Жыл бойы жағымсыз иіске тұншыққан атыраулықтар үшін жаз мезгілі тіптен қиын. Әсіресе түнгі уақытта терезені ашып, таза ауамен тыныстау мүмкін емес. Тұрғындар аптап ыстықта кондиционерлерді ток көзінен ажыратпай, соның желдеткішімен ғана тынығуға мәжбүр. Неге? Өйткені бұл тұста басты мәселе мұнайлы өңірдің экологиялық ахуалына келіп тіреледі.
41 ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ ТІРКЕЛДІ
Өңірде экологиялық ахуалдың нашарлауының бірнеше себебі бар. Соның ішінде ірі табиғат пайдаланушылардың экологиялық заңнама талаптарын бұзуы – ауаның ластануына бірден-бір әсер етуші фактор. Ал олардың табиғатты бүлдірмеуін қадағалауда жауапты органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыс нәтижесі қандай?
Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері аталған департамент өкілдері табиғат пайдаланушыларға 35 рет тексеру жүргізді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнама талаптарының бұзылуының 41 дерегі анықталды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 28 әкімшілік іс қозғалып, оларды қарау қорытындысымен жалпы құны 2 503 383 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұлдар салынған.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының бұзылуын жою туралы жалпы құны 16 231 770 теңгені құрайтын 6 нұсқама беріліпті. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарындыларын, оның ішінде алау қондырғыларында газ жағу салдарынан нормативтен тыс эмиссияларды жүзеге асыру деректері бойынша 1 651 147 теңге және басқа да сома көлемінде нұсқамалар ұсынылып, өндірілген.
Бұл мәліметтерге сүйенсек, анықталған заң бұзушылықтар бойынша табиғатты ластаушылар айыппұл төлеумен ғана шектеліп жатыр. Ал айыппұлдардың ауа сапасын жақсартуға бағытталып жатпағаны өкінішті. Бұл жағдайға зер салсақ, Атыраудағы экологиялық ахуал жуық арада жақсармайтынға ұқсайды.
КОДЕКСТЕГІ ЖАҢА ТАЛАПТАР ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛСЕ ИГІ
Жыл басында жаңа Экологиялық кодекс енгізіліп, бұл құжатта экологиялық төлемдердің 100%-ы экологиялық іс-шараларға жұмсалатыны көзделген-ді. Сонымен қатар, кодекстегі «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатының өзінің маңызы зор. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің бірінде Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің өзі осы қағидаттың негізінде ауаны ластауды болдырмау және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік көзделгенін атап айтты. Экологиялық зиян орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны оның бастапқы қалпына келтіруге міндетті екенін жеткізді.
Сондай-ақ, министр мырза кодексте атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделгенін айтты. Бірінші кезеңде жалпы ластанудың 80% шығарындыларының көзі болып табылатын 50 ірі кәсіпорында енгізу жоспарланған. Еуропада 15 жыл ішінде ең озық қолжетімді технологиялардың арқасында шығарындылар 94%-ға азайтылды. Осы технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар қолжетімді технологияларды пайдаланбаса, олардың эмиссия үшін төлем мөлшерлемелері едәуір артады. Мұндай жаңа талаптардың кодексте қабылдануы әрине құптарлық. Алайда бұл заңдылықтар бізде әлі қолданысқа енгізіле қойған жоқ. Жауапты мекемелер тарапынан қазір жаңа құжаттағы өзгерістерді түсіндіру жұмыстары ғана жүргізілуде.
3 НЫСАН ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТТЫ
Бүгінде табиғат пайдаланушы нысандардың кейбір әрекетіне байланысты өңірдегі экологтар сот органдарына да жүгінеді. Мәселен, жыл басынан бастап сот органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметтi тоқтата тұру туралы талап-арыздар ұсынылған. Заңнама талаптарын бұзуға жол берген 3 табиғат пайдаланушы нысанның қызметін тоқтату туралы сот шешімдері шыққан.
– Биылғы 5 айда Атырау облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары жоспарлы, жоспардан тыс және мониторинг жүргізумен 22 нысанды тексерді. Нәтижесінде атмосфералық ауа, су көздерінен және топырақтан 119 сынама алынды және 1976 сынама анықтамасы жасақталды. Атмосфералық ауаның ластануын және өнеркәсіптік шығарындыларды бақылау бойынша 17 кәсіпорнында талдамалық бақылау жүргізді. Қорытындысында өнеркәсіптік шығарындылардағы ластаушы белгіленген нормативтерден асу деректері анықталды. «ЕмбіМұнайГаз» АҚ, «ҚайнарМұнайГаз» МГӨБ, «УАЗ», «Шығыс Молдабек», «Кенбай» кен орнындарында, атап айтқанда «Кенбай» мұнай дайындау және айдау орталығы ПТ 16/150 пешінен азот тотығы, азот қостотығынан шектеулі рауалды концентрациядан асып тұрғандығы анықталып, қазір бұл мәселелерге қатысты шаралар қабылданып жатыр, – дейді Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз хатшысы Эльнара Оралова.
Департамент өкілінің айтуынша, зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандарымен Атырау қаласы аумағында мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде атмосфералық ауадан зиянды заттардың мөлшері рұқсат етілген шекті шоғырлану нормасынан асу фактілері жиі кездеседі. Тұрғындарды мазалаған мүңкіген иіс те осы жағдайдың салдарынан орын алып жатқаны анық.
Атырау қаласында тіркелетін күкірт сутегі мен ауаның жоғары ластанулардың басым көпшілігін «Атырау облысы Су арнасы» КМК-на қарасты булану алаңдары, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» Н.В. құрайды.
Қазір «Тухлая балка» булану алаңына кәріз сулары төгіндісін «Атырау облысы су арнасы» КМК-мен және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС төгеді. Бүгінде жыл басынан бері бұл нысандарға қатысты орын алған заң бұзушылықтарға байланысты Атырау облысы бойынша экология департаменті Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне 3 хат жолдаған.
Ескендір ӘКЕЖАН,
Атырау облысы
Парақшамызға жазылыңыз