//

Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау өтіп жатыр

2240 рет қаралды

Бүгін, яғни шілденің 25-інде Қазақстанның  730 сайлау округінде 1847  сайлау учаскелерінде ауыл әкімдерін сайлау басталды. Сайлауға үміткер ретінде 2297 адам тіркелген. Олардың басым көпшілігі өзін өзі ұсынғандар, атап айтқанда 1419-ы өзін өзі ұсынғандар болса, 878-і ресми партиялар атынан тіркелген.

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСПАҚ 

Осыдан бір жылдай уақыт бұрын, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы айтқан еді. Бұл сайлау саяси модернизацияның жаңа кезеңі болады деген еді сол кезде президент.

Сөйтіп “Сайлау туралы” заңға өзгерту енгізіліп, оған биылғы мамырда қол қойылды.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) төрағасының орынбасары Константин Петровтің айтуынша бұл сайлаудың ерекшелігі сол, сайлау өзге сайлаулар секілді бір күнде өтпейді. Әкімдердің өкілетті мерзімі аяқталуына байланысты, әр мерзімде өтетін болады. Бүгін 730  ауыл әкімі сайланса, қалған 45-ін жыл соңына дейін сайлау аяқталуы тиіс.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау қазір әкімдердің өкілетті мерзімінің аяқталуына орай 2022 – 2025 жылдар өтетін болады. 2022  жылы 352, 2023 жылы – 499,  2024 жылы– 585 және  2025 жылы – 72 ауыл әкімі сайланбақ. Ауыл әкімдерін сайлау мақсатында ел қазынасынан 17,6 миллиард теңге бөлінген. Оның 4,8 миллиард теңгесі биыл жұмсалмақ.

“БӘРІНЕ ҚАРСЫМЫН” ГРАФАСЫ ҚОСЫЛДЫ

Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі сайлау бюллетеньдеріне “Бәріне қарсымын” графасының қосылуы. Бұл графа ауыл әкімдерінің сайлауында ғана емес, бұдан былайғы сайлау бюллетеньдерінің барлығына қосылмақ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы ұсынысын биылғы жылдың басында айтқан еді. “Барлығына қарсы дауыс беру” түсінігі қазақстандықтар үшін нормаға айналуы тиіс” деген еді ол бір сөзінде. “Бәріне қарсымын” графасы сайлау бюллетеньдерінен 2011 жылғы ҚР президентін мерзімінен бұрын сайлау өтіп жатқан кезде алынып қалған. ОСК бұл шешімін ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының ұсынысымен қабылдағандарын айтқан. Естеріңізде болса, Парламент сайлауы кезінде “Мінбер” сайты бұл графаның сайлау бюллетеньдерінен алынып тасталғанының адам құқығына қайшы екендігін айтқан болатын.

КІМ САЙЛАНА АЛАДЫ?

Орталық сайлау комиссиясы 25 жасқа толған ҚР Мемлекеттік қызмет саласына қатысты заң талаптарына толығымен жауап беретін Қазақстан азаматтарының үміткер бола алатынын мәлімдеген. Үміткердің соттылығы немесе әлі де аяқталмаған соттылығы болмауы керек, сондай-ақ, бұған дейін жемқорлыққа қатысты сотты болмаған болуы тиіс.

Сондай-ақ, қазіргі заң талаптарына сай үміткерлер қатарынан тек саяси партия өкілдерін ғана емес, сонымен бірге, өзін өзі ұсынушылар да үміткер бола алады. Биылғы үміткерлердің басым көпшілігі, яғни 62%-і осы санаттан. Саяси партияларға да қойылатын талаптар бар, олар бір сайлау учаскесіне бір үміткерден артық үміткерді тіркей алмайды. Үміткер тіркелмес бұрын барлық сайлаушының бір процент дауысын жинауы тиіс. Ауыл әкімдері төрт жыл мерзіммен сайланады әрі бұл лауазымға екі реттен артық сайлана алмайды. Сайлау қорытындысы үш күннің ішінде шығуы тиіс, сайланған әкімдерді тіркеу бір аптада аяқталады. Сол күннен бастап олардың өкілеттік мерзімі басталады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар