///

Ерекше жандардың талабы не? Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына келген мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңына құлақ түріңіз

5036 рет қаралды
1

Мүгедектердің өмір сапасын жақсарту шарттарының сақталуын талап етіп, бүгін осал топ белсенділері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғимаратының алдында жиналды.

Қойылып отырған негізгі екі талап – баспана бөлу және жәрдемақыны арттыру мәселесі.

Бекишев Ермек, мүгедектігі бар тұлға:

«Меморгандар мүгедектердің құқықтарын сақтамайды, қорғамайды. Медициналық оңалту жоқ. Қазіргі министрлік тағайындаған жәрдемақыларымыздың мөлшерінің  аздығы соншалық, бізді тәлкек етіп отырғандай. Олар дәрі-дәрмектен тек Қазақстанда жасалғанды жазып береді. Сапасы төмен дәрі-дәрмекке жанама реакциялар пайда болады. Жалпы, қанша рет осында келіп едім, бір де рет министр «Қандай проблемаларын бар?» деп шығып сұраған жоқ. Өкілдерін жібереді, олар талаптарды жазып алады, алайда проблемалар шешілмей қалады. Жыл сайын осы жағдай қайталанады».

Ермек мырзаның айтуынша, еуропа елдеріндегідей азық-түлігіміз қымбат болып тұрса, еңбекақы, жәрдемақы да соғұрлым жоғары болу керек. Оның түсіндіруінше, жәрдемақыны арттыру талабы молшылық үшін емес, күнделікті тамақ, дәрі-дәрмек, керек-жарақ үшін керек.

«Егер біздің мәселелерімізді шешуге білімдері жетпей жатса, біліктілікті арттыру курстарына барып оқысын, жетілдірсін, қанша уақыт керек болса, сонша күтеміз», – дейді Ермек Бекишев.

Азамат Садуов, 2-топ мүгедектігі бар жан:

«Мүгедектердің көбісі өмір сүріп жатқан жоқ, аман қалу мақсатымен күнелтіп жатыр. Времянка, көгерген, иісі қолқаны қабатын жатақханаларда тұрып жатыр. Айтып-айтып шаршадық».

«Мысалы, мен 3 дәрежедегі мүгедекпін. Баламның да мүгедектігі бар. Бір отбасыда бірнеше мүгедегі бар жағдайлар жиі кездеседі. Сондай жағдайларды зерделеу үшін арнайы комиссия құрмайсыздар ма?! Штаттарыңыз үлкен ғой. Мен өткен жылы да келгенмін. Неге естімейсіздер? Маған инватакси да жоқ. Мен де, балам да аурудан түнде ұйықтай алмаймыз. Жазған хаттарымызға бір үлгілі жауап келеді. Біз сұрап жатқан жоқпыз, біз талап етеміз, – дейді Махаббат Кусаинова. – Тұрып жатқан уақытша баспанама қан-термен жеттім. Өйткені жәрдемақым үй түгіл, бөлме жалдауға жеткен жоқ. Ал жергілікті орган не істеді? Жатақханадан сасық, дымқыл бөлме бөліп берді. Ол 4-ші қабатта, лифт жоқ. Мен ауру аяқтарыммен сол жерге көтерілемін. Өткен жылдан бері осы проблемамен жүрмін. Сіздер неге бір адамның болсын мәселесін шеше алмайсыздар», – деп шырылдап, Махаббат ханым көз жасын жасыра алмай, проблемаларын министрлік өкіліне айтты.

Махаббат ханым қатысушыларға баспана жалға емес, заң бойынша мүгедектігі бар тұлғалардың меншігіне бөлінуі, оның жарамды, қолжетімді, кепілдендірілген болуы керектігін жеткізді.

Министрлік ғимаратының алдында жиналған белсенді мүгедектігі бар тұлғаларға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі – кеңесші Закиев Әділет Болатұлы шықты:

«Осында айтылған мәселелер бойынша Министрлік әлеуметтік саясат бойынша жұмыс істейді. Біз тек бір адамның мәселесін ғана шеше алмаймыз. Біздің міндетіміз проблемаларды жүйелі түрде шешу. Әрине, түсінемін. Мәселе тез шешіліп жатқан жоқ, ол біраз уақыт алады. Бюджетте, заң шығару процесінде шектеулер бар», – деп жауап берді.

Әділет Болатұлының хабарлауынша, қазір мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған қосымша шарттар заң жобасы Сенатқа берілді. Сондықтан ол іс-шара қатысушыларына талаптарды реттеп, қағаз бетіне түсіруді ұсынды. Осылай мәселелерді жүйелі түрде шешуге болатынын түсіндірді. Соңыра талаптарды өз бақылауына алатынын айтты.

– Әділет Болатұлы, жазылып алынған талаптар қайда енгізіледі?

– Мен бұдан бұрын айтқандай, биыл Сенат бастамаcымен мүгедектігі бар тұлғаларды қолдау шараларының қосымша пакетін ұсынып отыр. Дәл осы заң аясында бүгін айтылған талаптарды соған қосуды көздеп отырмын. Айтылып отырған мәселелердің барлығы маңызды. Бірақ, қайталап айтайын, бұл жүйелі түрде шешілетін жайт. Біз, министрлік, тек өзіміз ғана шеше алмаймыз.

– Ал заң жобаны талқылау үшін арнайы жұмыс топтары құрылады ғой, олардың құрамында қанша мүгедектігі бар адамдар бар?

– Министрлік қарамағында Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесі бар. Оның қатысушыларының түгелге жуығы мүгедектігі бар тұлғалар. Олар әр талқылау, ұсыныс беру процестеріне қатысады.

Сонымен қатар Әділет Болатұлы ғимараттарға қолжетімділік, үйлестіру кеңесі, жұмыс топтары құрамы бойынша да біраз сұрақтарға жауап берді.

(Толығырақ видеода)

Жанар Байтілес, Нұр-Сұлтан қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. […] де 1 Маусым Балалар күнінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдында, одан бұрын қала әкімдігі ғимаратының алдында […]

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар