Жамбыл облысы Шу ауданы Өндіріс ауылдық округі Абай ауылындағы 436 сайлау округінде ауыл әкімдерін сайлау барысын бақылаған тәуелсіз бақылаушылардың бірі Мият Кәшібай сайлау барысын өзінің фейсбук парақшасында біраз суреттеген еді. Мияттың өзіне хабарласып, бақылау кезіндегі көрген білгендерін бөлісуді сұраған едік.
Мият Кәшібай, журналист: МЕН БАҚЫЛАҒАН УЧАСКЕДЕ САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ 42% ҚАТЫСТЫ, БІРАҚ РЕСМИ ХАТТАМАДА 62% ДЕП КӨРСЕТІЛГЕН
-Мият, сіз сайлау учаскесінен сізді ПТР тестіңіздің жоқ екенін сылтауратып шығарып жібергенін жазған едіңіз. Жалпы ПТР тест талап ету заңға қайшы ма?
– Негізі ПТР тест талап ету заңға қайшы емес екен. Бас санитар дәрігер 25 маусым күні сондай Қаулы шығарыпты. Соған сәйкес барлық бақылаушы, БАҚ өкілдері ПТР тестпен кіруі керек. Бірақ сайлау учаскесіне барған кезде мен бұл жайлы білген жоқпын. Таңертең сағат 8-де сайлау учаскесінде бізден ешкім ПТР тест жайлы сұрамады, ондай талап қойған жоқ. Тек түстен кейін ғана сұрай бастады. Оның өзінде де бірден тест талап еткен жоқ. Әуелі менің сайлау учаскесінен кеткенімді қалады. Араға таныс адамдарды салып, сайлау учаскесінде отырмай үйіне қайтып кетсе екен деп айтты. Мен бұл уәждеріне келіспеген соң, ПТР тестің жоқ деп шығарып жіберуге кірісті. Ол кезде де мен шығып кеткен жоқпын. «Егер шығаратын болсаңыздар менің үстімнен акт толтырыңыздар. Яғни сіздер мені заңсыз түрде кіргіздіңіздер. Енді заңды түрде шығарыңыздар»-, дедім. Бірақ олар төрт сағат бойы акт толтырған жоқ. Тек бестер шамасында, сайлаудың аяқталуына екі-үш сағат қалған кезде ғана толтырды. Сөйтіп дауыс санау процесіне қатыстырмады.
– Cенің бақылауың бойынша сайлауға қанша адам дауыс берді?
– Мен бақылаған учаскіде сайлаушы ретінде 891 адам тіркелген екен. Бірақ 381 адам ғана келді. Яғни 42%. Мен оны барғаннан санап отырдым. Менің есебім өте дұрыс. Ал сайлау хаттамасында 562 адам, яғни 63% келді деп толтырды. Қазір менің қолымда протоколдың көшірмесі бар. Бірақ мен оны бақылаушы ретінде алған жоқпын. Сайлау біткен соң сол жердегі басқа бақылаушыларға берілген протоколды алдым. Және учаскіге келген протоколды түсіріп алдым.
– Бақылау барысында қандай заң бұзушылық болды?
– Комиссия тарапынан болған заң бұзушылық сол ПТР тесті түстен кейін талап еткендері. Сондай талап бола тұра сол жерде отырған 6 бақылаушыдан ПТР тест сұрамаған. Тек менен ғана сұрады. Себебі ол жерде менен басқа тәуелсіз бақылаушы болған жоқ. Қалғандары «Нұр Отан», «Ақжол» партиясындағы сенімді өкілдері болды. Олардың вакцина паспорты бар екен. Ал екінші заң бұзушылық хаттаманы өз сценарийлері бойынша жасағандары. Яғни 42%-ды 62% деп көрсеткен. Және мен бақылаған учаскіде 3 кандидат болды. Негізі ол менің өз ауылым ғой. Ол ауылды жақсы білем. Сол үш кандитаттың екеуіне дауыс бермек түгілі ешкім де танымайды. Сайлау алды агитация жүргізбеген кандиттар. Олар үгіт-насихат жүргіземіз деп келген. Бірақ халық бармай қойған. Себебі халық оларға дауыс бермейміз деген. Солардың біреуіне 55 дауыс, екіншісіне 50 дауыс жазған. Сол заңсыз болды. Ал жеңімпаз болған кандидат өзіміздің ауылдың азаматы және «Нұр Отан» партиясының атынан түсті.
– Сайлау қорытындысын фальсификациялау кімге не үшін керек болды?
– Біздің Шу ауданында үш ауылдық округте сайлау болды. Соның екі учаскесінде 90%-дан жоғары адам келген. Ал мен отырған жерде өзім тәуелсіз-бақылаушы болып келген соң, түске дейін әлеуметтік желіде біраз мәліметті жазған соң бұлар ондай жоғары процент бере алмады. Ал сценарийлері бойынша 90% үстінде көрсеткілері келді деп ойлаймын. Себебі халықтың бәрі сайлауға сенеді, сайлауға келеді, Тоқаевтың тың бастамасы өте керемет деген ой қалыптастыру үшін фальсификацияға барды деп ойлаймын.
Парақшамызға жазылыңыз