25 мамыр күні 2020-2021 оқу жылы аяқталды. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның ақпарат мәжілісінде 26 мамыр мен 19 маусым аралығында білім сапасындағы олқылықтарды жою үшін білім беру орындарында жазғы мектеп жұмыс істейтіні туралы хабарлады.
Жалетова Динара Жумагереевна, Орал қаласндағы М. Б. Ықсанов атындағы №36 ЖОББМ директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары:
– Жазғы мектепте оқу жоспарына негізгі пәндер енгізіледі. Дене шынықтыру, көркем еңбек, өзін-өзі тану, музыка пәндерінен басқа негізгі пәндердің барлығы оқытылады. Білім сапасы түсіп кетті деп айта алмаймын, олқылықтарды жою мақсатында жазғы мектеп ашылып отыр. 9, 11 сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырады. Қалған сынып оқушылары жазғы мектепке жазылып, білім ала алады. Бағдарламада кіріктірілген сабақтар болады. Ойнай отыра негізгі пәндер оқытылады. Сабақтар бір бағытта өтпейді, оқушылар бағдарламаны жақсырақ түсінуі үшін ойын арқылы ойлайды десек те болады. Офлайн оқыған оқушылар тарапынан, ата-ана тарапынан жазғы мектеп шілде, тамыз айларында өтсе екен деген өтініштер де болды. Өйткені, оқу жылы соңында кейбір оқушылар шаршайды, ауа-райы да өзгеріп, күн ысуда. Мұғалімдерге қосымша ақы төленбейді, өз жалақлары төленетін болады.
Оқушылар жазғы мектепке ата-ана немесе заңды өкілінің мектеп директоры атына өтініш толтыруы арқылы жазыла алады. Оқушыға мектепте қойылған кесте бойынша өзіне қажет болған пәндерден қосымша білім ала алады. Жалпы оқу бағдарламасында әр сынып оқушыларына жыл бойы өткен қиын тақырыптарды жақсырақ меңгеру үшін сабақтар өтеді.
Зарина Кеңес, Орал қаласындағы №19 ЖОББМ 10 сынып оқушысы:
– Жазғы мектеп оқушылар үшін тиімді деп ойлаймын. Себебі, ол тегін әрі өзің танитын мұғалімдер сабақ береді. Және жазғы каникул кезінде оқушылар уақытты бос өткізбеуіне де әсер етеді. Жақында НЗМ, ҚТЛ мектептеріне емтихан тапсыратын орта мектептердің 5 сынып оқушыларына, 1 жылдан соң ҰБТ тапсыратын 10 сынып оқушыларына да жақсы мүмкіндік. Ақылы курстарға жазылмас бұрын өз мектебіңде жазғы мектепте білім ала аласың. Бір жағынан 2020-2021 оқу жылы бойы онлайн білім алған бізге де мектепке, сыныптастарға деген сағынышымызды басу үшін, офлайн оқымаған күндерің орнын толтыру үшін өте тиімді. Сонымен қатар, жазғы мектепке күнде барудың қажеті жоқ. Кесте бойынша өзіңе керек пәннен керек апта күндерінде сабаққа қатыса аласың.
Ажар Туралиева, Орал қаласы
Алматы облысының педагогтары жаппай вакцина алып жатыр
Алматы облысында вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Ресми ақпаратқа қарап, облыс педагогтарының жаппай вакцина алуға көшкенін білуге болады. Басқа мамандық иелері қамсыз еңбек етіп жатқанда, педагогтардың бұл батырлығына алғыс айтсақ артық болмас. Сол батырлардың бірі Алматы облысы, Ескелді ауданы, Жастар ауылының тұрғыны Бипанова Бибігүл. Жастар негізгі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
«Мен вакцинаны алғашқылардың бірі болып салдырдым. Қазір көп қауесет жүріп жатыр, күштеп алып барды немесе міндеттеді деген. Неге адамдар сондай өтірік қаңқу сөзге әуес екен? Мен ең бірінші өз денсаулығымды ойладым, екінші шәкірттерімнің қауіпсіздігін басты орынға қойдым. Жолдасым екеуміз бірден барып Спутник-V вакцинасын салдырып алдық» дейді Бипанова Бибігүл ұстаз.
«Мен өзім үшін, отбасым үшін, шәкірттерім үшін вакцина салдырғым келді. Бірақ, өкінішке орай денсаулығыма байланысты рұқсат бермеді. Қазір емделіп жатырмын. Толық жазылған соң міндетті түрде вакцина алып аламын» дейді мектеп психологі Декембаева Гүлнұр.
Жалпы Алматы облысы бойынша вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Мінбер сайтының тілшісіне ресми ақпарат берді.
«Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы:
І компонентпен 192 170 мың адам егілді, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер – 8535, медицина қызметкерлері – 19153, педагогтар – 29427, ТЖМ, Қорғанысмині, ҰҚК, ІІМ, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері – 17143, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері – 74, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері – 301, вахталық әдіс қызметкерлері – 121, теміржол саласының қызметкерлері – 628, тамақ өнеркәсібінің жұмыскерлері – 901, өнеркәсіптік құрылымдардың жұмыскерлері – 1532, сауда кәсіпорындарының қызметкерлері – 1140, әуежайлар мен авиакомпаниялардың қызметкерлері – 54, дипломатиялық және консулдық мекемелердің, Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері – 12, ұлттық халық санағын өткізу үшін интервьюерлер – 4, ҚР ПІБ контингенті-20, созылмалы аурулары (қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүрек – қантамыр жүйесі) бар адамдар – 969, медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің персоналы мен контингенті-1427, студенттер – 3431, учаскелік полиция қызметкерлері – 747, ұлттық құрама командалардың мүшелері – 14, басқа саладағы халық саны – 106 537»
Арайлым Нұржанқызы, Алматы облысы
Парақшамызға жазылыңыз