////

Ерте жүктілік: жасөспірімдерге жыныстық сауат пәні керек пе?

3765 рет қаралды
Фото: Қармақшы таңы

Қоғамның дертінің бірі кәмелетке толмай құрсақ көтерген аналар. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген мақал еріксіз ойға оралады. Бірін тағдыр сынаса, бірін түздегі қылығы арбап әкетеді. Мінбер сайтының тілшісі жас аналармен де, мамандармен де сұхбаттасып қайтты.

«Мен 16 жасымда тұрмысқа шығып, 17 жасымда алғаш рет ана атандым. Ең алғаш ана атанған кезім де қызық күйде болдым. Өзім де әлі бала болған соң толғақты дұрыс түсінбеппін, қиналып соңында кесір тілігімен босандым. Алғаш рет  баламды көргенде бүкіл ауыртпашылықты ұмыттым. Үйге шыққан соң қайын әпкем баланы өзі қарады. Бала қарау жағынан қиналмадым.   Керісінше тезірек өз өзіме келдім. Жас кезіңде шамаң келгенше, денсаулығың жеткенше туып алған дұрыс. Одан кейінгі балаларда қиын болған жоқ. Бірақ кесір тілігімен босанғандар, өзі туғандарға қарағанда жай қалпына келеді екен. Сондықтан ерте ана атанған дұрыс. Өзің босансаң да,кесір тілігімен босансаң!» дейді үш баланың анасы Адильбекова Гүлбахрам.

«Ерте ана атандым, жалғыз басты ана болғандықтан өмірдің соққысын ерте көрдім. Қызыммен бірге өсіп келемін. Анама қалдырып, еш дамылсыз жұмыс істедім. Күндіз оқуға жүгіріп, түнде даяшы болдым. Жүйкеме де, денсаулығыма да ауыр жүк болды.» дейді ерте ана атанған А. есімді ару.

Дәл осы тақырыпқа психолог, гинеколог мамандар да өз пікірін білдірді.

«Жасөспірім қыздар ең алғаш рет қандай жағдайда жыныстық қатынасқа түседі, оған не себеп болады, деген сауалға дәрігерлер мен психологтар, құқық қорғаушылар мынандай да жауап қайтарады: «Жасөспірімдердің алғашқы жыныстық қатынасқа түсуіне олардың анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері де, отбасындағы, мектептегі тәрбиесінің нашарлығы да, өмір сүретін өңірі, ортасындағы жағдай да, өзінің жыныстық қатынасқа ерте құмартқан белсенділігі де, теледидар, кинотеатрлардан порнографиялық фильмдерді жиі көруі де себеп болады. Тұрмыс жағдайының нашарлығынан кейбір жасөспірім қыздардың әлдекімдердің еліктіріп, желіктіруінен тәнін ақшаға сатып, «түнгі көбелектерге» айналатындары да аз емес..

Ерте жүктілік жас қыздардың денсаулығына орасан зиян келтіруі мүмкін, бұл өз кезегінде, қайғылы жағдайларға алып келеді. 15-18 жас аралығындағы қыздар жүкті болған және жүктілік кезінде туындайтын қиындықтар, көбінесе, өлім көрсеткішінің ұлғаюын көбейтіп отыр. Сондықтан, жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің өсуі, жасөспірімдер арасындағы неке, аналар, ерте жаста түсік жасау, кәмелетке толмаған аналардың жаңа туған нәрестелерінен бас тарту жағдайлар санының артуы, жаңа туған нәрестелер мен аналар арасындағы өлімінің жоғары болуы, кәмелетке толмаған қыздардың дамуында патологиялар бар нәрестелерді дүниеге әкелуі, қыздар арасындағы суицидтердің көбеюі – осының бәрі ерте жүктіліктің салдарынан туындайды.

Ерте жүктілік, көбінесе, жағдайы төмен отбасыларда орын алады деген түсінік қалыптасқан. Алайда, қазіргі таңда жағдай өзгеше. Бұрын мұндай үрдіс әлеуметтік тұрғыдан аз камтылған отбасылардан шыққан балаларға ешкім бас-көз болмай жүргендіктен байқалатын. Бірақ бүгінгі күні белгілі бір әлеуметтік теңгерімсіздік байқалады және материалдық жетістік балалардың анағұрлым қорғалуын қамтамасыз етпейді. Тіпті керісінше, әсіресе, оларға ата-аналарының тарапынан тиісті назар аударырылмаған жағдайда, материалдық мүмкіндіктердің болуы салдарынан балалардың саналық деңгейі төмендейді.

Ерте жүктіліктің туындау жауапкершілігін тек жас қыздарға ғана жүктеп қоюға болмайды, алайда, қоғамның басым бөлігі дәл солай істеп жатады. Келешек әкелер, ата-аналар, мұғалімдер және тағы да басқалар орын алып жатқан жағдайды толыққанды түсініп, сезінуі тиіс.

Көптеген ата-аналар өз балаларын жыныстық тәрбиелеумен айналыспағанды жөн санайды. Олар бұл жауапкершілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетке жүктейді. Балаларға кітаптар мен контрацепция құралдарын әперу жүктіліктің тәуекелін азайтпайды. Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, көбінесе, дұрыс жыныстық тәрбие бермеудің салдары болып табылады. Біздің менталитетке қарайтын болсақ, ата-аналар үшін өте қиын тақырып. Тек тыйым салып қана қоямыз, ал бұл қазіргі заман талабы үшін өте жеткіліксіз.

Ерте жүктілік кезінде туындайтын психологиялық ауытқулар немесе ерте жаста жүкті болған қыз балалардың психологиясы, әрине оған ең алдымен қыз баланың депрессияға түсуі-бұл жаңа міндеттермен бетпе-бет келгенде және бұрын жоғалтқан нәрсені білгенде, қиналу және асқыну кезінде дамитын ауру. Одан кейін көңілсіздік сезімі: қаражаттың жетіспеушілігі болашаққа деген сенімсіздік пайда болады. Келесі ұрықтың немесе жаңа туылған нәрестенің әл-ауқатына қатысты уайымдау: білімнің болмауы және жаңа нәрсеге тап болу нәрестенің немесе ұрықтың әл-ауқаты туралы обсессивті жағдайларға әкелуі мүмкін.

Босану кезінде де жас ана қиындықтарға тап болады. Жас ананың босанар алдында психологиясы тұрмақ, физиологиялық жағдайы босануға дайын болмағандықтан денсаулығының нашарлауы, түрлі аурулардың пайда болуы барлығы әсер етеді.» дейді психолог маман Мырзай Бақытгүл.

«Жасөспірім кезеңдегі жүктілік -13-17 жас аралығында қыз баланың құрсақ көтеруі. Бұл кезеңде қыз баланың физиологиялық, психологиялық дамуы құрсақ көтеруге қажетті мөлшерде дамып жетілмеген. Ерте құрсақ көтеру- көп жағдайда аборт жасауға, онын арты бедеулікке әкеліп  соқтырып жатады. Түсіктен бас тартып, босануға келіскен жағдайда жас ананың денсаулығына қауіп төнеді. Көп жағдайда қыз баланың жамбас сүйектері  босануға  жеткілікті  мөлшерде дамымаған  болғандықтан кесір тілігін жасауға мәжбүр  болады. Сондықтан, жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығын арттыру керек.» дейді акушер-гинеколог Жансая Бахтолдақызы.

Парақшамызға жазылыңыз

Арай Нұржанқызы

Арай Нұржанқызы Жетісудың тумасы, ақын, "Жетісу келіндері" орталығының төрайымы, "МедиаНет" халықаралық журналистика мектебінің, "Мінбер" ақпарат агенттігінің "Азаматтық журналистер" мектебінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар