Ит мінезім ұстап отыр… Қазақ баласы қолынан түк келмейтін жатып ішер, екі қолы алдына сымай құр сенделіп жүретін адамға қаратып «шошқа тағалап жүр ме?» деп, ал еш нәрсе істемейтін, іске мойыны жар бермейтін, әзір астың иесі көк жалқау адамды «ай қарап, жұлдыз санап жүрме» деп жататын. Осының бәрі ойлап отырсам, тоқтықтың, барлықтың кесірінен айтылады екен. Саусағының ұшын да қимылдатпай ал балық, аузыма әкеліп сал балық дейтіндердің қарасының көбін-ай деймін. Әйтпегенде біздің билік органдардың сәулетті, салқын офистерінде отырған қалың нор шенеуніктердің бәрінің де бір басына жетерлік жуаптанған іс-шаруасы бар шығар. Ал солар өздерінің мойындарына алып, «ант-су ішіп» жүктеген міндеттерін адалдықпен атқарып, айлық жалақыларын адал ісімен алып, таразыдан жеген саудагерлердей томпимай шын ниетімен іс қылса мен Алматы көшесінің иті мен биті туралы осы мақаланы жазуға ықылас танытар ма едім. Қоғамда шатағым жоқ адамдай қонжиып жата бермеймін бе? Алматы қаласында ит мәселесімен айналысатын бірде бір шенеунік жоқ дегенге сенбеймін.
Әлқисадан-ақ әңгімемнің ауанын байқаған шығарсыздар. Бұрын Алматы қаласы көгалы мол, шөбін кешке шапсаң тақырлап, ертеңгісін өсіп, жатқан ит көрінбестей өсіп, көктеп тұрғанда иттің үлкен дәреті туралы сөз миға кіріп шықпайтын. Боқ көрінбесе не бейсауат сөз болмақ. Жасыл шөптің арасында жасырынып, сулы жерде езіліп, жаңбырмен ағып кете береді екен-ау. Ал биыл… Биыл жаңбыр жоқ, Алматы көшелерінің көгалын суарып, абаттандырып жатқан жан да жоқ. Жер қуарып, топырағы шығып, тозаңы бұрқырап, ит байласа тоқтағысыз қу тақырға айналды. Әлгі жасырынып жатқан иттің боғының бәрі бозарып, білеудей-білеудей болып жер бетіне шыға келеді. Алматыда не көп ит те көп, ит жетектеген ел де көп. Арыстандай алыбынан бастап, құмырсқадай құйтақандарына дейін неше алуан түрлері бар. Кейбірін үлде мен бүлдеге орап киіндіріп, қойындарына тығып, көтеріп жүреді. Бұл да халықтың әлеуметтік жағдайының, халықтың әл-қуат деңгейінің бір көрсеткіші секілді. Ит өмір, ит тірлік деп аузымыздан ақ ит кіріп,көк ит шыққанда сондаймыз. Зәудеғалам, ит мініп, ирек қамшылып жүрген болса ит баға ма? Тоқ қой. Аш болса қос-қосымен ит асырамақ түгіл тісіне сыздық қылуға қызыл іздеп жан ұшырып жоғалар еді.
Бір ит тұрмақ бір неше ит жетектегендерге таң қалуға болмайды. Екі бірдей, Басенджи текті-ау деймін үрмейтін дәу иті бар біздің де көршіміз бар. Ит иттігін істемей тұра ма? Таңертең-кеш кіреберістен шығады да өздерінде ұят жоқ, тал-терекке бірінен соң бірі бұтын керіп тұрып айызын қандыра сариды, үйдің бұрышын айнала сап шоңқиып қиын тастап жатады (Ана сурет солардыкі). Бір айтасың, екі айтасың. «Итін жамандасаң, иесіне тиеді».
Шыжыған ыстықта жасанды Сайран көлінде ит пен бірге салқындап жүрген жандарды көргенде кімін кінәларыңды білмейсің. Кешкі салқынмен әп-әдемі жасалған аллеяларда иттерін сайрандатқандар мен балаларын ойнатқандар араласып қойша тоғысып жүр. Ана бір көгалдарға бала да аунап жатқаны, жарысып келіп, арсалаңдап ит те аунап жатқаны. Осыны бәрі көріп жүр. Етіміз жаманға да, жақсыға да әбден үйреніп кеткен. Бәріне немқұрайды, нем кетті деп қараймыз. Қазақтың бұ тірілігіне осы былықты реттеп, жөнге салып отыратын әкім қаралар да әбден үйреніп алған. Олар да жым-жылас.
Ал бұралқы ит дегеніңіз жол бермейді. Өзіңмен қатарласа келіп бағдаршамның жасыл жарығын күтіп тұратынын қайтерсің? Адамнан да ақылды. Анау-мынау тамағыңды жемейді. Қоқыс жәшіктерінің маңайында нан жастанып жатады. Жөн ғой. Қарны тоқ елдің иті, қой дейтін қожасы жоқ елдің иті сөйтпегенде қайтеді. Тиісуге болмайтын жеті қазынаның бірі ғой. Бірақ, осыны бей берекет етпей, бетімен жібермей реттеу, тәртіпке көндіру керек қой. Оны кім істейді? Иттің боғымен алысып, көршісімен қызыл кеңірдек болып, итше ырылдасып жүрген біз бе, әлде офисте отырған әкім қаралар ма? Қайір жылы бір мейірімді шендінің «қала ішінде ит серуендететін орын жетіспейді, қала сыртына ит өлген жер деп бармайды» дегенін естіп жағамды ұстағанмын. Сонда ішімнен «итті қайтесің, алдымен адамыңның жағдайын жасап алшы» дегенмін. Биліктің аты билік, үкімет емес пе?! «Қала шетінде оңаша өңірлер, алаңқайлар жеткілікті. Сол жерлерге апарып иттерін серуендетсін, олай болмаған күнде қала ішінің аулаларында ит баққандарын доғарсын» деген бір ауыз шешім шығару сонша қиын ба?
Қарамер!
Парақшамызға жазылыңыз