Ескелді ауданы, Байысов ауылындағы жол мәселесіне осымен үшінші шығарылым арнап отырмыз. Аядай ғана көшеге 49 миллион жұмсалғаны сөзге тиек қана. Ал ол жолдың қармен бірге еріп кетуі басты мәселе еді. «Мәселенің шешімі 31 мамыр күні шешіледі» -деп тоқсан сөздің тобықтай түйінін қойған жол жөндегіштер әлі шаруасын бастамаған көрінеді. Дегенмен де 31 мамырдан он бес күн асты. “Мінбер” сайтының тілшісі қайта Байысов ауылына аттанды.
«Бұл ауылда тұрғаныма 30 жыл болды. Жол мәселесі бітпейтін әңгіме болды ғой. Міне мамыр аяқталды, сол шұңқыр қалпы тұр» дейді ауыл тұрғыны Байсерік Мырзабек.
«Мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр, ауыр көліктер өтеді сондықтан жолды жөндеуді кейінге шегеріпті. Бұл қашан жөнделеді, қашан аяқталады, беймәлім» дейді ауыл тұрғыны Сертай ұлы Мағай.
Сұрақтың жауабын алу үшін Ескелді ауданы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Самат Абдрашовичке хабарластық. Берген жауабы:
«М. Байысов ауылындағы Рүстембеков атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты және ауыл тұрғындарының сұранысы, ұсынысы негізінде асфальт жабындысын қалпына келтіру жұмыстары кейінге қалдырылды. Себебі ауыр салмақты жүк көліктерінің құрылыс материалдарымен қатынауы. Орындаушы «Жетісу Жол Құрылыс» ЖШС Байсейітов көшесін ауыл тұрғындарының ұсыныстарын ескере келе, үлкен жүк көліктері құрылыс материалдарын тасып болғаннан кейін асфальт жабындысын қайта қалпына келтіруді жөн көріп отыр» болды.
Ауыл тұрғыны Сертайұлы Мағай мырза
«Ауыл тұрғындары ұсыныс білдірген жоқ. Ол жол төсеушілердің өз шешімі» дейді.
Портал мәліметіне сүйенер болсақ, келісім шарт 2021 жылдың 26 ақпанында жасалған. Аяқталар мерзімі – желтоқсанның 31-і. Егер логикаға салар болсақ, мектептің күрделі жөндеуі қырқүйектің басында аяқталуы тиіс. Өйткені, алдағы оқу жылына дайындық керек. Ал, асфальты еріп түскен жолды мердігер компанияның қайта жөндеуі қара күзге қалайын деп тұр. Ал біз бұл жолдың тағдырын үнемі назарда ұстайтын боламыз.
Арайлым Нұржанқызы,
Алматы облысы, Ескелді ауданы
Парақшамызға жазылыңыз