//

Бақытбек Бәмішұлы: Ажалсыз адам (деректі хикаят)

4101 рет қаралды
2
фото: monster-evo.ru

Қапыштың суыт жүрісінің өзі сұсты еді. Қара сұр жүзінде қылаудай қан ізі қалмаған. Сөлсіз. Өліктің кейпіндей сұп-сұры. Қоп-қою, қап-қара қастың астындағы от жанған жанары оқтаулы. Қабағының асты анадайдан мылтықтың ұңғысындай үңірейіп көрінеді екен. Түріне жүрегінің түгі бар адам болмаса тірі жан тіктеп қарайтын емес. Бар қанын ішіне тартып алыпты. Түсі қашқан, түзге түнегендей.

Бесіктегі бала шошып оянып, үлкен-кіші демей үрей билеп, сыбдыр шықса селт етіп, ит үрсе үркіп, үй ішімен жабыққа жармасып, шығарға көз салып, әбігерге түсіп әбден запы болған ел еді. Көктемнен бері «ананы ұстап әкетіпті», «мынаны ұстап әкетіпті» деген сөздер жиілей бастағалы сәбилер бейне бір даланы жан алғыш кезіп жүргендей сезінетін.

Төрге тақау салынған жер төсекте енді ғана оянып, бірін-бірі түртпектеп, күбір-сыбыр боп жатқан екі бөлтірік-бала киіз үйдің киіз есігін жоғары серпе көтеріп кіріп келген «қара дәу» – Қапышты көргенде жып-жылы тондарынан көздері ғана жылтырап бірі-біріне тығыла жым болды. Қапыш төбесі уық қарын тірейтін болғасын сол қолымен тымағын сыпырып алды. Жаңа аршылған жұмыртқадай күп-күрең құйқалы бас төрдегі төрелерді тіпті бұқтыра түсті.

– Талағың таң атпай тарс айырылайын деп тұр ғой, төрем,– деді қазан жақтан Нұртаза молланың бәйбішесі бір жағын қалжыңға сүйеп.

– Не жарайын, не жарылайын деп тұрмын! Аға қайда?! – Екі балақай мұны естігенде ыстық тонды тас бүркеніп, бүктүсіп жатып қалды. Тон астында тірі жан бары білінбейді. Құрысқан бір ақ аюдың терісіндей ақ тон жатқан секілді.

– Абұйыр болғанда амансың ғой, әйтеу?

– Қатын ісі емес! Қаным кеуіп барады.

– Астапыралла! – Шешесінің қорыққанда ғана айтатын сөзі құлақтарына жеткенде қос бөлтіріктің бірі құмығып жылай бастады. Үлкен сымағы оны бауырына тартты.

– Жоғары шық.

– Қаным кеуіп барады.

– Қымыз.

– Бер.

Жәжән бәйбіше бір тізерлеп отыра қап, жүк аяққа сүйеулі түйе өркеш торсықты толқып-толқып жіберіп, шар аяққа толар-толмас құйып ұсынған қымызды Қапыш бір деммен бірақ сімірді. Тап таза жұтты. Мол мұртына тамшы да жұқпады. Шеше мен қара дәудің сөз ләмдерінен жылымық сезілді. Тон жағасынан бірінің үрпиіп кекілі, екіншісінің сепсиіп айдары көрінді. Қапыш сырттағы сыбдырға құлағын түріп тырп етпей тұрып қалды. Үйге кең мол қоңыр шапанын бір иығына іле Нұртаза молда кірді.

– Атың сүмек.

– Түнімен жүрдім.

Нұртаза молла қазан жақтағы қайқы бас сүйек төсегінің алдына барды. Қапышқа орын нұсқады. Қапыштың жүгініп отырғанының өзі Күлтегіннің көк тасындай екен. Бұғып, қара терге түсіп, малмаңдай болған қос бөлтірік әкесі отырар-отырмастан панасыз іннен қарғып шығып, Қапыштың ту сыртын айналып өтіп, Нұртаза молланың екі жағынан кеп, етегінің астына сүңгіп кетті. Әкенің қос бүйірін бүлкілдетіп сәл жатып,  кеңгірудің қалтасынан көрінген баласындай көздері жайнап, шапан өңірінен бастарын шығарып қара дәуге күлімсірей қарады.

Әкесінің етегіне еніп барып жүректері орнына түсіп, қос тізесіне өңгеріле қозғалыс қимылдары үдей бастаған  қос бөлтірігін құйрықтарынан қағып:

– Жүгір, аталарыңа барып сәлем беріңдер,– дегенде екеуі қараған бұта түбінен қарғыған қояндай ытқи жөнелді.

– Ал, құлағым сенде,– деді Нұртаза молла аталас інісі Қапышқа тұқыра бұрылып, көзінің қиығын салып. Қапыш ағасының тұлғасына тамсана, қазандай басына  сүйсіне қарады. Бүркіт қабақ, жазық маңдай, еттілеу қыр мұрынды, тоқ мойын, майлы шүйделі мына кісі қырынан қарағанда қызыл сары мыстан құйған мүсіндей екен. Жасынан жағаласып, арыстармен алысып, күресіп көзге түскен Нұртазаның балуандығын тыйған адам Алтайға аты мәшһүр Мақан молла дейтін. Нұртаза Тұрфаннан оқып келгеннен кейін де бірлі-жарым рет той-томалақта күресіп күш сынасып, білек түріп жүргенін Мақан молла естісе керек Нұртазаның әкесі Шудабай шаңияға хат жазып: «Сіз екеуіміз Нұртаза қабылетін бұдан былай хақ дін ислам жолына жұмсайтын болады десіп едік қой» депті. Жастық жалыны қырқаның астында қылтиып тұрған, жасы қырыққа жаңа толған, сөйте тұра бұ дүниенің бақытынан о дүниенің сұрағын көбірек ойлап, жамандық атаулыдан бір жолата тиылуға тәуекел еткен Нұртаза молланың сыртқы тұрпаты қандай тартымды көрінсе, жүзінен иман тамған ішкі жан дүниесі де сондай сұлу, таза жан еді. Қапыш ауыр күрсінді. Іштегі буырқанған ызамен қабаттасып көзіне ыстық жас ұялады. Еңіреп кеп Нұртаза молланы бас салып құшып, ағыл-тегіл жылауға да дайын отыр. «Қайран аға, қалай қиямын, жолыңда өлейін!».

– Отырасың ба?.. өртеніп, айта бер. Не естіп келдің? – Қапыш бүтін денесімен бұрылды:

– Анау Боқанай айтқанында тұрды. Ақымер-Шудабайдың алдына төрт қара көз түгел жиналғанда үкімет адамын айғақ қып отырып тұқымыңды тұздай құртамын деп тісін қайрамап па еді?! – Былтыр күзде болған ащы оқиға Нұртаза молланың есінен қайдан шыға қойсын.

Үйімшінің1 жетінші бағына Қобда қаласынан уәкіл келіп бақ2 аралық сауда-саттық ісін атқаратын – әгенті үкімет адамын тағайындауға келген. Уәкілмен бұрыннан тамыр-таныстығы бар, моңғол тілін әжептәуір білетін, алып кел, тауып келге ыңғайлы Боқанай бұл орыннан дәмелі. Дәмелі ғана емес нақ сенімді келген. Сенімді болатын себебі мұның алдында бақ бастығына атын ұсынып, Шудабай шаңияның3 шаңын қауып қалған. Сонда «кезек екі, тәңір бір» деп кеткен. Міне, сол кезек келіп тұр. Сол жолы Қапыш суырылып алға шығып:

– Ежелден елімізді басқарып, шып-шырғасын шығармай, ауылымызды айрандай ұйытып отырған Шудабай шаңияны қалжаңнан түңілерлік саған қалай айырбастаймыз. Ақылшысы десе алдында Ақымері бар, айбары десе артында азаматы жетеді,– деп өзін де меңзеген. Араға Ақымер бай кірісіп, тұлыбы кең мінезіне басып:

– Ай, жігіттер, сөзге қонақ беріңдер,– деп екеуін тоқтатып алып: – Малдас құрып, малынып отыратын заман бұйырмады бізге. Қатын-бала қанып ұйықтамады. Ер  жігіттер ереуіл атына шейін ер салды. Бір күн белбеу шешіп, бел суытпады. Тамшыдай тыныштыққа тырнақ іліндіреміз бе деп едік. Заманымыз тағы да ойпыл-тойпыл болайын деп тұр. Алла тағала бейбітшілік берсе мәйегіміз майлы елміз ғой аз-ақ жылда дүркіреп, өркен жайып шыға келерміз. Бүгін Қапыш қалам ұстаса, ертең сен Боқанай басшылық етесің. Мынау айналамыз тұман, арқан бойы алдымыз көрінбейтін шақта егесіп екеуің не етесің, ақсақтың аяғын, әліптің артын бағайық,– деп тоқтаған. Ақымерге азуы батпайтынын, Шудабайға шарқы жетпейтінін, Қапышқа қарсы келсе тарпып тастауы мүмкін екенін түсінген Боқанай:

– Мен шаңияның шаужайына жармасайын демедім. Қисық сөйлемесін, Қапыш, баққа басшы сайлау керек деген соң атымды ұсындым, көпшілік қалауы солай болса мен де сол шешімнің ішіндемін,– деп кермалдаспай келісе кеткен. Сондағы ойы орайын тапты деп сенген. Бірақ, бақ халқы бұл орынға Боқанайды емес, Қапышты құптапты. Ақыры талас туған. Сонда бақтың атқа мінерлері ел ішінде аттары қосарланып айтылып, мінез-құлықтары «Шудабайдың ашуы, Ақымердің басуы» деген тәмсіл болып кеткен Ақымер-Шудабайдың ауылына келіп бітіскенде әгенттіктің тұтқасын Қапыштың қолына ұстатқан. Бір емес, екі рет сүрінген сүйегі бір болса да, атасы алшақ Боқанай  күйіп кеткен. Аузына келгенін айтып, ат құйрығын кесіп шыққан. Сөйткен Боқанай шынымен алдынан шыққан екен.

– Боқанай де!.. Боқанай…

– Ұлықсатың бер! – деді Қапыш мәтқапыда. – Алдыңнан өтейін деп келдім. Жайратам! Жастығымды ала жатам!

– Сен әуелі бұл ақпардың қайдан шыққанын айт.

– Сағдадан!.. Сағда айтты.

Етектегі егіннің жайын білмекке Қапыш өзенге түскен. Сонда қасында екі шерігі4 бар Сағдаға жолыққан. Сағда не істеп жүретіні белгісіз, әйтеу, аймақ орталығындағы мемлекеттік орындарды төңіректеп, сол маңайдан шықпайтын. Бұлғын заставасына бара жатқан беті екен. Ол заманның түзу күнінде Ақымер-Шудабай ауылымен аралас-құралас жүретін. Сондықтан ашық істі Қапыштан жасырып қалғысы келмей, әуелі, Боқанайдың айтқаны ойына кеп жай кеңеске сылтау қылмақ болды.

– Кертөбел мен тор төбелді байладыңдар ма?

– Бабында, қара жарыстарда қара көрсетпейді ғой ол екеуі. Бәйге бар ма екен?

– Қос төбелді ағаларың шынымен бәйгеге қосқалы жаратып па?

– Енді, атасының…

– Аптықпа, атты қытайға қашу үшін де жаратады дейді.

– Кім дейді?

– Кім дегенін мен саған айтам ба?

– Айтпасаң деген кісі өзің болғаның ғой.

– Қой!

– Мен сенің құйрығыңды бастым ба? Әлде құрдасыңмын ба?

– Жә, қой енді, өң шайыспайық, онсызда санаулы ғұмыр. Ат байласаң Алтайға –арғы бетке, қытайға қашқалы жатыр дейді. Топтансаң Әмірика, Жапонның тыңшысы деп күдіктенеді. Кейбіреуін Кендіннің (Гендін)6күшіктері, Деміттің7 демеушілері деп ұстап жатыр, деп Сағда ел ішіне әбден жетіп, сіңген сүргін сөздерді айтып салды.

– Естігеміз.

– Естісең сол. Ана екі шеріктің алдына түсіп бөйтектеп кетіп барамын. Бұ дүниеден бізге орын қалмапты. Алдыңда қазулы көр, артыңда көр… Алтайдағыңды ажал, қалқадағыңды қаза күтіп тұр, Қапыш! – Қапыш шалт қимылына басып, сарт еткізіп Сағданың қарыннан қармап қыса қойды. Бесатар орыс мылтықтарын мойнына енді асып жатқан шеріктер бұйрық түскендей жарқ етіп, жалт бұрылды кезеніп. Сағда оларға қарап даусын шығара күліп:

– Манай хүн (біздің кісі),.. Айх юм үгүй (қобалжымаңдар),– деп тыныштандырды да Қапышқа,– Дауырықпа, атып тастайды. Үйімшіні жауаптанған ішкі істер өкілі, Қобда аймағының төтенше ерікті комиссия мүшесі Герілшұлуын «үкіметке қауіпті ықпалды адамдарды айтып бер дегенде іркілместен он бір адамның тізімін қолына ұстатқан екен Боқанай. Сол мәлімет ізімен ертең, бүрсігүннен  жетеді қарулы шеріктер. Ауылыңа жет. Ақылдас. Арандап қалмаңдар. Менен үш қайтара сәлем де. Боқанайсыз-ақ бітетін шаруа ғой. Оған басыңды ауыртпа. Осы жолдан аман оралсам оның сыбағасын мен берейін,– деді. Қапыш қарға қадалған қарақшыдай қалшиып қатып қалған. Сағда аттанып, артына бұрылмастан желе жөнелген.

– Сағда сақ та, сақа адам. Саламат болсын,– деді Нұртаза молла Қапыштың сөзін тұтас тыңдап болып. – Атажұрт Алтайдың күнгейінде бабаңның басы қалды, бірін қытай алды, мұңғылдан марқадам табамыз деп келдік… Сондағы шаңияның айтқаны есіңде шығар?

– Есімде…

         (жалғасы бар)

  1. Үйімші – әкімшілік аумақ
  2. Бақ – әкімшілік-аумақтық бөлік
  3. Шаңия – лауазым, ауыл басы
  4. шерік – әскер
  5. мұңғыл (ауыз екі тілде) – моңғол
  6. Кендін (Гэндэн) – Моңғол Елінің Бас министрі
  7. Дміт (Дэмид) – Моңғол Елінің Қорғаныс министрі, маршал
Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар