/////

Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз тас жолы қашан аяқталады? Бұл жолды аяқтау үшін әлі де 19 миллиард теңге қажет

6214 рет қаралды

Мұнайлы астана Атырау облысындағы құрылыс жұмысы басталғанына 10 жылдан асқан «Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз» тас жолының жыры әлі күнге бітер емес. Аталған жердің халқы он жыл бұрын «тас жол салынады» дегенде атойлап қуанған еді. Алайда көптің бұл қуанышы көңілге су сепкендей басылды да қалды.

Өйткені бұл жолға қатысты бір жылда жасалған жұмыстың көлемін айтудың өзі көңілді құлазытады. Осылайша сағызша созылған жолды сарсыла күтіп отырған халықтың жайы мәз емес. Көпті толғандырған мәселе ендігі уақытта қалай шешімін табады? Тас жол құрылысы әлі қанша жылға созылуы мүмкін? Алыстағы ағайынның көкейіндегі түйіні тарқамаған бұл мәселе билікті алаңдатпай ма? Біз осы сауалдарға жауап іздеп, әлеуметтік желілерді біраз парақтадық.

Нәтижесінде Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев биыл аталған проблеманы көтеріп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа хат жолдағаны белгілі болды.

Басталған іс үшін 10 жыл аз уақыт еместігі баршаға аян. Егер осынша уақытта қалауын тапса жол тұрмақ, қала тұрғызуға әбден-ақ болады. Десек те депутат көтерген сауалда ұзындығы 324,5 шақырымға созылған «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тасжолының құрылысы бірнеше телімге бөлініп, соңғы бөліктеріне қаражаттың тым аз қаралуы құрылыстың аяқталуына қолбайлау болып отырғаны туралы баяндалған. Десек те, бүгінде мәселеге қатысты қозғалған сең бар. Сол сеңнің нәтижесінде қомақты қаражат бөлініп, жұмыс уақытылы қолға алынса 30 жылда шешімін тапқан игі істің бірі нақ осы болар еді.

– Менің 2021 жылдың 2-ші ақпанында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұловқа жолдаған хатыма 22 ақпанда министрден жауап хат келді. Сауал Атырау облысындағы «Қарабау-Индер» тас жолын уақытында аяқтау үшін 2021 жылы республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту туралы болған. Осыған дейін 2021 жылға республикалық бюджеттен 1,7 млрд, теңге, жергілікті бюджеттен 0,3 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл қаражат өте мардымсыз көлемде еді. Облыс әкімдігі қосымша 3 млрд. теңге сұраған.

Министрлік өз кезегінде жобаны уақытында аяқтау үшін қосымша қаражат бөлуді қолдап, 2021 жылға арналған республикалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде Қаржы министрлігіне өтінім жолданатынын жазды. Министрге алғысымызды білдіре отырып,  осы мәселенің орындалатынына сенім білдіреміз, – деп жазады Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Зерделеп қарасақ, жол құрылысы басталған алғашқы 4 жылда ұзындығы 114 шақырым Сағыздан Миялыға дейінгі аралық пайдалануға берілді. Осы кезеңде жасалған жұмыстарды ойша сараптаған тұрғындар тағы төрт-бес жылда қалған бөлігі де аяқталып қалады деп ойлады. Десек те жағдай көптің ойлағанындай болмады. Миялыдан Қарабауға дейінгі 2013 жылы басталған 123 шақырымның құрылысы бітпей жұртшылықтың діңкесін құртты.  Ақырында бұл бағыт алдыңғы жылы аяқталып тынды.

Біз қозғап отырған ендігі мәселе – Қарабаудан Индерге дейінгі бөлік. Бұл аралық 87 шақырым. Жасалатын жұмысты қаржыға шаққанда құны 24 780 млн. теңгеге бағаланған. 2019-2020 жылдары республикалық бюджеттен 3 546 136 мың теңге, облыстық бюджеттен бөлінген 354 614 мың теңгеге Индер жағынан бастап 15,3 шақырым жол төселген. Осылайша, жыл сайын бөлшектеліп берілген қаражатқа мардымсыз жұмыс жасалып жатты. Ал, биыл 64,7 шақырымына республикалық бюджеттен бөлінген 1 692 миллион теңгеге жолдың қанша бөлігін жасауға болады?

Бұл сома көрер көзге, естір құлаққа қомақты қаржы секілді болғанымен, бүгінгі нарықтағы бағаны ескерсек, оның да мәселені толық шешпейтіні айдан анық. «Индер–Қарабау» тас жолын аяқтап, толық пайдалануға беру үшін әлі де 19 186 872 мың теңге қаражат қажет екен.  Бұл жолы егжей-тегжейлі қарастырылған осынау мәселе ендігі уақытта аяқсыз қалмай, шешімін тапса күрмеуі қиын болып жатқан проблемалар өзінен-ақ реттеле берер еді. Кәсіпкерлікке де кеңінен жол ашылып, көрші облыстармен тауар айналымы да артады. Көпшілік көкейінде жүрген тірліктерін де еш кедергісіз атқара берері сөзсіз. Ендеше, халық қалаулысы қолға алған бұл депутаттық сауал нәтижелі болғай!

Ескендір ӘКЕЖАН,

Атырау облысы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар