– Аға сіздің маскаңыз қайда?
– Мен вакцина алғанмын. Масканы не үшін тағам?
– Вакцина алған адамға вирус жұқпайды деп кім айтты? Мын жерде адам қаптап жүр ғой. Қорықпайсыз ба?
– «Қырық жыл қырғын келсе де, ажалы жеткен өледі». Жұқса жұғар еді ғой осы уақытқа дейін. Қайта адамның көп келгені жақсы. Сауда қызып тұр. Бала-шағамды асырауым керек.
Бұл «Алтын Орда» базарындағы көкөніс сатып тұрған адамның сөзі. Сөзіне қарасақ елде болып жатқан жағдай ағамызды қызықтырмайтын секілді. Бар тілегі базарда адам көп болса екен дейді. Базарда шынымен адам көп. Өзі секілді қалың көпшіліктің ішінде маскасыз жайбарақат жүр. Қай бұрышынан кірсеңіз де көлік кептелісі секілді адамдар кептелісіне тап боласыз. Осы орайда базардағы басқа саудагерлердің де ойын білу үшін сұқбаттасып көруді жөн санадық. (Ескерту: Саудагерлер жұмыстан шығып қалмау үшін аты жөндері мен жүздерін көрсетуден бас тартты. Сондықтан кәсібіне қарай атадық.)
Азық – түлік сататын келіншек:
– Қазір қатаң карантин режимі емес қой. Біз карантин күшейтілген кезде де саудамызды жасағанбыз. Ол кезде де осындай көп адам жүрді. Карантин екен деп адамдар аш жатпайды ғой. Бізде жұмыс істемесек ақшаны аспаннан алмаймыз. Адам көп жүретін жерлерде вирус та көп таралады деп айтып жүр ғой. Бірақ өз басым базарға барып вирус жұқтырып келіпті дегенді естімедім.
Ерлер костюмін сататын азамат:
– Вакцинаның екеуінде алдым. Вакцина алмасаңдар жұмысқа келмеңдер деген ескерту жасаған соң алмасқа амал болған жоқ. Барлық саудагерлер 100% вакцина алды. Бізден қауіптенудің қажеті жоқ. Қазір ата-аналар балаларын мектепке дайындап жатқандықтан сауда жақсы жүріп жатыр. Бір күнде сегіз костюм саттым. Табыс жақсы. Ал вирусқа келер болсақ біздің қолдан келер қайран не? Базарда сауда жасау арқылы күнелтіп отырмын. Ойбай базарда адам көп, вирус жұғады деп үйімде қамалып отырсам бала-шағамды кім асырайды? Базарда адамның көп болғандығы бәрі өз қажеттері үшін келеді. Біреуі киім алуға, біреуі азық-түлік, тағы біреуі кәсібіне керек заттарын алады. Оны тыя алмайсыз.
Құрылыс заттарын сататын азамат:
– Базар аптаның жеті күні де демалыссыз жұмыс істейді. Демалғымыз келсе бір күнге жұмысқа шықпасақ та болады. Ол жағын өзіміз шешеміз. Әзірге вакцина алған жоқпын. Қатты қыстап жатса алармын. Оған дейін алатын ойым жоқ. Вакцинадан да адам өліп жатыр екен ғой. Оған да сенудің қажеті шамалы…
Қазақтарды білесіз, жылдың төрт мезгілінде де құрылыс заттарын алады. Жылдың төрт мезгілінде де сауда жүріп тұр. Шыны керек, кімді айта аласыз карантиндік шараны қатаң сақтады деп, кімді көрсете аласыз? Кім құлақ асып үйінен шықпай немесе адам көп жүрген жерге бармай жүр? Базарда адам құжынап жүрсе не болыпты? Сол құжынаған ортаға сіз де келдіңіз. Не үшін келдіңіз? Әрине жұмыспен. Мұндағы адамдар да сол жұмыспен жүргендер. Ешкім ерігіп жүрген жоқ. Бәрі «Құдай сақтасын» деп қойып жүріп жатыр. Сақтағанын сақтап, сақтамағынын алып жатыр. Балық басынан шіриді. «Үйде отыр, үйде отыр» дей бергенше үйде отыратын жағдай жасап берсін алдымен.
«Алтын Орда» базарындағы саудагерлердің жауабы осындай. Байқасақ бәрі бала-шағаның қамы үшін жүр. Әрине, түсінуге тырысамыз. Бірақ өзгеге зиянымыздың тимеуін де ойлауымыз керек.
Айтпақшы, осы Алтын Орда базарының демалыссыз істеп тұруына байланысты мәселеге Алматы облысының бас санитар дәрігері: «Altyn Orda Qaz Trade LTD» Ashyq жобасының көшбасшысы болғандықтан демалыс күндері жұмыс істей алады,- деген мәлімдеме жасаған болатын. Иә Ashyq жобасы базардағы үлкен сауда орындары мен асханалардың есігінде ілулі тұр. Есікте ілінген бір жапырақ қағазды көзге ілместен ішке кіріп, керегін алып жатқан адамның қарасы көп. Бірақ, оны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Алтын орданы аралап жүргенде жасы егде тартқан кісінің сауда жасап жүргенін көріп қалдық. Қойған сұрағыма ашулана жауап берген апамыздың жауабы таңғалдырды.
– Апа сіздің жасыңыз нешеде?
– 64-те. Не болды?
– Осы базарда жұмыс істейсіз бе?
– Иә. Күнде осы базарды аралап шәй мен самса, жүгері сатамын.
– Сіздің жасыңызда мынадай адам көп жүрген жерге келуге болмайды ғой. Маска да тақпапсыз. Ауырып қалсаңыз не істейміз?
– Ауырмаймын.
– Базар демалыссыз жұмыс істейді екен. Сіз де күнде осылай келіп самса сатасыз ба?
– Еее, істемегенде ше? Кімнің базары екенін білесің бе?
– Білем…
– Білсең мұндай сұрақтар қоймас едің. Жүгері алмасаң мен жүрейін…
Парақшамызға жазылыңыз
Расымен де демалыссыз жұмыс істейді. Бұл дқрыс емес қой
Апамыздың жауабы қатырыпты