////

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,  ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы: Ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйвері болуға тиіс

4144 рет қаралды
фото: Уикипедия

Әлемнің озық дамыған  елдерінде ауыл шаруашылығын дамытуды қолдау, өздерін азық-түлікпен толық қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттің әскери-техникалық, яғни қорғаныс қабілетімен пара-пар десек артық айтқандық емес. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның қазіргі ауыл шаруашылығы қандай деңгейде? Өзге елдер қызығып, әрі қызғанып қарап отырған кең байтақ жерімізде неге өзімізді толық әрі сапалы азық-түлік өнімдерімен қамти алмаймыз? Бір кездері кеңестік Қазақстан мен одақтас республикаларды астықпен, етпен және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз еткен республиканың бұл саласының әлі қарқын алмауына не себеп?

Осы және өзге де сауалдар жөнінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВПЕН сұхбаттасып, саладағы өзекті мәселелер туралы пікірлестік.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАРЖЫ ЕСЕПСІЗ ҚҰЙЫЛЫП ЖАТЫР, БІРАҚ НӘТИЖЕ ӘЗІРГЕ АЗ

– Қосыбек Салтанатұлы, қазіргі ҚР Ауыл шаруашылығы кеңес заманымен салыстырғанда қандай деңгейде? Өткенмен салыстырғанда салада ілгерушілік бар ма?

– Қазір заман өзгерді, соған сәйкес оның құрылымы да басқаша. Бұрынғы кезеңде әкімшілік-жоспарлы экономика болды. Ауыл шаруашылығында барлығы өз жоспарымен жүріп, жұмыс әдетте науқанмен орындалатын. Соның әсері болса керек, кеңес заманында бұл сала өзінің шарықтау шегіне әбден жетті. Мәселен, қойдың саны 36 миллионға жетіп, кейін 50 миллионға дейін жеткізу міндеті алға қойылды. Ал  одақ ыдырап,  Қазақстан өз алдына дербес республика болғаннан кейін мұның барлығы да өзгерді. Сәйкесінше ауыл шаруашылығында да күрделі өзгерістер болып, бұрынғы совхоз-колхоздар таратылды. Оның орнына жекеменшікке негізделген нарықтық шаруашылықтар құрылды. Мұндағы айырмашылық осы. Ал қазір нарықтық экономикаға көштік. Салада біраз ілгерушілік бар. Өкінішке қарай бұрынғы уақытпен салыстыруға келмейді.

– Ауыл шаруашылығын көтеру мақсатында бірнеше бағдарлама қабылданды. Бірақ бәрібір Қазақстанның өзін-өзі етпен, сүтпен, жеміс-жидекпен, көкөніс-бақша, картоппен қамтамасыз етуі әлі төмен деңгейде. Мұның себебі неде?

– Иә, оныңыз рас. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында осы саланы дамытудың үш бірдей бағдарламасы қабылданды: «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама» және қолданыстағы «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Оның үстіне жақында алдағы 5 жылдықта агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Ұлттық жоспары тағы әзірленіп, оны да қолыма алып танысып шықтым. Әрине, белгілі-бір саланы дамыту үшін нақты бағдарлама керек-ақ. Бірақ сол бағдарламаны жасаған кезде нақты жергілікті жағдайды ескеріп, сала мамандарымен келісіліп жасалуы қажет. Бұл ретте ең бастысы ғалымдардың терең зерттеуден өткен кеңестері маңызды. Бұған құлақ аспаған жағдайда әр бағдарлама қағаз күйінде қалып, оған бөлінген қаржы да сұраусыз болады. Салдарынан соңынан опық жеп қалатынымызды ұмытпау керек. Қазір бір қуантарлығы ауыл шаруашылығына қаржы есепсіз құйылып жатыр, бірақ нәтиже әзірге аз.

– Кеңестік Қазақстан ірі астық қоймасы және мал базасы ретінде саналды. Қазір осы жетістікке қайтадан жетуге мүмкіндік бар ма?

– Бұрын ауыл шаруашылығында біршама жетістікке қол жеткізілгенін жоғарыда атап өттім. Расында өткен ғасырдың 80-90 жылдары Қазақстан жыл сайын сыртқа 350-360 мың тонна ет, 100 млн. тонна астық шығаратын. Ал қазір өкінішке қарай тәуелсіздік жылдары импортқа тәуелді болып қалдық. Мысалы, ел ішінде тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларында импорттың үлесі: сүт пен қоюланған қаймақ бойынша 74,2%, кондитер өнімдері – 67,4%, ірімшік пен сүзбе – 58,3%, печенье – 48,7%, шұжық өнімдері – 44,8%, ақ қант – 40,2%, шоколод – 34,2%, сары май  32,8% екен.

Кеңес заманында Қазақстан сырт елдерден өзінде өспейтін, шықпайтын азық-түлік тауарларын алатын, ал қалған азық-түліктің бәрін республиканың өз тамақ өнеркәсібі сауда жүйесіне жеткізіп тұратын. Қазір жағдай керісінше болып, азық-түліктің орасан көп бөлігін – басқа мемлекеттердің экономикасына милллиардтаған доллар құйып, сатып әкеліп жатырмыз.
Әрине одақ ыдырағаннан кейін барлық тәуелсіз республикаларда қиындықтар туды.  Алайда олардың барлығы бұрынғы қол жеткізген табыстары мен байлықтарын ретсіз құртпай, орнымен жұмсай білді. Оған мысал ретінде көршілес, Өзбекстан, Ресей, алыстағы Беларусь пен Украинаны айтсақ та жеткілікті.

