////

Белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірден өтті

1614 рет қаралды

Белгілі режиссер әрі сценарист Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында бұл жалған дүниені тәрк етіпті. Ақпаратты Мәдениет министрлігі растап отыр. 

Нарымбетов Сатыбалды (Сакен) Жәлелұлы – кинодраматург, кинорежиссер, жазушы.

1946 жылдың  8 наурызында Шымкент облысының Түркістан ауданы Ащысай ауылында дүниеге келген.

Қазақ кинематографиясында өзіндік қолтаңбасы бар режиссердің атын атаған кезде көзіқарақты көрерменнің ойына бірден “Қыз жылаған” мен “Мұстафа Шоқай” фильмдері түсері анық.

ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, “Платинді Тарлан”, Француз киноакадемиясының сыйлығының иегері, Ресей, Латвия, Австрия фестивальдерінің жеңімпазы, Еуропа киноқайраткерлерінің арнайы сыйлығының иегері Сатыпалды Нарымбетовтің қазақ киносына қосқан үлесін сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын.

Оның алғашқы толық метрлі фильмі “Ауылдан келген күйеу” және “Созақтағы Гамлет” өзіндік ерекшелігімен көрерменін баурап алса, “Ләйланың мінажаты немесе Қыз жылаған” фильмі қазіргі заманның трагедиясын берудегі ерекше туындылардың бірі. Қоғамның бет бейнесін айнытпай сала білуі, қоғамнан жасырылып келген үлкен тақырыпты әлемдік масштабқа көтеру, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” повесінің желісімен түсірілген фильмдегі ең ұтымдысы басты рөлде ойнаған Аянат Ксенбай/Есмағамбетованың ойламаған жерден өнер биігіне көтерілуі.

Басты рөлде кімді ойнатсам екен деген оймен басын тауға да тасқа да ұрып жүргенде, шағын кафеде балмұздақ жеп отырған кішкентай қызға көзі түседі.

“Қыз жылаған” фильмінен көрініс. Фото: Мәдениет порталы

– Киноға түскің келмей ме? – деген оқыс ұсыныс қызды абдыратып тастағаны рас. Бірақ дәл осы ұсыныс қыздың бақ жұлдызын жағар тосын сый болғаны рас. Аянат бұдан кейін “Көшпенділер” фильмінде бас рөлді сомдады.  Аянат Ксенбай “Лейланың мінажаты” фильміндегі Ләйланың рөлі үшін алты айтулы марапатқа ие болған.

Қазақтың айтулы азаматтарының бірі Мұстафа Шоқай бейнесін жасау Сатыпалды Нарымбетов үшін оңай болған жоқ. Ол кім? Қазақ халқының аяулы перзенті, Ұлы Түркістан идеясының авторы, әлде Түркістан легионын құрушы, фашизм идеясына жұмыс істеуші ме? Бұған дейін Мұстафа Шоқай туралы айтылып, жазылып келген деректерді сараптай отырып, оның қайшылықты тұлғасын сомдау, шынайы тарихты ақтаңдақтан аршып алу ісі де біраз тер төгуді қажет еткені айқын.  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті жазушы Әкім Таразидің романының желісімен түсірілген фильм туралы режиссердің өзі “Біздің мақсатымыз осы фильмді түсіру арқылы Мұстафа Шоқайды ақтап алу емес, ол туралы шындықты айту” деген екен. Архив деректеріне сүйенсек, Мұстафа Шоқай 18 мың әскери тұтқынды құтқарған, ал Шиндлердің тізімінде ол – 3,5  адам.

“Мұстафа Шоқай” фильмінен көрініс. фото: Розатайдың блогы

Сатыпалды Нарымбетов Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК, 1969) түлегі, Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлердің жоғары курстары, Г. Данелияның шеберханасында (ВКСР,  1984) оқыған. СССР Кинематографистер одағының мүшесі (1973); Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі; ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Жорж Садуль атындағы тәуелсіз сыйлықтың иегері,  Тәуелсіз “Платинді Тарлан” сыйлығының иегері; “Құрмет” орденінің иегері және Қазақстанның еңбек сiнiрген кайраткерi (2005).

Фильмдері:

2015 Аманат (Қазақстан)
2008 Мұстафа Шоқай (Россия, Қазақстан)
2005 Дала экспресі (Қазақстан)
2002  Ләйләнің зары (Қазақстан)
1998 Омпа (Қазақстан)
1994 Жас  аккордеонистің өмірі (Қазақстан)
1990 Созақтағы Гамлет немесе Мамайя Кэро
1987 Ауылдан келген күйеу
1983 Осенние извилистые дороги (Жоғары режиссерлер курсының диплом жұмысы)
1978 Менің балалық шағымның Дон Кихоты.

Марқұмның туған-туысқандарына, әріптестеріне, дос жарандарына және бүкіл қазақ халқына “Мінбер” редакциясы атынан қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Бақұл болыңыз, аға, жатқан жеріңіз жаннат болсын. Сіз сыйлаған өміршең фильмдеріңіз тұрғанда, сіз қазақ халқының жүрегінен өшпейсіз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар