Жұмыспен қамту орталықтары көп балалы аналарға қандай мүмкіндіктер береді? “Мінбер” ақпарат агенттігі көп балалы аналардың проблемасын шешуге арналған тағы бір мемлекеттік бағдарлама “Еңбек” бағдарламасының нәтижелі жұмыспен қвамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытын сарапшылармен бірге талқылаған еді.
Тікелей эфирге Түркістан қаласы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Ақмарал Жулаева, Түркістан қаласының “Ақжүніс” аналар ұйымының жетекшісі Несібелі Хайруллаева,
Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі Нұржан Сыздыков, Машабаева Жанар, “Talbesyk” көп балалы аналар одағы” ҚБ мүшесі және “Шаңырақ” көп балалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова қатысты.
2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың өзі үш бағыттан тұрады. Бұл туралы баяндаған Ақмарал Жулаева ханым оны былай түсіндіреді:
– Бірінші бағыты, техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамыту, үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға көмектесу және еңбек ресурстарының құрылуын қамтамасыз ету. Бірінші бағыт бойынша кімдер қатыса алады? Егерде сізде дипломыңыз болып, мамандығыңыз бойынша жұмыс таба алмай жатсаңыз, қосымша тағы да үш айлық курстан өтуге мүмкіндігіңіз бар. Осы курстан өткен адамдар мемлекеттен өз кәсібін жүргізу үшін грант ала алады. Биыл ол гранттың көлемі – 200 АЕК көлемінде болды. Былайша айтқанда – 583 400 теңге. Ал екінші бағыт бойынша шағын несиелеу және мемлекеттік бағдарлама “Бастау” бизнес бар. Шағын несие алты пайыздық өсімақымен беріледі, егер ол адам көп балалы ана болса, төрт пайыздық несие беріледі. 2020 жылғы Қаулы бойынша мемлекеттік грант алуға көп балалы, аз қамтылған, атаулы көмек алатын отбасылардың мүшелері қатыса алады. Үшінші, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында “Жастар практикасы” бағдарламасы қабылданған. Бұл бағдарлама бойынша, 29 жасқа дейінгі жастар дипломдарының уақыты үш жылдан өтпеген болса, өз мамандығы бойынша жұмыс тауып алуға мүмкіндігі бар. Алты айға дейін бұл жастардың еңбекақысын жұмыспен қамту орталықтары төлейді. Оның көлемі 25 АЕК көлемінде, яғни 72925 теңге, – толығырақ видеоға құлақ түріңіз.
Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.
Парақшамызға жазылыңыз