Бұрынғы жетістікке қазір міндетті түрде жете аламыз. Бұл үшін тек ауыл шаруашылығына жанашырлық көзқарас пен тұрақты бағдарлама керек. Сондай-ақ ірі кәсіпорындар мен тауар өндірушілеріне инвестициялар салу қажет. Ол аз десеңіз ұсақтарын ірілендіріп, жаңадан агроқұрылымдар құрылғаны жөн.

БІЗГЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫ ҚАЖЕТ

– Сіз Атыраудың ауыл шаруашылығында ұзақ жыл тындырымды еңбек еткеніңізді білеміз. Атырау облысын көпшілік мұнай мен газ өндіретін облыс ретінде қарастырады. Ал өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері қандай? Қазіргі климаттың өзгеруін және су тапшылығын есепке алғанда саланы қандай жолдармен дамытқан дұрыс?

– Соңғы жылдары осындай біржақты пікір қалыптасқаны рас. Бірақ облыстағы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланып, дұрыс жолға қоя білсек, өңірдің өзін-өзі азық-түлік өнімдерімен қамту мүмкіндігі жоғары болады. Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда облыста ауыл шаруашылығының басты саласы мал шаруашлығы болып қалуда. Жердің 80 пайыздан астамы жайылым мен шабындыққа арналған. Осы жайылым жерлерді ғылыми негіздеп, яғни ондағы жем-шөп көлемін есептеп, малдың жайылымға тигізетін әсерін зерттеп және жерлердің маусымдық айналымын реттесек, қой, ірі қара мал, түйе және жылқы шаруашылығын дамытуға әбден болады. Бірақ қазіргі кезде ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігі жеке шаруашылық иелерінде, олардың көпшілігі жерді осындай әдіспен игеруге құлықсыз, сондықтан жердің басым көпшілігі бос жатыр деуге болады. Себебі облыста мал басының азаюы, бұрынғы жайылымдық алқаптарда тұщы жер асты су көздерінің сарқылуы және экологиялық, антропогендік факторлардың әсерінен болып отыр. Оның үстіне малды қысы-жазы бір орында тапжылтпай баққандықтан, жер тозып мал азықтық өсімдіктердің де түрі азайып, жайылымдық жерлер шаруашылық айналымынан шығып, жаппай эрозияға ұшырып жатыр.

Біздің облыс үшін дамуды қажет ететін тағы бір сала – өсімдік шаруашылығы. Сырт  көзге өңірдің табиғи-климаттық жағдайлары өсімдік шаруашылығымен айналысуға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Алайда оны да шешудің жолдары бар. Негізінен суармалы егістік алқаптарды Индер, Махамбет, Құрманғазы аудандарының аумағында, ішінара Атырау қаласында Жайық өзенінің маңында дамытуға болады. Бұл жерлердің топырағын жақсылап зерттеп, қажетті тыңайтқыштарды бере отырып, көкөніс-бақша, картоп дақылдарымен тұрғындарды молынан қамтамасыз етуге болады. Онымен қоса азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа өңірлер мен мемлекеттерден көкөніс және картоп сатып алу мөлшерін азайту үшін жылыжай шаруашылыған да қолға алған жөн. Әрине облыс ауыл шаруашылығында ештеңе жасалып жатқан жоқ деп айта алмаймыз, өзінің хал-қадірі жеткенше мал, егін саласына  маманданған шаруашылық құрылымдары бар. Бірақ олар әлі де болса жаңа технологиялармен, білікті кадрлармен қамтамасыз етуді қажет етеді.

– Сұхбатымыздың қорытынды сұрағы болсын, осыдан бір ай бұрын құрылған жер комиссиясы жұмысын тоқтатты. Мұнда қаралған негізгі мәселе  – Қазақстан азаматтарына жерді сату, жекеменшікке беру. Бұл комиссия да жер мәселесін шеше алмай, жер сатуға мораторий мерзімін тағы 5 жылға ұзартты. Сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қалай, жерді қалай пайдаланған дұрыс?

– Сұрағыңыз орынды, жер комиссиясының отырыстарынан хабардармын. Жалпы менің ойымша, ауыл шаруашылығы жерлерін, жалпы жерді Қазақстан азаматтарына да, өзгелерге де сатуға болмайды, ол халықтың меншігі болып,  жалпы пайдалануында қалуы керек. Ал жалға беруге келсек шаруа адамының мақсат-мүддесіне, әлеуетіне сай белгілі бір мерзімге жалға беруге болады. Сексен адамнан құралған жер комиссиясы бұл жолы да бірауыздан шешімге келе алмай, бұрынғы мораторий мерзімін тағы бес жылға ұзартуға ұсыныс айтты. Парламент қабылдамады.  Меніңше, бұған Президентің өзі араласып, нақты шешімін айтуы керек.

Сөз соңында айтарым, кез келген ел өз халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп, белгілі-бір деңгейде өзінің ұлттық қорын жасақтайды. Тарихта соғыс жағдайында ғана емес, қуаңшылық немесе былтырдан бастап орын алған коронавирус індеті сияқты залалдан кейінгі дағдарыста жеткілікті деңгейде азық-түлік қорын жасақтай алмаған елдердің қиындықтарға тап болғанына қатысты мысалдар жеткілікті. Сондықтан Тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл толғалы отырған мемлекеттің ауыл шаруашылығын сақтап қана қоймай, оны өркениетті түрде дамыту үшін атқаратын жұмыс әлі де жеткілікті. Егер осы іс-шараларды уақытында қолға алып, ғылыми негізделген ауыл шаруашылығын құра білсек – ол экономикамыздың басты жетекші күшіне айналары сөзсіз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Ескендір Әкежан,

Атырау облысы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар