Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда үшінші рет Ұлттық халық санағы жүргізілгелі жатыр. Бұған дейін бұл маусым 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілді. Он жылда бір рет ұйымдастырылатын жалпы ұлттық халық санағының негізгі кезеңі 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында өтеді. Ал, 1 маусымда басталған санақтың дайындық кезеңі осы айдың 30-ына дейін жалғасады. Қазір елде бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде? Атырау өңіріндегі іс-шаралар қандай деңгейде? Біз осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.
ӘЛЕМДІК ДЕРЕКТЕРМЕН САЛЫСТЫРУ
Мамандардың айтуынша, халық санағының негізгі мақсаты – әлемдік деректермен салыстырмалылықты қамтамасыз ету. 2015 жылдың маусымында БҰҰ 2020 жылы халық санағының кезекті раундын жүргізу қажеттігін жариялаған еді. БҰҰ-ның ұсынысын назарға ала отырып, былтыр Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы қаулы қабылданды.
– Былтыр елде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты күрделі жағдай қалыптасты. Осыған орай Президент тапсырмасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметі ұлттық халық санағын өткізу мерзімін 2021 жылғы қазанға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Биылғы Ұлттық халық санағы 2 кезеңнен тұрады: дайындық және негізгі кезең. Дайындық кезеңі маусымның 1 мен 30 аралығында өтеді. Бұл уақытта интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың тізбесін жасақтап, ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралайды. Осы сәттерде Ұлттық халық санағының негізгі кезеңін өткізуге, яғни аудандастыруға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Санақты аудандастыру – бұл өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Галя Мұханғалиева.
Бүгінде Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағының дайындық кезеңін өткізу үшін санақ персоналын іріктеу және оларды оқытудан өткізу жұмыстары аяқталды. Облыс бойынша барлығы 207 адам жұмысқа тартылды. Санақ персоналы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жоғары курс студенттері, еріктілер корпусы мүшелері, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыссыз азаматтар қатарынан іріктелді. Бір ерекшелігі, бұл науқанның портативті есептеуіш құрылғыларды қолдану арқылы өткізілетіндігін ескере отырып, жұмысқа неғұрлым техника тілін меңгерген жастар тартылды.
– Дайындық кезеңінің интервьюерлерін айырып тану белгілері халық санағының логотипі, яғни атрибутикасы бейнеленген көк түсті сөмке (портфель) және департамент басшысының қолы қойылып, мекеме мөрі басылған арнайы куәлік болып табылады. Бұдан басқа, олардың қолдарында планшеттер болады. Санақ персоналының барлығы жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен осы кезеңнің өтуі мерзімінде Статистика департаментімен берілген куәлік негізінде санақ персоналының Атырау қаласының қоғамдық көліктерінде тегін жүруі қарастырылған, – деді Галя Кәшуқызы.
ЭЛЕКТРОНДЫ САНАҚ ПАРАҚТАРЫ: ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?
Ал, Қазақстанда жалпы ұлттық халық санағының негізгі кезеңі 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында өтеді. Халық санағы барысында санақ сәтіндегі тіркелу немесе орналасқан орнына қарамастан елде тұратын барлық респонденттер есепке алынады. Халық санағын өткізу кезінде халықты есепке алу Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 2021 жылғы 31 тамыздан 1 қыркүйекке қараған 00 сағат 00 минут сәтіндегі жағдай бойынша жүзеге асырылады.
2021 жылғы халық санағының осыған дейін өткізілген санақ науқандарынан елеулі ерекшелігі Интернет желісі арқылы электронды санақ парақтарын толтыру және портативті құрылғылар – планшеттерді пайдалану болып табылады.
Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ақпараттың қайталануын болдырмау мақсатында алғаш рет санақ парағына респонденттердің жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) енгізілген.
Санақ парақтарындағы сұрақтардың жалпы саны – 87, оның ішінде 67-сі – негізгі, 20-сы – нақтылаушы сұрақтар. Халық санағы ақпаратты жинаудың екі әдісін пайдаланумен өткізіледі. Біріншісі www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығындағы кезеңде интернет желісі арқылы онлайн режимде өткізілсе, екіншісі 1-30 қазан аралығында планшетті пайдалана отырып интервьюерлердің респонденттерге сауал салуы арқылы электрондық санақ парақтарын толтыру арқылы жүзеге асады.
Бұдан басқа, «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы кез келген браузерден www.sanaq.gov.kz сайтына өту арқылы ұлттық халық санағынан өту мүмкіндігі беріледі. Санақ парақтарын электронды түрде толтыру уақыт үнемдеуге, респонденттің өз үйінен немесе жұмыс орнынан шықпай барлық жанұя мүшелері үшін бір жерде мәліметтер ұсынуға мүмкіндік туғызады. Онлайн режимінде санақ парақтарын толтыру аяқталғаннан кейін респонденттерге ұялы телефонның жеке нөміріне (СМС арқылы) және тіркеу кезінде көрсетілген респонденттің электрондық поштасына санақтан өткені туралы бірегей нөмірі бар хабарлама жіберіледі.
Интервьюер үй шаруашылықтарына барған кезде респондентке хабарламаның бірегей нөмірін ұсынуы жеткілікті. Осылайша, интернет-сауалдан өткен және хабарламаның бірегей коды бар респонденттерден жауап алынбайды. Мемлекеттік статистика органдары мәліметтердің құпиялылығына кепілдік береді, деректер тек статистика мақсатында жинақталған түрде пайдаланылады.
Санақтың негізгі кезеңін жүргізу кезінде халыққа ұялы және стационарлық нөмірлерден Call-орталықтың «1446» тегін бірыңғай телефон нөмірі арқылы санақ мәселелері бойынша кеңес беру қарастырылған.
ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ
Ұлттық халық санағын сапалы жүргізу үшін бүгінде ел арасындағы үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуі қажет. Осы орайда биылғы науқан «Қазақстанда әркім маңызды!» атты ұранымен өткізіледі. «Халық санағы 2021» логотипі бекітілді және ол шаңырақ астындағы халық бірлігі мен отбасы құндылықтарын білдіреді, қолдары көкке көтерілген «адамдар бейнесі» іс-шараның ашықтығын, қауіпсіздігі мен маңыздылығын нақтылайды.
2021 жылғы халық санағын ақпараттық қолдау Атырау облысында қандай деңгейде қолға алынды?
–Бұл бағыттағы жұмыстар үшін Атырау облысы әкімінің орынбасары арнайы медиа-жоспарды бекітті. Мұнда көзделген іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағын ақпараттандыру бойынша қазақ және орыс тілдерінде арнайы 8 бейнеролик дайындалы. Санақтың 1-кезеңіне арналған бейнероликтің қазақ және орыс тілдеріндегі көрсетілімі күніне 4 реттен республикалық және жергілікті телеарналарда жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, аталған бейнеролик Статистика департаментінің, қалалық және аудандық әкімдіктердің Интернет желісіндегі әлеуметтік желілерінің ресми парақшаларында да орналастырылды, – деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Галя Мұханғалиева.
Сұхбаттасушымыздың айтуынша, Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағы – маңыздылығы мен ауқымдылығы жоғары жалпы мемлекеттік шара. Оның қорытындысы елдегі демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша қабылданатын үкіметтік және мемлекеттік бағдарламалардың дереккөзі болып табылады. Мұндай қабылданған бағдарламалар өз кезегінде ел экономикасының дамуына, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне, тұрмыс сапасының артуына оң ықпалын тигізеді. Ендеше, ел игілігі үшін бұл науқанға әрбір азамат немқұрайлы қарамай, белсенді түрде атсалысса игі.
Ескендір ӘКЕЖАН,
Атырау облысы
Парақшамызға жазылыңыз