1932 жылы Ақымер-Шудабай ауылы Моңғолияның шекарасына жеткенде Шудабай шаңия:
– Мынау белегірден ары мұқыр толқа – мұңғыл5 елі жатыр. Біріңді байлап, біріңді айдап әкелдім. Енді біреулерің етегімнен ұстап, өз еріктеріңмен еріп осы жерге жеттіңдер. Адассам ауылыммен боламын дегендерің Ақымерге ер, ал қайтамын, қаламын, ақыретте көрісейік дегендерің болса, ұлым Нұртазаға дейін ұлықсат, екі дүниеде разымын,– дегенін есіне салған Нұртаза молла:
– Бұрындары «сары ноқта салығын» Қобдаға тапсырып тұрған заманда Алтайдың қос қапталына қатар жайлап, қыстап жүрдік. Сырт Мұңғыл бөлінгеннен кейін араға крен(граница) шекара түсті. Онда мұздай қаруланған мұңғылдың әскері тұр, қан тілеп. Қырып тастайды. Кімің күтіп тұр алдыңнан. Қытайға қарсы көтерілген Есімханның елі анау, босып кетті, бес мың түтінімен. Қылышыңды қынына сал, кеше ғана аталарың алдында берген антыңнан айныдың ба?!– деді. Қапыш молла ағасының аузынан естимін деп ойламаған сөзді естіді.
1938 жылдың көктемі – жазғытұрым. Мал аяқтанып, ел жұрт жаңалап қонып жатқан кез. Бұлғын өзені бойында Төргін деген жерде Ташкенді ұстап әкеткен. Тәшкен – Базарқұл сұмынының дарғысы, өкімет өзі тағайындаған адам. 1934 жылдың қысында Ұланбатыр – астанаға барып мемлекеттік құрылтайға қатысқан. Енді аяқ астынан жау болып, үкіметке қарсы адам болып шыға келді. Соның алдында ел ішіне бас министр Гендіннің халық жауы екені анықталып, оның сыбайластары мен құйыршықтарын жою науқаны ішкі өлкелерде аса қарқынды жүріп жатқан. Жүздеген, ондаған мемлекет және қоғам қайраткері ұсталып дереу жазаланған. Осы науқан міне, елдің батыс өлкесіне де келіп жетсе керек. Қазақ, моңғолдың бетке ұстарлары бірінің артынан бірі топ-тобымен кетіп жатты. «Тәшкенді Қобда түрмесіне қамапты, жалғыз емес, құрылтайға қатысқандар мен қызылдан қашқан наймандарды ұстапты. Ұзын саны жүзден асыпты» деген хабардан Ақымер-Шудабай ауылы толық құлағдар болған. Шудабай шаңия ат ізін суытпай осы хабар жетісімен бақтың барлық игі жақсысын шақыртқан. Бәйбішесіне айтып бір еркек қара қой алдырған. Келгендер қорадағы тайыншадай қара қойды көргенде-ақ, бұл жиынның шешімін сезген-ді. Шудабай шаңия сөздің турасын айтып, төтесіне көшкен:
– Ағайын, мұңғылға өткенде де «біз өлсек бір шұңқырда, тірі болсақ бір төбеден көрісеміз» деп қара қойдың қанынан қасап ішкеміз. Сенген қалқамызға қара бұлт үйірілді. Басымызға әлде қандай күн туса бірлікте болайық. Патшанікі уәжіп. Аманы Алтайдың теріскейі еді. Оған да ұтылап кеп қапты. Қашып құтыла алмайсың. Ұрпақтың қамын ойласаң, қарсы шауып қан кешпе! Құдай салды, құл көнді. Көндім дегенің қасап іш,– деген. Ешкім ләм-мим демеген. Ортаға жаңа ғана сойған қара қойдың қаны келген. Ақымер байдан бастап, Шудабай шаңия қостап «Иә, Алла өзің жар бол» десіп табақтағы қанға бармақтарын малған-ды. Кезек төменірек жайғасқан жасы кіші Қапышқа келгенде, қамшысын ілгері тастай сап ол:
– О, құдай, құдыретің күшті, құдай! Қой құрлы қауқарсыз етіп жараттың ба, құлдарыңды,– деп жүгінген қалпында табаққа қарай жорғалап кеп қою күрең қанға бармағын бойлата матырып алып аузына бірақ тыққан. Нұртаза молланың «ант» деп отырғаны осы кесім еді. Қапыш шырқ көбелек айналып:
– Сонда мына қу замананың әділдігі қайда кеткен?!– деді тоқтай алмай.
– Әділетсіз жерден әділдік талап етудің өзі білімсіздік болады, Қапыш. Әділетсіз бола тұрып, әділетті болам десе не астындағы тағынан, не басындағы бағынан айырылады. Бұл екеуі – бақ пен тақ, өте-мөте тәтті нәрсе. Дәмін бір таттың соған құмар болып өтесің. Құмарлық – бір пәле. Құныққан құтырады. Ықылым заманнан адамзат баласының талай ғұлама данышпандары оны іздеп шарқ ұрған екен. Таппаған, тарыққан. Қазақта, білесің, «қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген үлкен сөз бар. Үлкен сөз. Түпкі көздегені сол әділдік болса керек. Біздің қазіргі халіміз басымызға саулық тілеу ғана. Оның өзіне шама–шарқымыз жетпей қалды. Талап та қыла алмаймыз, тартып та ала алмаймыз. Алланың пендесінің тағдыры бүтіндей билеушінің қолына өтті. Мына түстігіңдегі қытайдың, артыңдағы орыстың да істеп жатқаны осы халқына. Мұңғылдың қылығы – көрген көргенін істейді. Бар билігі басқаның қолында кеткен секілді. Кешегі өзімізді айдаған сәбеттік Кенжебекті білесің – кәмисар.
– Тасбикенің ерлері болмағанда тайпа ел тайлы-таяғымен тозар еді,– деді Қапыштың қара бура ашуы сәл-пәл бәсеңсіп.
Қапыштың «Тасбикенің ерлері болмағанда» деуінің мәнісі мынада еді: 1933 жылдың көктемінен бастап Алтай тауының солтүстік шығысын мекендеп отырған қазақтардың «Кенжебек» дегенде «әзірейіл» көргендей үрейлері ұшты. Қатындар жылаған баласын «Кенжебек келеді» деп уатса, «Кенжебек келеді» десе көмпіс кемпірлер «көтек» деп орнынан атып тұратын жағдайға жетті. Сол Кенжебек қасында оншақты қарулы әскері бар бір жаз бойы қазақ ауылдарын жер аударып айдады. Айдағанда Моңғолияның ішкі өлкесіне қарай ықсырады. Айдалған елдің алды мыңдаған шақырым жүріп қалқа, дөрбеттер ішіне енеді. Ақ табан шұбырынды боп, ел азып-тозды. Кенжебектің мақсатын ешкім түсінбеді, ол түсіндіріп айтпады. Елді күшпен, жөн-жосықсыз айдай берді. Бұған халықтың наразылығы туды. Ақыры Кенжебек 1934 жылы жазға салым тасбике руының азаматтары қолынан қаза тапты. Оны Қобда қаласының маңындағы бір зиратқа әкеліп жерледі. Қабыр басындағы құлпы тасқа «Ардагер чекист Кенжебек.. халық жауларының қолынан ерлікпен қаза тапты?!» деп жазылыпты деседі. Нұртаза молла ұшығы алыста жатқан осы сүргінді еске алып:
– Мына Сақа мен Сәду Қазақстаннан қашып келді,– деп жалғады сөзін. –«Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар». Балта, тесе, балғамен аспаннан түсер отқа, жерден жауар оққа қалай қарсы тұрмақсың. Жерге кірсең желкеңнен, көкке көтерілсең аяғыңнан тартып суырып алады.
– Сонда не істеу керек? Қол қусырып қарап отыру керек пе? Қашан келіп жанымды алады деп?! –Қапыш тағы қозғалақтап кетті. Нұртаза молла сабырлы қалпын бұзбады.
– Өткір деген пышақ тозады, мықты деген күш қайтады. Желінген көк көктейді. Жеген иек мүжіледі. Көк – келешек, ұрпақ. Не істеу керек? Бізде жалғыз жол қалды: ұрпақты аман сақтап қалу.
– Не болса да көнеміз де?!
– Көнеміз. У-шусыз, биліктің ырқына көнеміз. Ел ағаларының тапқан ақылы, келген тұжырымы осы.
– Ой, астапыралла-ай,.. ой, астапыралла-ай,– деп Қапыш отырған орнында дөңгеленіп кетті,– сонда мына боқмұрын Боқанайға басыңды алдыр дейсің бе? Астапыралла-ай! – Қапыш не істерін білмегенде біресе сенге, біресе сізге көшті.
– Бұлар емес. Бас алатындар баста отыр. Оны билік дейді. Билейтін болған соң билік деген. Билік білімсіздікке ұрынса билейтін емес, илейтін болады елін. Мыналар биліктің алынбаған тырнақтары. Сақ болсаң сағағыңнан алады. Ақ болсаң алқымыңнан орады. Көз, құлақсыз. Оған бәрі бір.
– Қаракетсіз қалай қарап отырамыз, аға. Құзғынға сұңқарды тырнатып. Жанды бақамыз ғой! Асқанға тосқан дейтіні қайда?!
