///

Ералы Тоғжанов, ҚР вице-премьері: Көші-қон комитеті құрылатын болды. 2025 жылға дейін 80 мың қандас көшіп келеді

1991 рет қаралды
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Қазақстан Республикасы Үкіметіне “ҚАНДАСТАРҒА БІРДЕН АЗАМАТТЫҚ БЕРІЛУІ КЕРЕК. КӨШ ҚАРҚЫНЫ 100 ЕСЕДЕЙ АЗАЙЫП КЕТКЕН…” атты депутаттық сауал жолдаған еді. Онда көш қарқыны күшеюі үшін көптеген түйткілді мәселелердің шешілуі, қандастардың ұлтының қазақ екенін анықтауды шешу және Көші-қон агенттігінің қайта құрылуы керектігі туралы және тб маңызды ұсыныстар айтылған болатын.
Осы сауалға жауап берген вице-премьер Ералы Тоғжанов бірнеше маңызды шешімдерді таныстырды:
– 2020 жылдың қорытындысы бойынша 13 мыңнан астам адам көшіп келіп, қандас мәртебесін алды, оның ішінде өңірлік қабылдау квотасы бойынша 1 378 адам. 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайта оралуына жәрдемдесу жоспарлануда. Осыған байланысты, шетелден келетін қандастар санын ұлғайту мақсатында қандастарды қабылдау квотасы қайта қаралмақ.
Этникалық қазақтар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 13 мамырдағы Заңымен қандастарға бір мезгілде Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығына жеңілдетілген тәртіпте қабылдауға құжаттар тапсыруға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Бұл құжатты қарау мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Анықтама ретінде: бұрын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға құжатты ресімдеген (2 ай), одан әрі тұруға ықтиярхат әзірленеді (1 ай) және содан кейін ғана Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдауға құжаттар тапсыратын (3 ай).
Қазіргі уақытта, мүдделі мемлекеттік органдар азаматтық алу рәсімдерін оңтайландыруға, тиісті құжаттар санын және оларды ресімдеу мерзімдерін 2 есеге (46-дан 20-ға дейін) қысқартуға бағытталған «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі Жол картасын іске асыруда.
Осы Жол картасы аясында, биылғы жылдың екінші жартысынан бастап қандастар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өңірлік квотаға енгізу, тұрақты тұруға рұқсат алу және жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу бойынша мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ала бастайды.
Шығу тегі айқындалмаған шетелдегі қазақтарға қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын беру процесін реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына түзетулер дайындалды, онда:
– жеке басты куәландыратын құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға «қандас» мәртебесін алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екенін айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыретін ұсыну;
– жеке басты куәландыратын құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдарға «қандас» мәртебесін алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екендігі туралы шешім қабылдау құзыретін беру көзделген.
Заңнамалық түзетулер қабылданғанан кейін өтініш берушілер үшін ұлтын онлайн режимде растау мүмкіндігі қарастырылатын болады.
Қандастарға консультациялық және ақпараттық қолдау көрсетететін ақпараттық орталықтар Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Жамбыл облыстарында қызмет етеді. Олар 2020 жылы 5 мыңнан астам өтінішті қарады.
Қазіргі күні, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтары жұмыс істейді. Биыл осындай орталықтарды Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында құру мәселесі пысықталуда.
2021 жылы «Отандастар» қорының бюджеті 441 млн теңге болды. Биыл қорды қаржыландыру көлемі мемлекеттік тапсырыс беру арқылы 135 млн теңгеге ұлғайтылады. Тиісті бюджеттік өтінім Республикалық бюджеттік комиссияның отырысында қаралып, қолдау тапты.
Қосымша қаражат қандастарды ақпараттық қолдау орталығын қамтамасыз етуге, қазақ диаспорасының белсенді өкілдерімен кездесу ұйымдастыруға және қазақ тарихы мен мәдениеті туралы бейнероликтер түсіруге бағытталады.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – «Еңбек» бағдарламасы) шеңберінде қоныс аударушыларға және қандастарға берілетін субсидия мөлшері 2 есе – 35-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар, қандас мәртебесін алған қоныс аударушылар Қазақстан Республикасының азаматтары үшін ауыл шаруашылық саласында қарастырылған барлық жеңілдіктерді пайдалана алады.
Отандық шаруаларды қолдау бойынша пәрменді шаралар «Еңбек» бағдарламасында көзделген. Аталған бағдарламада ауыл шарушылық техникасы мен жабдықтарды атып алу үшін инвестициялық шығындарды субсидиялау, түрлі несиелер мен лизингтер қарастырылған.
Сонымен бірге шаруаларды ынталандыру үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексінде қызметті жүргізу үшін оңтайлы болып табылатын, әкімшілік және салықтық жүктемені азайтуға бағытталған арнаулы салық режимдері (бұдан әрі – АСР) көзделген.
Мәселен, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР-де бірыңғай жер салығы (бұдан әрі – БЖС) негізінде 6 салық пен төлемнің орнына БЖС ғана төленеді. Сондай-ақ БЖС төлеушілер айналым мөлшеріне қарамастан, қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайды.
Ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін АСР-да есептелген салықтар 70%-ға төмендетіліп төленеді.
Қазақстан Республикасы Жер кодексіне сәйкес қандастар шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығына ие.
Осылайша, ауыл шаруашылығымен айналысатын қандастарға өз қожалығын дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған.
Көші-қон саласында мемлекеттік саясатты жетілдіру мақсатында қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамында Көші-қон комитетін құру мәселелесі пысықталуда.
Шетелде тұратын этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуына байланысты сұрақтарды оңтайлы шешу, олардың жедел бейімделуі және қазақстандық қоғамға белсенді кірігуі үшін жағдайлар жасау, бірыңғай мемлекеттік көші-қон саясатын қалыптастыру жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2022 − 2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.
Жалпы қандастарды қолдау мәселесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында, – делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар