Ініңіз қатын алып кеткенде менің қарындасым иен төсекті күзетіп отыра алмайды. Ертең  кетеміз. Қарындасым мен әкесі тастап кеткен жиеніне рұқсат баталарыңызды беріңіздер, – деді.

Қадыби жеңгемді білесің ғой, келін мен немере, қызым Бақытқаннан тірі айрылмаймын. Табыңдар, ана жындыны!  – деп жылап еңіреді. Бұл оқиға ойда жоқ тосын оқиға ғой. Ауылдастар ауылдың атқа мінер азаматтары жиналып қалды. Жеңгем жылап еңіреп жиналғандарға, немере қызым мен келінімнен айрылмаймын, – деп әлек салды.

Келін далаға шыққан үзілісте Елағасы Жуанғанұлы Серікбай (аса алғыр ақылды, алымды, Моңғолияда еңбек ері аса қадірлі беделді адам) менің жеңгеме (өзімен тұстас):

– Қадыби, сен ақылдан адасқансың ба? Мына қатын үйде отырғанда, ұлың маңайды баспайды. Саған ұлың керек пе, жоқ әлде ұлың тастап кеткен мына қатын керек пе? Ойлан! “Немерем” деп еңіреме. Ол алған қатын да бір қыз табар. Егер ұлымды көрем десеңбөгеме бұларды. Қайта өзі кеп әкетем дегеніне жағаңа түкір. Тез аттандыр,– деп үзілді кесілді бұйырды. Біз демімізді ішімізге тартып үнсіз-түнсіз отырдық.

Келін тыңдап естіп тұрыпты:

– Иә, кетеміз! Бізді кетіруге кеңесіп, мақұлдастыңдар ғой,– деп төсек орнын буа бастады. Жеңгем әлі жасқа толмаған 11 айлық Бақытқанды, немеремді беріп кет. Қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытпаймын! – деп жылады.

Кенжебай мен сізге қызымды берер едім, Кәптің алған қатыны жұмсайды, мен оған шыдамаймын, бермеймін! – деді.

Бізде түйе жоқ қой. Төсек орнын артатын түйе әкелгені жақсы болды. Барды-жоғын түйеге артып, бір жуас атты ерттеп келінге мінгізіп, кіттей немеремізді алдына беріп, құдаға бір жақсы ат жетелетіп аттандырып салдық. Кенжебай үйіне қайтты.

Барған соң өзіміздің апайымыз Жаңылғанды алған, күйеу әрі жиен Ақымбекұлы Оспан Алтайдан да бірге асқан пысық жан еді. Сол кісі өзіне жуық (Еділботағара) әйел ала алмай жүрген күкім атты ағайыны бар екен соны ертіп барып Кенжебаймен сөйлесіп, ақылдасып, кеңесіп келісіп баласымен Тұлбаның Қызылқия атты жеріне Күкімнің ауылына келін болғызып түсірді. Сөйтіп сәті түсіп бір шаруа бітті деді, қуанышын жасыра алмай.

Менің бір қуанарым:

– Сендер ұрлап кетті, алып кетті деген қаңқу естігем жоқ. Оған да тәубә!

Баяннуур сұмындық сауда ұйымының бастығы Кенжебайдың ағасы Жіңтай:

– Кәп үкіметке төлейтін малдың еті, жүн-жұрқасы, салығын түк төлемеді деп хабарлапты. Заң орыны оның шағымының ізімен менен сұрапты. Мен көрсетілген цифрдың барлығын Тұлба сұмындық сауда ұйымына тапсырды деген қағазды алып, заң орнына тапсырдым. Тағы-тағы майда-шүйде әңгімемен таң таяғанда көз ілдік.

АҒАНЫ ШАҒДАР ШАҚЫРДЫ 

 Тұрып шай ішіп отырсақ, Шағдар ағайдың жеңіл авто көлігі келіп, есік алдына тоқтай қалды. Шофері түсіп, ағаны Шағдар кешке үйіне қонаққа шақырғанын айтты. Кешке таман әлгі жеңіл машина жетіп келіп, Аға және бізбен үшеуімізді машинаға отырғызып алып, Шағдар ағайдың үйіне келдік. Аға мен Шағдар өзі де, әйелі де құшақтасып амандасып, жырғап қалды. Кең сарай үй, сәнді жиһаз, жайылған мол дастарқан бәрі де ағаның көңілін көтеріп, бір марқайтып тастады.Ертең демалыс шай ішіп алдағы әртүрлі тағамнан алып жеп отырыңыз.

Үйме табақ ет келді. Олардың ең құрметті қонаққа асатын сый жілігі «жауырын» ғой. Аға қолына пышақ алып бастап кескен соң, жауырынды ала беріп мысқылдап күлді.

– Шағдар! – менің келініме өзіңнің салт-дәстүріңді әбден үйреткен екенсің сен. Бір жауырын ассаң, менің келінім кеше маған үш жауырын асты,– деп күлді. Аға мен Шағдар ағай өз өмір жолдарын кең көлемде сыр шертіп, туған ауыл, өскен орта, еңбек майданындағы ірілі-уақты тартыстар, тағылымдары бәрі сөз болды. Қазіргі ел көлемінде келешекте жаппай бірлестіктендіру қозғалысы етек алғалы дайындықтар жүріліп жатқаны, бәрін-бәрін тілге тиек етті.

Сөз соңында Шағдар ағайға аға:

– Менің жалғыз інім, сенің де інің, қаңғып қашып келгенде қамқорлық көрсеттің, көп-көп рахмет. Мен жалғызбын ғой, Кәпті жазда мен тұрған Баян-Энгерге ауыстырып жіберуіңізді өтінемін,– деді. Шағдар ағай:

– Я, сен айтсаң болды, бізде орындамайтын бас бар ма?– деп күлді. Аға 4-5 қонып, Қобда аймағына қатынайтын ұшаққа отырып, разы-қош болып аттанды.

ЗАҢ АДАМДАРЫ КЕЛІП ТЕКСЕРДІ

 Ағаны ұшаққа отырғызып, үйге келсек есіктің алдында екі сары ала форма киген милиция, Өлгейдің милициясының машинасы тұр. Біздің мұнда келгенімізге біршама уақыт өтті. Баян-Өлгий халқы әлдеқашан құлақтанған-ды. Түсінен шошығандай бұл қалай, тағы да шағым түсті ме кім білсін… Оларға Кәп сәлем берді. Олар сәлемді сәл паңдана қабылдағандай болды. Мен де амандастым. Есіктің құлыбын ашып үйге кірдік. Олар төрге жайғасты. Шай қайнаттым, іштік. Киіз үйдің ішінің оң жағы неше қатар жасалған арса. Соғымның еті, қазы-қарта арсалаулы. Олар мыналардың жағдайы тым нашар емес,– деп ойлағандай болды. Бір тәуірі аға келгенде Сақаң үйінен екі көрпе әкелгем, сол көрім болды. Олар шай ішкен соң-ақ әртүрлі әңгіменің шетін шығарды. Олардың біреуі әрі тергеуші, әрі шофер Қалидолда екен. Бірі тергеуші Көкен:

– Жә, әңгімелеріңді айта отыр.

– Бұл жерге қайтіп жеттіңіздер?

– Не көлік міндіңдер? Жолда түйе ұрлап міндіңдер ме, ат ұрладыңдар ма?– бәрін ашық айтыңдар, біз іздеріңе түсіп, жүрген жер қонған ауыл-үйлердің барлығының суретін түсіріп алып, бұлтартпас айғақпен келдік,– деді.

«Құмырсқаның тас басқаны тәңірге аян», біздің өз жүрісіміз өзімізге аян ғой. Айтып отырған жайларыңыз түсінікті бұл бопсаға саса қойғамыз жоқ. «Таудай қараны, тарыдай ақ жеңеріне сенімдіміз. Оларда бопсалауды қойып, жайбарақат әңгімеге көшті». Шынында да, Баяннуур сұмынында болып, әркіммен сөйлескенде байқағанымыз сендердің неше түрлі қосымша аттарың бар екен, осының қыр-сырын баядаңдаршы,– деді.

(Жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар