//

Ауыл әкімдерін сайлау: Бақылаушылар көзімен

1467 рет қаралды
photo: kazakh-tv.kz
Күні кеше Қазақстанда 730 ауылдық округтің әкімдерін сайлау шарасы өтті. Бұған дейін мұндай шаралар тек бір екі ауылда эксперимент ретінде ғана өткізілген еді. Биылдан бастап, ауыл әкімдерін сайлау  жаппай жүргізілмек. Сайлаудың ресми қорытындысы шығып, ауылдар әкімдерін сайлап алғанымен, сайлау қорытындысымен келіспейтіндер көп. Әсіресе, тәуелсіз бақылаушылар көп жерде фальсификация болды деп есептейді. Біз оқырмандар назарына бақылаушылардың пікірін ұсынып отырмыз. 
Жанат Нұрғалиев, “INTEGRITY ASTANA” коммерциялық емес ұйымының төрағасы:
АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІН БАСҚА АЙМАҚТАРДАН ТАҒАЙЫНДАУ КЕРЕК
– Сіздердің назарларыңызға Қарағанды облысы Топар ауылының №430  учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасын ұсынамын. Сайлаудағы дауыс беру нәтижесі бойынша “Сары шарфтар” партиясының өкілі М. М. Сафаров жеңіске жетті. Оған  202 адамның 107-і дауыс берген. Сондай-ақ, 13 бюллетень жарамсыз болып қалған. Участокте 812 сайлаушы бар. Демек дауыс берушілердің –  24,9%-ы сайлауға барған. Сайлау туралы заң бойынша сайлауды өтті деп есептейтіндей дауыс берудің ең төменгі деңгейі бекітілмеген.
Ал сайлаушылар дауыс беруге неге келмейді?
1. Халықтың қазіргі сайлау механизміне сенімі төмен. Адамдар қазіргі билік олар үшін шешімді қабылдап қойған деп ойлайды.
2. Тұрғындардың өздері белгілі бір деңгейде пассив. Бәлкім бұған бірінші себептің де тигізген салқыны бар шығар. Адамдардың сақтығы түсінікті де.
Учаскелік сайлау комиссияларында тәуелсіз бақылаушылардың бақылауында шамасы келгенше ашық жұмыс жүргізілсе, мәселе біршама реттелер еді. Мәселен, біздің участоктегідей. Егер, сізді біреу бақылап отырса, сіз бәрін дұрыс жасауға талпынасыз. Сайлау учаскелерінің басшыларының ашық әрі тәуелсіз жұмыс істей бастағаны қуантады. Дегенмен, бұлай жасауға бәрінің мүмкіндігі бола бермейді. Сайлау комиссияларының басшыларының көбі мектептегі оқу ісінің меңгерушілері. Олар барлығын беске жасауды өз міндеттері әрі жүректерінің қалауы деп түсінеді. Әрі көбі болашақ туралы ойлана бастады. Сөйтіп жоғарыдан келген нұсқауды орындай бермейтін болады. Жастарды мақтап, бізге қазіргі биліктің іс-әрекетін көбірек бақылауды тапсырды. Дегенмен, аумақтық сайлау комиссияларының деңгейінде объективтілікті, тәуелсіздік пен ашықтықты қамтамасыз ету қиын.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысын алайық. Ауылдық округтерде сайлауға қатысып, дауыс бергендердің үлес салмағы шамамен 50-60% болды. Алайда, ШҚО аумақтық сайлау комиссиясы дауыс бергендердің үлес салмағын 90,9% деп көрсетіп отыр. Тағы бір фактор, әкім аймақтар арасында бірінші орынды иеленгісі келеді.
Екіншіден, ШҚО аумақтық сайлау комиссиясының басшысы Өскемен Экономика және қаржы  колледжінің директоры. Демек, жергілікті атқарушы билікке тәуелді. Меніңше, аумақтық сайлау комиссияларының басшыларына тәуелсіз, принципшіл әрі әділеттілікті жаны сүйетін адамдарды тағайындау керек. Бұл орынға сайлау кампаниясы кезінде басқа аймақтардан адамдар жіберу керек. Олар тәуелсіздік пен объективтілікті қамтамасыз ете алады.
Арайлым Назарова, тәуелсіз бақылаушы: 
БІЗДІҢ ХАТТАМА МЕН АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІНІҢ ХАТТАМАСЫ СӘЙКЕС ЕМЕС
– Елімізде тұңғыш рет өткен ауыл әкімдерінің сайлауының қорытындысы бастапқы хаттамадан мүлдем өзгертіліп жіберілген. Қалай?
Еңбекшіқазақ Ауданында біз отырған 5 ауылдық округтердің ресми қорытынды мәліметтері, біздің қолдағы хаттамалардан мүлдем басқа.
Мысалы: Бәйдібек ауылдық округінде небәрі 3 сайлау учаскесі болды. 3 учаскені де біз бақыладық. Нәтижесінде сайлауға 1411 адам, яғни 20,5% қатысқан болатын. Ал әкімшілік өздерінің ресми сайттарында және пресс-секретардың беріп отырған мәліметі бойынша 5171 ( 75,1%) деп көрсетілген. ҚАЛАЙША?
Біздің қолымызда 3 учаскенің де қорытынды хаттамасы бар. Яғни, ресми нәтижемен біздің нәтиже бірдей болу керек емес пе? Сонда АСК хаттамадағы сандарға қарамай, ресми ақпарат ретінде өздері ойларына не келсе соны, бергілері келген ақпаратты бере береді екен ғой.
Міне, біздің елдің сайлауы осындай. Осыған дейін, мұндай ақпаратты дәлелдей алмайтын едік. Себебі, 100% округтар бақылаушылармен қамтамасыз етілмейтін. Осы жолы әр округті 100%-дан жабу арқылы шындықты сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрдік.
5 сайлау округінде де дәл осындай жағдай. Сандар сәйкес келмейді.
Алдағы жексенбіде ауыл әкімдерін сайлаймыз. Бірақ, халықтың көңіл-күйі әрі-сәрі. Қаратөбе ауылының (Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі) тұрғындары “ауыл әкімдерін сайлауына бармаймыз, қатыспаймыз” деп өре түргелді.
Мақсат Рамазанұлы, журналист: 
АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ ЕСІМІН ДЕ БІЛМЕЙДІ, ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ АҚСАП ТҰР
Ауылдағы ағайынның айтуынша, талай әкім келіп-кеткенімен қордаланған мәселе шешілмеген. Ауылда газ, жол, интернет (өте әлсіз, онлайн сабақ оқи алмаймыз), медпункт және су жоқ. Ауыл ортасында жалғыз колонка бар екен, оның өзі істемейді. “Пайдасы жоқ әкімді не үшін сайлаймыз” деп шу көтерген жұрт қыл аяғы ауыл әкімін сайлауға сенбейді. Бір қызығы, бәрі үміткерлерді мүлде танымақ тұрмақ түр-түсін көрмеген. Әрине, сайлау – халық таңдауы. Өз таңдауыңды жасауға тамаша мүмкіндік беретін саяси науқан. Алайда ауылдың әлеуметтік жайын ұмытқандар идеологиялық жұмыстарды да күн тәртібінен шет қалдырған секілді. Осыған қарап ауыл, аудан тұрмақ облыс көлемінде идеологиялық жұмыстар ақсап тұрғанын көреміз. Әйтпесе, ауыл әкімдерін сайлау науқаны ел өмірінде елеулі оқиға екені сөзсіз.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар