Алматы қаласынан 9 шақырым жерде орналасқан, өркениеттен ада қалған шағын ауыл тұрғындарының мұңына құлақ асар кім бар?
Талғар ауданы Көктал ауылы тұрғындары тыңдайтын үкіметтен үміт күтіп отыр. Біз осылай Талғар ауданы Көктал ауылы тұрғындарының проблемаларын “Мінбер”акпараттық сайтында көтерген едік.
Иен даламен 3 шақырым жаяу жүретін ауыл тұрғындары, жолдың азабын тартып келе жатқанын айтып мұңдарын шаққан еді. Сонымен қатар автобус аялдамасы да өте кашықта орналасқан, қатты ыстықта, қыста аязда жаяу жүрудің машақатын тартқан тұрғындар үні,”тыңдайтын үкіметке” жетті ме?
Инфрақұрылымы сын көтермейтін Көктал ауылының мәселесі “Халық” партиясының да назарына ілініпті.
“Шенеуніктердің есін жиғызып, әкімдердің бетін халыққа қаратамыз!” деп Қызыл автобус жобасын жасап, сайлау алды науқанында жер-жерді аралап жүрген “Халық партиясы”өкілдері де көп ұзамай Көктал ауылына ат басын тіреді.
ҚХП атынан сайланған мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахмет ауыл тұрғындарының арызын тыңдап өтіп:
– Бұл жердегі негізгі мәселе жергілікті атқарушы органдардың әлсіздігі. Біз енді өз тарапымыздан салалық министрлікке депутаттық сауалымызды жолдаймыз. Президентіміз де айтып жатыр, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асу керек деп. Айтылып жатыр, шамасы жеткенше жұмыс та істеліп жатыр. Бірақ біз күткендей белсенділік байқалып жатқан жоқ. Сондықтан, біз партияның атынан депутаттық сауалдар жолдаймыз, – деді өз пікірінде.
Ал кеше Талғар ауданына арнайы іс сапармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова да келген еді. Талғар аудандық”Нұр Отан” партиясы филиалында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуінде Мақпал Тәжмағамбетова Көктал ауылы тұрғындарының проблемаларын да қарастырып өтті. Ауыл тұрғындарының арызын тыңдаған әкімдік өкілдері:
– Талғар ауданының елді мекендеріне қатынайтын ( Алматы қаласы-Қайнар а/о Көктал ауылы бағыты бойынша) жаңа автобус маршруттарын ашуды сұрап хат жолданды. «Алматы – Жетіген – Байсерке – Қапшағай су қоймасы» бағыты облыстық маңызы бар жол болғандықтан, жолдың бойына аялдама орнату туралы Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 29.06.2021ж. №86-02-86/2869 хаты жолданғанын жеткізді.
Ал Мақпал Тәжмағамбетова, жұмыстардың уақытылы атқарылуы жіті назарында болатындығын айтып өтті.
Әлия Әбілсейітқызы
Парақшамызға жазылыңыз