– Дұрыс. Қоғамды қорқақ билегенде халқына шабады. Ол асқаны. Қорқауға жем тастай отырып ақырын бағып, аял жасау керек. Ол тосқаны. Қорқақтың ажалы – Тықыр. Біз топан судың бетінде тұрмыз. Бізге Алладан басқа жәрдемші жоқ.
Нұртаза молла асықпай орнынан тұрып, арт жағына бұрылып, қол созым жерде, жүкаяқтың үстіндегі сарала сандықта тұрған қалыңдығы жарты сүйем жалпақ қоңыр кітапты иіліп, алды. Қапыш қақтаған төстіктей сарығайрақ бұ кітапты бұрын да көрген. Қолына алып, Құран аяттарын да оқыған. Ақырғы сөзін шариғатқа – Алла сөзіне сүйейтінін сезді. Нұртаза молла әуелі Құран-кәрімді қақ жарып ашып, маңдайына кітап беттерін тигізіп, ізет жасады. Құран-кәрімнің маңдай тиген тұсы қарайып, майланып кейбір жазулары өшіпті. –Міне, «Бұзақылардың орны – тозақ. Өздері жаққан оттың азабын тартады».(Сәжде сүресі, 20-аят). Шура сүресінің қырық екінші аятында би дейді: «Әлбетте адамдарға зұлымдық қылып, жер жүзінде орынсыз шектен шыққандарға, міне солар үшін жан түршігерлік азап бар десе, қырық бесінші аятта «залымдар тұрақты азапта болады» деген. Демек, жауыздардың жазасын Алла береді. Алла да Рұм сүресінің қырық бірінші аятында олардың бағытынан қайтатынын айтқан,– деп үміттендірді. Енді көп айналудың қажеті болмады. Қапыш орнынан тұрды.
– Жолыққанша аман бол, Жая, аттанайын. Аға, сау боп тұрыңыз.
– Аттануға асықпа, төрем.
– Асықпауға қойып тұр ма, мініс атым ауыл сыртын айналып жүрген сынды.
Алғыр азаматтың астарлы сөзін амалсыз, үнсіз құптады.
Ертеңінде Нұртаза молда әкесі Шудабай шаңиямен ақылдасып екі жылдан бері өздерін пана тұтып жүрген Сақа мен Сәдуді ел көзінен аулаққа жіберуге келісті. Өйткені керейдің ителі сүйекті ағайынды екі жігіті сонау жылдары Жайсаң (Зайсаң) өңірінен қашып шығып осы ауылға тұрақтанған-ды. Әкелері НКВД-нің адамдары келіп әкетіп бара жатқанда айтыпты: «Кемпір, мен келмеске кетіп барамын. Ана екі құнанды қасқыр жеп кетеді, үйірінен бөліп, күнгейге асырып жайыңдар» деп. Со сөз бойынша Шыңжаңға өтіп, содан осы ауылды тауып қосылған екен. «Шудабай маңайына қашқан-пысқандарды жинап жатыр» дегендерге атақты Зуха батырмен замандас болғансын, бір жағы онымен аталастығын бұлдап: «Анау Зуха бүкіл қазақ, мұңғыл, ойғыр, дүңгеннің жарлы-жақыбайларын қанатының астына алып қамқор болғанда, менің етегіме екі күшік симай ма?!» депті десетін. Сол екі күшігі осы Сақа мен Сәду. Сақа – ерші, Сәду – етікші. Сақаның қайыңнан шапқан ерлері қандай асауға салса қыңқ етпеді. Ат, атан түйеге айырбасталды. Айшықты, арқар мүйіз ашамайларының қаны жерге тамбады. Ал Сәдудің жасаған көк ала кебістерін бай-мырзалардың бәйбішелерінің кигені де, кимегені де арманда. Сол екеуін ел: «найман, тегін жасырады» деп күндейтін көрінеді. Ал мынау пәлекет найман атаулыға да қырғидай тиді. Өздері сауатты, бұлар келгелі көздері көп нәрсеге ашылды. Абайды былай қойғанда Ахметтің жазуын үйретіп, Әлихан, Міржақыптарды ертегідей қып айтып, Мағжан жырларын маржандай төгілдіретін өрімдей жасты әлде кім көрсетіп қалса өздері қолдарымен ұстап бергендей болмай ма? Көзден кетсе, көңілден болады ұмыт деп Сақаны Шудабай баласы Кәрімге қосып, ойлатып Шуырғытыға егінге, Сәдуді кенжесі Ысқаққа ертіп, өрлетіп тау дарасына жылқыға жіберіп өздері Байнұр көлін жайлап отырып қалған.
(Жалғасы бар)
Басы мына сілтемеде
Парақшамызға жазылыңыз