///

Бақтыгүл Бурбаева: Біз медианың негізгі принциптерін қолданысқа енгізу арқылы ақпарат алаңының сапасын арттырамыз

2462 рет қаралды
фото: МК в Казахстане

Медианың негізгі принциптері дегеніміз не? Қазіргі Қазақстандағы журналистика неге өсек теріп кетті? Журналистік этика мәселелері неге кейінге ысырылып қалып жатыр? Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесі қарсаңында “Қазақстанның медиа желісі/Media Network Kazakhstan” бірлестігінің атқарушы директоры Бақтыгүл Бурбаеваны әңгімеге тартқан едік. 

 – Бақтыгүл ханым, әлемдік қауымдастық медианың негізгі принциптерін басшылыққа алып, медианың өзін өзі реттеу қағидасымен өмір сүреді. Көп мемлекетте БАҚ туралы заң да, Ақпарат министрлігі де жоқ. Өйткені, бұның барлығы журналистер өздері құрған қауымдастықтар аясында шешіледі. Көп проблема сотқа жетпей шешімін тауып жатады. Былтырдан бері сіздер Қазақстан тәжірибесіне енбеген осы бастаманы қолға алып жатыр екенсіздер. Жұмыс барысынан хабардар етсеңіз. 

– Өткен жылы бастамашы топпен бірге медианың негізгі принциптерін құрастырып шыққан едік. Енді сол жобаның жалғасы ретінде жаңа қоғамдық бірлестік құрдық. Ол бірлестік медианың өзін-өзі реттеуі бойынша қоғамдық комитетке негіз болады. Біз барлық медиа қоғамдастық өкілдерін осы қоғамдық комитетті құруға, оған мүше болатын кандидаттарды ұсынуға қатысуға шақырамыз.

– Сіз бұдан бұрын осы құжатты Қазақстанның бірнеше қалаларын аралап таныстырғандарыңызды айттыңыз. Жалпы аймақтағы медиақауымдастық бұл құжатты қалай қабылдап жатыр?

– Шынын айтқанда бұл принициптерді аймақтағы медиа өте жақсы қабылдап жатыр. Біз барған он шақты қаладағы журналистер, редакторлар, студенттер олар журналистикадағы этикалық принциптер туралы сөйлесуге өте бейіл. Себебі біз күн сайын этикалық нормалардың бұзылып жатқанын көріп жүрміз. Сол себепті аймақтағы журналистер бізді қолдап отыр. Сіздерді де қолдауға шақырамыз.

Медианың негізгі принциптерін талқылау, қоғамдық комитет құру процесі басталып кетті. Біздің mediaprinciples.kz сайтымыздағы, аккаунттарымыздағы хабарландыруларды қарап жүріңіздер. Біз барлығымыз тамыз айында жиналып, медианың өзін өзі реттеуі бойынша қоғамдық комитеттің ашық талқылауында кездесеміз деп ойлаймын.

Қоғамдық комитеттің принциптері бар. Сіздер онымен жоғарыда айтқан сайттан таныса аласыздар. Біз ол жерде комитет құрудың әр қадамы жайында, қалай дауыс беру керек, кандидатты қалай ұсыну жайында толық түсіндіреміз. Қоғамдық комитетке тек тоғыз адам ғана мүше бола алады. Оның үшеуі шығармашылықтың басқа саласының өкілдері болады. Бәлкім суретшілер, жазушылар, т.б. мамандар болуы мүмкін. Сол тоғыз адам медиақауымдастықтардың атынан сөз алады. Қоғамдық комитеттің диалог алаңында сотқа дейінгі талқылаулар болады. Этикалық принциптердің бұзылуы туралы өтінімдер осы қоғамдық комитетте талқыланады.

– Сіздер дайындап жатқан құжат несімен ерекшеленеді?

– Қоғамдық комитет мүшелері әр жайтқа байланысты жеке-жеке шешім шығарады. Егер қоғамдық кеңес мүшелері медиа немесе журналист этикалық принциптерді бұзды немесе қателесті деп тапса медиа немесе журналистің қателескенін мойындау үшін тек кеңес береді.

Бұл комитет Қазақстанда алғаш рет құрылып тұр, медиаөкілдердің этиканы бұзғаны немесе басқа да этикалық принциптерге қайшы істері медиаөкілдердің өздерінің қатысуымен өтеді. Бұған қоса біз блогерлерді де медианың негізгі принциптерін сақтауға шақырамыз. Біз осы бір ай шамасында қоғамдық комитет құру жолында жұмыс істейміз. Жұрттың сеніміне ие болу үшін көп уақыт керек екені белгілі, дегенмен іс басталды.

Біз медианың негізгі принциптерін қолданысқа енгізу арқылы ең алдымен журналистердің кәсіби тұрғыда шыңдалуына жол ашамыз, екінші ақпарат алаңының сапасын арттырамыз, үшінші аудиторияның нақты сеніміне ие боламыз. Сол кезде қоғам да, журналистер де, блогерлер де этикалық нормаларды сақтауға тырысады.

Біз қазір этикалық нормаларды көп бұзамыз, әсіресе балаға қатысты. Зорлық зомбылыққа душар болған баланың суретін береміз, туыстарының аты-жөнін айтамыз, күдіктіні сотқа дейін қылмыскер деп атап жібереміз, ақпаратты тексермей таратамыз. Қазір ақпаратты тексеру тек фактчекердің ғана емес барлық журналистердің міндеті. Өзіміздің медиасаланы өзіміз қорғап, оның сенімге ие болуына өзіміз атсалысайық.

– Рахмет. Мереке құтты болсын. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар