///

Бақытбек Бәмішұлы. Ажалсыз адам (деректі хикаят)(жалғасы)

1598 рет қаралды
фото: spring96.org

1938 жылдың шілде, тамыз айында Қобда түрмесі қазақ, ұраңқай, дөрбет, қалқа ұлт-руларының халық жауы атанған игі жақсыларына лық толды. Бұған Қыстаубай сүйекті Қабдолла сынды жол-жөнекей ұсталып жоспар орындау үшін қосалқы қосып алғандары да бар. Салынғанына қанша жыл болғаны бимәлім сасық түрменің ішінде аузы мұрнынан шығып жатқан адамдар.

Кейбір халі нашар келген қариялар бастырылып өліп жатыр. Ыстық күн. Іші кепкен мәйіттерді шамасы барлар есікке таман сүйреп қояды. Түрме төңірегі иіс-қоңыс, қан сасиды. Қарақұрым қара шыбын. Судың тұнығын ішіп, шөптің шүйгінін жеп, таза табиғаттан өзгемен өзек жалғап үйренбеген аттар Қобда шаһарына қозы көш жер қалғанда-ақ қарғып, осқырынып, кежегесінен кейін тартып, ілгері аттап баспай әлек салады. Қамшының күшімен ғана аяқтарын қия басады.

Түрме іші көр соқыр. Анау биіктегі тор көзді тесіктен болымсыз бозамық түрменің түбіне қайдан жетсін. Төбе мен қабырғаның қиюласқан жиегі қарашобыр қандала. Артқы мүшелері шермиіп адам қанына әбден тойып, тырнақ пен тыпырдан сытылып шығып, мардымсыз бозамықтан жасқанып, ұйлығысып, жасырынып, жусап тұрса керек. Әлгі әлсіз саңылауға қарап отырып Қапыштың есіне бір ән түсті. «Тесіктен алақандай тіл қатамыз, көңіліңді құмалақпен жұбатамыз…». Әнді ыңылдап айтқан сайын иесіне ынтықты. «Жарықтық, кім екен? Кімнің түрмесінде, не үшін зар шекті екен? Ол да бір біз құсаған бейуаз болмапты. Абақтының күйін, арман тілегін айтып кетіпті?».

Түс әлетінде екі шерік келді. Тап-тар қапаста жатқан Қапышты екі иінінен сілке жұлқып, дедектетіп сүйреп кетті. Тұтқындарды тәулікте екі рет сұраққа әкелмек түгіл жалғыз ауыз жауап алуға мұршалары келмей жатты. Сұрақтан сабалмай, ұрып-соғылмай сау шыққандары жоқ еді. Таудың тағысындай тік мінез өңкей ығай мен сығайлар тергеушілердің бір сөзіне келмей тік шапшып шыға келетін де, одан кейін ұрып-соғу, қинау басталып кететін. Қапышқа қазір бәрібір. Адам таныр түр жоқ. Бағана текпілеп тастаған. Көзі жұмулы–шоқпардай, аузы буулы–күптей. Жүру де мұң, бұты талыстай, талтақ. Тәні көнектей. Таңғы сұрақ тағы да қайталанды:

– Алтайға қанша адамды бастап, қашан қашпақ болдың?

– …

– Қанша ат жараттың?

–. ..

– Жылқыңды қай дараға айдап тастадың?

– …

– Арғы беттен тіл жалғаушың кім?

– От…тап…сың!

Көк желкесіне кеп тиген мылтық дүмінен көзінің оты жарқ етіп, жүгініп отыған жерінде ұшып түсті. Басына мұздай су құйды. Есін жиды.

– Мына кісіні танисың ба? –Қапыштың қарсы алдында тұрған тергеуші офицер – тайпақ қара әлде кімнен сұрады.

– Танимын. Қапыш! – Қапыш та жауап қатып тұрған адамды таныды. «Боқанай».

– О, құдай зауалың бергір, Боқанай! –Артында тұрған шерік мылтықпен желкеден періп қалды.

– Үндеме!

– Мынаның, атын жаратып, қытайға қашпақ болғаны рас па?

– Екі атты байлап, жаратып отырғанын көзіммен көрдім.

– Әй, Боқанай, өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын ағайын емеспіз бе?

– Көйтіпсің!.. ағайыншылын. Ағайыншыл болсаң баяғыда қайда қалдың?! Сен маған қанша рет қамшы білегенің есіңнен шығып кетті ме? Қанша рет жолымды кескенің…

– Әй, Боқанай…

– Жап аузыңды,– деп Боқанай тайпақ қараның ымымен Қапыштың үйін тәркілегенде алған сарала сапты өз қамшысымен жауырынынан асыра тартып қалды. Тергеуші ұяластардың өзін-өзі талап жатқанына тіпті қыбы қанып, құшырлана тістенді.

– Бұның Тәшкенмен байланысы бар ма?

– Бар!

– Тәшкен төңкеріске қарсы ұйым құрғаны үшін тиісті жазасын алды.

– Бұлар, ана Ақымер, Шудабай, молда Нұртаза, тұқым жұрағатымен Ташкенмен сыбайлас. Құда!

– О, құдай төбеңнен ұрсын, Боқанай!

Тергеуші талтаңдай басып, темекісін тұтатып, әлгіндегі сұрақтарды түп-түгел қайта қойды. Қапыш қара түнек. Тілі байланғандай қатып қалған. Тергеуші ақырып тура қарсы алдына тебітіп кеп, сұғын кезеп төне бергенде Қапыш ауыз толы қанды түкірікті бетіне былш еткізді. Көзіне қамшы тиген асаудай ыршыған тайпақ қара:

– Муу цус! (Харам қан!),– деп Қапышты тай тепкендей өңменінен өкірте тепті. Ол кескен теректей ұзынынан құлады. Тайпақ қара үстел үстіндегі тістеуікті іліп алып оның кеудесіне қона кетті. Табанымен тап маңдайдан теуіп тұрып Қапыштың екі бірдей қасқа тісін опырып алды. Тайпақ қара сырт айналып басын көтере бергенде Қапыш ышқына шыңғырды. Тіп-тік көтерілген саптама етіктің нәлілі өкшесі оның қасқа маңдайына шақ етіп тиді. Тайпақ қара шекесіне тас тиген лақтай төбесімен шаншыла құлады.

(жалғасы бар)

басы мына және мына  сілтемелерде

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар